16:19
Қазақ әдебиеті әлемінен

ДАНА (парс. – білгір) білімі мен тәжірибесі мол, рухани әлемі бай, ой-сезімі сергек тұлға. Қазақ ұғымында «ақылды, парасатты, рақымды кісі» деген мағына береді. Даналардың өнегелі өмірі, ғибратты сөздері мен тағылымды іс-әрекеттері – жекелеген топтың, не әлеуметтік жіктің еншілері, мирасы емес, барша адамзаттың рухани игілігі. Өмірдің өткінші қызығына еліктемей, адамзаттың қарапайым әрі мәңгілік мұраттарын аңсар тұтқан қазақ даналары деп Қорқыт ата, Қожа ахмет Иассауи, Әбу Насыр әл-Фараби, Асан қайғы, Абай, т.б. айтуға болады. Олар – рухани кемелдік сатысына көтеріліп, жан сарайы мен тән тұлғасын тазартқан сайын болмыстың сырын ұғып, пәни мен бақидың мәнін түсіндіру арқылы адамзат ұрпағын шапағатқа бөлеуді мақсат тұтып ғұмыр кешкен.

 

ДАСТАН (парс. – айту, баяндау, жырлау) – әдеби-эпикалық жанр. Шығыс халықтары әдебиетінде әсіресе парсы және түркі әдебиеттерінде кең тараған. Дастан белгілі бір сюжетке құрылады. Құрылымында кейде өлең мен қара сөз араласып келе береді. Мазмұны бірыңғай бола бермейді, қазақ халқының өміріндегі әртүрлі мәселелерді көтеріп, қоғамдық санаға игі ықпал етіп, тақырыбына, композициялық құрылысына қарай сюжетті поэма түрінде немесе сюжетсіз толғау түрінде келеді. Бұрын кім шығарғаны белгілі болғанымен, кейіннен фольклорлық сипат алып, көптеген дастандардың авторы ұмытылған. Қазақ дастандары тақырыбы жағынан шартты түрде 5-ке бөлінеді. 1. Ислам қағидаларын, діни наным-сенімдерді насихаттайтын дастандар: «Салсал», «Зарқұм», т.б. 2. Шығыс аңыз-әңгімелері негізінде туған дастандар: «Мың бір түн», «Шаһнама», «Тотының тоқсан тарауы», т.б. Бұлар қазақ әдебиетіне бұрыннан таныс, әбден сіңісіп, халықтың шығармасындай болып, дастан жанрының дамуына елеулі әсер етті. 3. Шығыс классиктері негізінде пайда болған дастандар: Фирдоуси, Физули, Науаи, Низамилер жазған «Ләйлі-Мәжнүн», «Таһир-Зуһра», т.б. поэмалары қазақ арасында дастан болып тарады. Осы дәстүрдің негізінде А.Құнанбайұлы «Ескендір», «Масғұт», «Әзім әңгімелері» поэмаларын жазды. 4. Романтикалық сарындағы ғашықтық дастандар: «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», т.б. Кеңестік дәуірде И.Байзақов («Құралай сұлу», «Ақбөпе»), Н.Байғанин («Нарқыз»), Қ.Баймағамбетов («Мәрия-Мағауия») дастандарын жазған. 5. Ерлік пен ел жайындағы батырлық дастандар: «Қобыланды батыр», «алпамыс батыр», Ер Тарғын», «Қамбар батыр», «Рүстем-Дастан», т.б. Ортақ сюжет негізінде әр халықтың ақын-шайырлар дастан жазып, кезінде өнер сайысына түсетін дәстүр де болған. Дастан өлең өрнегі жағынан он бір буынды болып келеді. Кейбір дастандарды жеңіл жырға тән ырғақпен (музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен) жатқа айтушыларды бұрын ел арасында «дастаншылар» деп атаған. Қ.Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз», Ә.Тәжібаевтың «Толағай», Ж.Сыздықовтың «Алтын қалам» дастандары бар.

 

ДӘЙЕК СӨЗ, цитата (лат. cito – келтіремін, шақырамын) – қандай да бір түпнұсқадан сөзбе-сөз алынған үзінді. Дәйек сөз автордың ойын неғұрлым дәл бейнелейтін беделді пікірлермен тиянақтау үшін, біреудің пікіріне сын айту үшін, құнды дерек ретінде пайдалану үшін қолданылады. Дәйек сөз, негізінен, баспасөз материалдарында, ғылыми еңбектерде, кітаптар мен әртүрлі қолжазбаларда, баяндамалар мен сөйлеген сөздерде келтіріледі. Дәйек сөздер ғылыми еңбектерде пайдаланылғанда, сол еңбекте айтылатын оймен логикалық тұрғыдан қабысып, жарасым табуы тиіс. Айтылмақ ойды одан әрі дамытып, жаңа деректермен толықтырып тұру керек. Сонда ғана ол өз міндетін атқарады. Әдетте зерттеу еңбектерде, көбінесе, әдебиет, мәдениет, өнер, ғылым қайраткерлері пікірлерінен дәйек сөздер алынып отырады. Мұның өзі егер үлкен талғаммен, орынды алынса, еңбектің сапасын арттыруға себін тигізеді. Дәйек сөздер, көбінесе, ықшам түрде алынады. Сөйлем ұзақ болған жағдайда керекті жерін алып, қысқартылған сөздер орнына көп нүкте қою шарты бар. Дәйек сөздер мәтін ішінде пайдаланылғанда тырнақшаға алынып беріледі де, міндетті түрде цитата авторының аты-жөні, еңбегінің тақырыбы нақтылы көрсетіледі. Эпиграф та дәйек сөздердің бір түріне жатады.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 191 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: