22:37
Қазақ әдебиеті әлемінен

«ӘУЕЗ БАТЫР» – жыр. Ел аузында айтылатын аңыз, ертегілердің әңгімелік желісін нақты өмірмен байланыстырып, жырға айналдырған бұл халықтық шығармада батырлық және тұрмыс-салт жырларының, қиял-ғажайып ертегілерінің дәстүрлері тоғысып біріккен сюжет жасаған. «Әуез батыр» жырының негізгі идеясы – халықты қанаған билеуші топқа және сыртқы жауға қарсы күрес. Жырдың екі нұсқасы бар: біріншісі – 1940 ж. Ақтөбе облысы Қобда ауданының тұрғыны, жыршы Айса Байбатынов жырлаған, нұсқа көлемі – 1500 жол. Бұл нұсқада қарадан шыққан Әуез батырдың тәкаппар хан қызын тәубасына кежіріп, хан алдында үстемдігін көтеруі. Қобыланды, Телағыс, Қарасай, Қази сияқты атақты батырлар алдында күш-қабілетін танытып, олармен дос болуы, ортақ жауға қарсы бірлесіп шайқасуы сөз болады. «Әуез батыр» жырының екінші нұсқасы «Әуелбек батыр» деген атпен белгілі. Бұл нұсқаны 1941 ж. Әміреш Жұмағазин ел аузынан жазып алып тапсырған. «Әуез батыр» жырымен мазмұны жағынан ұқсас, негізгі айырмашылығы кісі аттарында ғана, екі нұсқа да жыр үлгісімен айтылады. Екі нұсқа да Орталық ғылыми кітапхананың қолжазба қорында сақтаулы.

 

БАБА ТҮКТІ ШАШТЫ ӘЗІЗ – қазақ ауыз әдебиетінде жиі кездесетін мифологиялық бейне. Аңыз бойынша, шын есімі – Баба Туклас. Әкесінің есімі – Керемет Әзіз. Баба Тукластың өзі Меккеде патша болған. Енді бір аңыз бойынша, Баба Түкті Шашты Әзіз – Қожа Ахмет Йассауидің арғы бабасы, ислам діні Орта Азияға тарай бастаған кезде өмір сүрген кісі, Қорқыт Атаның замандасы (8-9 ғ.ғ.). Үшінші аңыз бойынша, Баба Тукластың баласы Еділ-Жайыққа дейін келген, оның Құтлубек атты ұлынан Едіге батыр туған. Меккеге қажыға барушылар, ең алдымен, Мұхаммед (с.ғ.с.), онан кейін Әлем-Музтазы – Сейіттің, содан соң осы Баба Тукластың қабіріне барып тәу ететін болған. Баба Түкті Шашты Әзіз қазақ фольклорында да әулие кейпінде суреттеледі, бас кейіпкерлер қиналған кезде медет беруші, демеуші пір тұлғасында бейнеленеді. Мысалы, «Алпамыс батыр» жырында әулиеден әулие қоймай, тентіреп жүрген Байбөрінің түсіне Баба Түкті Шашты Әзіз кіріп, әйелінің бір ұл, бір қыз табатыны туралы аян береді. Бұдан былайғы жерде ол Алпамыстың медет беруші пірі, демеушісі болады. Сондықтан да өткен ғасырларда баласы жоқ ата-аналар Баба Түкті Шашты Әзіздің күмбезіне барып, басына түнейтін болған. Баба Түкті Шашты Әзізге сиынып, жалбарыну дәстүрі халық арасында күні бүгінге дейін сақталған. Баба Түкті Шашты Әзізді халық мұсылман әулиесі деп есептегенмен, күмбезде сақталған аттың, қошқардың, бураның бастары, тас қайрақ, жада тас оның Тәңірге табынған салт-санаға жақын болғанын көрсетеді. Қариялардың айтуынша, бұрын Баба Түкті Шашты Әзіз күмбезінің ішінде қобыз, ер-тоқым, жүген сияқты әбзелдер де болған.

 

«БАЗАР БАТЫР»  – дастан. Ауыз әдебиетін жинаушы Бәдел Тұрсынбаев 1935 ж. Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Батбақбұлақ ауылының тұрғыны Жангөдей қарттан жазып алған. Дастан үш тарауға бөлінген: 1-тарауда Базар батырдың Шыңжаң аймағындағы Алтай өлкесін қытай, қалмақ басқыншыларынан қорғау жөніндегі күресі, 2-тарауда оның басқаруындағы Алтай қазақтарының Данияр хан озбырлығына қарсы күресі. 3-тарауда Базар батырдың Ресей отарлау саясатына қарсы күресі суреттеледі. Шығарманың негізгі идеясы – қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы ұлт-азаттық қозғалысы Базар батыр бейнесі арқылы айшықталады. Дастанның Жангөдей жырлаған толқы нұсқасы Орталық ғылыми кітапхана қорында, басқа екі нұсқасы Әдебиет және өнер институтының Қолжазбалар және мәтінтану орталығында сақтаулы. Ел аузында сақталған дастанның сюжеті желісінде Б.Тұрсынбаев дастан жазып, жеке кітап болып басылды (1944).

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 173 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: