11:24 Қазақ әдебиеті әлемінен |
ДЕРЕКТІ ӘДЕБИЕТ – танымдық-бағалау мәнерінде жазылған, мазмұны шынайы өмірде болған жеке тұлға, құбылыс, оқиғаны қамтитын очерк, басқа да жанрларда жазылған шығармалар. Қазақ әдебиетінде деректі әдебиет үлгісінде жазылған шығармалар көп. Олар: З.Ақышевтің «Жаяу Мұса», С.Бақбергеновтың «Ақ боз атты ару», С.Бегалиннің «Шоқан асулары», Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз», С.Мұқановтың «Балуан Шолақ», Т.Кәкішевтің «Сәкен Сейфуллин», Ш.Мұртазаның «Қызыл жебе», С.Жүнісовтің «Ақан сері», М.Сәрсекеевтің «Қаныш Сәтбаев», т.б. Бұлардың ішінде Т.Кәкішевтің «Сәкен Сейфуллин» мен М.Сәрсекеевтің «Қаныш Сәтбаев» кітаптары Мәскеуден «Тамаша адамдар өмірі» сериясымен орыс тілінде жарық көрді. Деректі әдебиет жанрында жазылған шығармаларда мұрағат құжаттары, естеліктер, хаттар пайдаланылып, әлеуметтік орта мен кейіпкердің табиғи болмысы, өмір материалы мен көркемдік шындық шебер ұштасқан. Мысалы, С.Мұқанов «Балуан Шолақ» атты деректі повесінде халқымыздың ақын, әнші, батыр ұлы хақында ел аузындағы аңыз-әңгіме, шежірелік жазбаларды пайдалана отырып, басты тұлғаның бұрын-соңғы беймәлім қырларын ашқан. Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» атты сұхбат-интервьюге құрылған романында өмір материалы мен көркемдік шындық сипаттары нақтылы деректермен беріледі. Деректі әдебиет «...жалықтырмайтын жанр» (М.Горький), әрі уақыт шындығын, тарих пен тұлға тағылымын, ұрпақтар сабақтастығын нақтылы оқиға, мұрағат құжаттарымен көркем суреттейтін сөз өнерінің іргелі салаларының бірі.
ДЕТЕКТИВТІК ӘДЕБИЕТ (ағылш. didaktikos – әйгілеу, әшкерелеу) – шытырман оқиғалы қылмысты істерді ашуға құрылған шығарма. Детективтік әдебиет сюжеті жұмбақ қылмыс салдарын логикалық пайымдаулар арқылы ашып көрсетуге арналады. Басты кейіпкер ретінде із кесуші заң қызметкерлері немесе тыңшы, барлаушылар мен қылмыскер алынып, алуан түрлі оқиғалар арқылы екі жақтың ашық та астыртын қақтығыстарынан соң қылмыс әшкереленеді. Детективтік әдебиеттің тууы американ жазушысы Э.По («Алтын қоңыз», «Мария Роженің сыры», «Ұрланған хат»), ағылшын жазушысы у.Коллинз («Ақ киімді әйел», «Киелі тас») есімдерімен байланысты. Әлемге әйгілі Шерлок Холмс бейнесін жасаған А.К.Дойл шығармашылығы детективтік әдебиетті жаңа белеске көтерді. Бұл үлгідегі әдебиеттің айтулы шеберлері – А.Кристи, Ж.Сименоно, т.б. Қазақ әдебиетінде Қ.Исабаев («Ажал құрсауында», «Коменданттың жазбалары»), К.Тоқаев («Түнде атылған оқ») – осы жанрда қалам тартқан.
ДИДАКТИКАЛЫҚ ӘДЕБИЕТ (грек. didaktikos – үйретуші, оқытушы) – ғылыми философиялық, моральдық, діни идеяларды, уағыз, ғибрат ойларды білдіретін шығармалар дидактикалық әдебиетте көркем бейнелеуден гөрі байламға пікір мен тұжырымға, ой мен идеяны әсерлі жеткізуге ерекше мән беріледі. Дидактикалық әдебиеттің тарихы бай, үлгілері көп. Фольклор материалдарын аңыз-әңгімелер негізінде жазған дидактикалық әдебиет өте мол. Әсіресе дидактикалық көркем сөзде мақал-мәтелдердің, ақыл-нақыл сөздердің, ертегілер мен эпостардың әсері күшті, үнді әдебиетінің «Махабхаратта», «Панчатантра» туындыларында (3-4 ғ.ғ.) буддизм идеялары насихатталған. Грек мысалшысы Эзоп өз шығармаларында түгелдей дидактикалық жанрды пайдаланған. Дидактикалық әдебиет көне шығыс әдебиетінде ерекше орын алады. Мұны Омар Һаям, Сағди, Жәми, Руми, Низами, Фирдоуси мұраларынан көруге болады. Түркі тілдес халықтардың ортақ мәдениет ескерткіштері – Орхон-енисей (5-8 ғ.ғ.), көне қыпшақ (10-12 ғ.ғ.) жазба ескерткіштерінде, Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат-ат-түрк» сөздігінде (10-17 ғ.ғ.), «Оғызнама» мен «Мұхаббатнамада» (14 ғ.) дидактикалық әдебиет үлгілері баршылық. Ал жүсіп Баласағұнидың «Құдатғу білік» дастаны (1069), Ахмет Йүгінекидің «ақиқат сыйы» (12 ғ.), Ахмет Иассаудің «Диуани хикметі» (12 ғ.), Сайф Сараидың «Гүлстан» дастаны (14 ғ.) дидактикалық мазмұндағы әдебиет түріне жатады. Қазақ ауыз әдебиетінің кез келген жанры дидактикалық сарында айтылады (мысалы, батырлар жыры, ғашықтық жырлар, мақал-мәтелдер, шешендік сөздер, қанатты сөздер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, ақындар айтысы, т.б.) Ақын-жыраулар поэзиясында Бұқар, Үмбетей, ақтамберді, Дулаттың жыр-толғаулары, арнау өлеңдері дидактикалық мазмұнға құрылған. 19-ғасырдағы Махамбет Өтемісұлы, Ыдырай Алтынсарин, Майлықожа, 20-ғасырдың басындағы Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы жырларында дидактикалық сарын басым. Абайдың «Қара сөздері» дидактикалық жанрда жазылған. Дидактикалық әдебиет түрлері қазақ поэзиясында тәрбиелік мақсатты қолданылып келеді. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |