21:47 Қазақ әдебиеті әлемінен |
ГРАДАЦИЯ (грек. gradatio – бірден-бірге сатылап күшейте түсу, еселей түсу, біртіндеп көтеру), дамыту – алдыңғы сөзден соңғы сөзді, алдыңғы ойдан соңғы ойды асыра, асқақтата түсу, алдыңғы құбылыстан соңғы құбылыстың қуат-тегеурінінің асып түсіп отыруы. Бұл көркемдік қайталаулар мен мағыналық өрістің кеңеюіне құрылады. Ахмет Байтұрсынұлы бұл стилистикалық тәсілді «дамыту» деп атаған. Және осыған 1) «Бар. Жүгір. Ұш», 2) «Мен саған он рет, жүз рет, мың рет айттым», 3) «Халықты қаңсылату – обал, халықты зар жылату – иттік» деген мысалдар келтірген. Градация поэзияда да, прозада да қолданылады. Мысалы, «Қобыланды батырдағы» Тайбурылдың шабысы. Градацияның поэзиялық үлгісіне мысал ретінде Мағжанның мына өлең жолдары мысал бола алады: «Бүгінгі күн тән құшпадым, жан құшпадым, жанды құштым, таңда құштым, көкке ұштым», - мұндпғы ойды үсті-үстіне күшейтіп, еселеп айту тәсілі ақынның ыстық махаббатын, кемерінен асып, шалқыған шаттық сезімін толық, әсерлі жеткізгенін көреміз. Қолдану сипатына қарай градацияны екіге бөледі. Бірі – түйдектету: «Қиқу салып құзға ұшқан, Құздан суық мұзға ұшқан» (Т.Жароков); екіншісі – баяулату: «Әм жалықтым, әм жалықтым» (Абай). Кейде екеуі қосарланып қолданылады: «Безілдет, Сарнат, Зарлат! Үздіктірші! Керк жоқ! Лақтыр әрі! Қысқарт, Қысқарт!» (І.Жансүгіров).
ҒАҚЫЛИЯ (араб. – ақылмен ұғыну) – дүние сыры терең таразыланған ой-пікірлер. Прозаның алғашқы қысқа да нұсқа үлгілерінің бірі. Ғақылия термині қазақ әдебиеті тарихында исламдық танымға айлаысты Абайдың 38-қара сөзінде, Ы.Алтынсариннің «Шариат-ул-ислам» деп аталатын кітабында (Мұсылмандық тұтқасы, А, 1991, 18-б.), Мәди Меркішұлының «Туһфа уа жұмхурият» рисаласында (Ташкент, 1917, 24 б.) алғаш рет қолданыс тапқан. Ғақылияға жүйріктер хакім, нақылияға жүйріктер ғалым аталады. Хакім ғалымнан биік тұрады, өйткені хакім ғылымның бір саласымен ғана айналыспай, ортақ заңдылықтарды танып ашуға ұмтылған бесаспап ойшылдығы себепті де бұл дәрежеге жете алады. Абай 38-қара сөзінде адамдарды төрт топқа бөліп қарайды. Осы себепті болса керек, М.Әуезов Абайдағы мораль философиясын сөз еткенде «38-қара сөзді» бөле-жара «ғақылият тасдихат» деп атауына терең ойлы таным жатады.
«ҒАЯР ҚАТЫН» – дастан, 7-8 буынды жыр үлгісі түрінде, кейде 11 буынды болып келетін қара өлең үлгісінде құрылған. Жырды халық ақыны С.Керімбеков Қозыбағар деген ақыннан 1935 ж. жазып алған. «Ғаяр қатын» дастанының сюжеті – Шығыс және Батыс әдебиеттеріне ерте дәуірде кеңінен таралған көне үнді фольклорынан бастау алады. Дастанның қазақ халқының арасына тараған үлгісінің негізгі тақырыбына – теріс жолмен баюды көздеген аяр әйелдің күйеуімен бірігіп істеген түрлі істері, елді арбап, алдауы негіз болады. Дастанның қазақ әдебиетінде қалыптасқан үлгісінің сюжеті – көне үнді фольклорындағы және әлем әдебиетіне тараған нұсқасынан көп алшақ кетпеген. Дегенмен шығыс халықтары әдебиетінде «ғаяр қатын» дастанының қарасөз түрінде келіп, новеллалық, хикаяттық формада кездесетін үлгісі де бар. «Ғаяр қатын» көптомдық «Қазақ халық әдебиеті» жинағының 13-томында (1990) жарияланған. Толық қолжазба нұсқасы Орталық ғылыми кітапхана қорында сақтаулы. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |