19:23
Қазақ әдебиеті әлемінен

БҮРКЕНШІК АТ, лақап ат, песвдоним (грек. pseudos – жалған, опута – есім) автордың өзінің шын есімін ауыстырып қолданатын ойдан шығарылған есімі. Бүркеншік атқа қоғам қайраткері, жазушылар, суретшілер мен артистер түрлі себептердің салдарынан иек артқан: цензураның ізіне түсуінен жасырыну үшін, авторлық және шығарма бағасын айқындау үшін қолданған (әдеби маска). Сондай-ақ, алғашында өзінің суреткерлік қарымына сенімі нық болмаған жағдайда, аттас адамдар кездескенде де бүркеншік ат қолдануы мүмкін. Бүркеншік ат жамылу – әдебиетте кеңінен таралған дәстүр. Бүркеншік аттың жасалау жолдары сан қилы: аллоним, анаграмма, ананим, астроном, криптоним. Ш.Құдайбердіұлы кейбір шығармаларының астына «Ұмытылған» деп қол қойған. Ә.Бөкейханов өзінің бірқатар зерттеу мақалаларына «Қыр баласы», «Арысұлы», «Қалмақбай», т.б. деп қол қойса, М.Әуезов «Қоңыр», «Арғын», «Жаяу-сал», «Айғақ» деп қол қойған. Ұлы Абайдың алғаш өлеңдерін Көкбай ақын атынан жариялауы бүркеншік ат пайдаланудың бір түрі. Бүркеншік аттың елуден астам түрі бар. Мәселен, автордың туған жерін меңзеуі (мысалы, Ә.Тарази), арғы тегін білдіру (мысалы, мұстафа Өзтүрік), т.б. қолданылуы мүмкін. Бүркеншік ат әлем халықтарына кеңінен тараған. Мысалы, Дж.Свифтің 70-тен, В.Скоттың 160-тан астам бүркеншік аттары болған. Кез келген автор бүркеншік атпен шығарма жазуға хақылы. Бүркеншік ат авторлық құқық бойынша қорғалады және автордың келісімінсіз оның бүркеншік атын жария етуге ешкімнің хақысы жоқ.

 

«БІРЖАН-САРА АЙТЫСЫ» – айтыс өнерінің озық үлгілерінің бірі. 1871 ж. қазіргі Алматы облысының Қапал-Ақсу өңіріне Біржан Қожағұлұлы мен Сара Тастанбеқызы арасында өтеді. Бұл айтысты ең алғаш 1898 ж. Қазанда «Қисса Біржан сал менен Сара қыздың айтысы» деген атпен Жүсіпбек қожа Шайхысыламұлы жариялаған. Кейін Зайсаннан 2-нұсқасы табылып, «Біржан сал мен ақын Сараның айтысқаны» деген атпен Қазанда жеке кітап болып басылған. Айтыстың алғашқы нұсқасы – 969 жол, 2-нұсқасы – 1080 жол. Әріп Тәңірбергенұлы жазған тағы бір нұсқасы 1907 ж. жарық көрген. 1918 жылға дейін бұл үлгілер сегіз рет шықса, Кеңес үкіметі тұсында он бір рет жарияланған. «Біржан мен Сара айтысы» атақты екі ақынның арасындағы сөз айтысы ғана болмай, айтыс өнеріндегі көркемдік қуаты, тіл бейнелілігі жағынан ерекше эстетикалық талғам биігінен көрінген айтыстың үздік үлгісу ретінде қазақ әдебиетінің тарихынан ерекше орын алады. Айтыс негізіндегі Қ.Жұмалиевтің либреттосы бойынша М.Төлебаев «Біржан-Сара» операсын жазды.

 

БІРЫҢҒАЙ ҰЙҚАС (монорим. Французшадан – monorime) – өлеңді түгелдей бір ұйқасқа құру немесе ұйқасты көптеген тармақтарда өзгертпей, сақтап отыру. Қазақ поэзиясында бірыңғай ұйқастың өзіндік өзгешелігі, дәстүрі бар. Бұл тәсіл жырда үнемі қолданылатын бір ұйқасты (желілі ұйқас) айнытпай ұзақ сақтау үлгісімен жалғас келеді. Ал өзгешелігі – ұйқас тармақтардың ара-арасында ұйқассыз тармақтар қалып отырады. Және бір ұйқас көптеген тармақтарда қайталанады да ұйқасатын сөздерде ешбір жасандылық болмай, әдейілеп тізіп үйлестіргендей көрінбей, ұйқас сөздер мейлінше еркін алынып, өзінің табиғи келісімімен үндесіп жатады. Бастан-ақ бір ұйқасты шеберлікпен келісті қолданудың үлгісін Абайдың «Ішім өлген, сыртым сау» атты өлеңінде көреміз.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 172 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: