20:05 Қазақ әдебиеті әлемінен |
ӘДЕБИ ҚАҺАРМАН – көркем шығармада мінезімен, іс-әрекетімен, ой-толғамымен мейлінше нақтылы дараланып, бейнеленген тұлға. Әдеби қаһарманның ең жоғары жан-жақты шебер мүсінделген түрі – тип. Әр кездегі қоғамның мақсат-мұратына, эстетикалық ұғым-түсінігіне сәйкес әдеби қаһарманның түрліше типі болғандығы мәлім. Мысалы, қазақ ауыз әдебиетіндегі Ер Төстік, алпамыс, Қобыланды, Қыз Жібек, 20-ғасырдағы қазақ әдебиетіндегі Абай, Құнанбай («Абай жолы» эпопеясында), Еламан, Кәлен («Қан мен тер» трилогиясында), т.б.
ӘЖУА – кекесін, мысқылдың жеңілдеу түрі. Әжуа ашық та, астарлап та білдіріле береді. Мысалы, Күдеріқожа: «О дүние бұ дүниеден жақсы дейді» дегенде. Ұлбике: «бұ дүниеден о дүние жақсы болса, адамға айтпай қожалар кетер еді» дейді. Бұл – ашық әжуа. Әжуа бүгінгі қазақ ақын-жазушыларының шығармаларында да іліп-шалудың тәсілі ретінде жиі қолданылады.
ӘЗІЛ – бір адамның екінші адамды ұялту, сөзге тоқтату үшін айтылатын ұрымтал да астарлы, көңілді де күлкілі пікірі. Яғни болмысқа, құбылысқа нақты оқиғаға қатысты көзқарасты білдірудің, баға берудің бір түрі. Әзілде де сынап-мінеу, іліп-шалып, тәлкек ету ниеті жатады. Тек сол ниет жүрекке ауыр тимейтін етіліп, қалжыңға сүйеп жүзеге асырылады. Сондықтан да қазақ мұны «әзл-оспақ», әзіл-қалжың» деп қосарлап айтады. Дегенмен ащы әзілдерде сатираның уыты, көңілге қаяу түсірмейтін әзілдерде юмордың белгілері жүреді. Әзіл – юморлық сезімнің, тапқырлықтың жемісі. Алайда әзіл-оспақ, әзіл-қалжыңды сатрира, юморға жатқызуға болмайды. Өйткені, біріншіден, сатира, юмор өмірлік болмыс-құбылыстарды ұзақ уақыт байқап-көрудің, зерттеп-білудің, ақыл-ой, дүниетаным елегінен өткізудің нәтижесінде туады. Сатира, юмор белгілі бір дүниетанымның, саяси-әлеуметтік көзқарастың көрінісі, сәулесі ретінде, ресми шығарма түрінде, жалпы жұртқа жария етілу үшін жазылады. Ал әзіл-қалжың түріндегі шымшыма сө кез келген жерде – отбасы, ошақ қасында, той-томалақ, әртүрлі отырыстарда айтыла салады. Онда ресми сипат, кең танымалдық болмайды. Сатира, юмор міні бар қоғам мүшесінің бәріне бірдей бағыттала береді, ал әзіл-оспақ дәстүрлі сөз қағыстыру реті бар адамдар арасында ғана, яғни құрбы мен құрдас, жезде мен балдыз, жеңге мен қайын, құда мен құдаша арасында айтылады. Халқымыз «Әзілің жарасса атаңмен ойна» деп әзілді кек ттұтпай, қолдап отырған. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |