12:18
БАРЫС, 11(154)-4

САЛТ. ДӘСТҮР

ҚАЗАҚТЫҢ ЕҢБЕК ДӘСТҮРЛЕРІ

АҢШЫЛЫҚ

Аңшылық (салт). «Бір қызық бүркіт салып аң ауласа, Мінген ат шабуылмен танаураса» (Н.Сандыбайұлы). Аң аулау ертеден қалыптасқан салт. Әрине тіршілік, табыс үшін аңшылық құратындар бар. Бірақ аңшылық шын мәнінде сауық, қызық,шынығу, ептілік, серілік, сезімталдық, сергектік, білімпаздық сияқты көптеген қасиеттерді ұштайтын тамаша өнер мектебі десе де болады. Ұшқыр ат, жүйрік тазы, қыран бүркіт, кең дала, тамылжыған табиғат – бәрі-бәрі де аңға шыққан ер жішітке бұл дүниенің шын қызығын сыйлағандай көңілді көтере түседі. Осындайда қасқыр соғып, түлкі, қарсақ алу аңшы өмірінің тамаша жемісті, ұмытылмас сәті. Қанжығасы қанданған ол ауыл ағаларына олжа байлауы – азаматтық пен ерліктің, одан қалды халықтық дәстүрдің таза жолы. Сері, аңқұмар халық үшін өзі алмаса да әкелген аңды көру де бір ғанибет. «Құсы да иесі де қоразданар, Алпыс екі айла түлкі алғанда» дегендей мұндайда аңшының мақтануы да, оны мақтау да орынды-ақ. Ел ішінде аңшылық қасиетті, құрметті өнер әрі салт болса, аңшының өзі де беделді, сыйлы адамдардың бірі. Мұның өзі аңшылық дәстүрдің бағасы жоғары, өмірде орны бөлек құбылыс екенін толық дәлелдесек керек. Аңшылық өнерді Ақан сері, Сегіз сері, Абай тағы басқа халқымыздың ардагерлері өте жоғары бағалаған. С.Мұқановтың, М.Әуезовтың, С.Жүнісовтың, Қ.Тәукеновтың және басқа жазушылар шығармаларында аңшылық өнердің қилы-қилы қызықтары мен құпиялары кең суреттелген. Аңшылыққа жастарды баулу, үйрету – ата кәсібі мен салтының асыл қазынасын толықтыра түсу деген сөз.

 

ТУЛАҚ ШАШУ

Тулақ шашу – жүн сабарда, сабап болған соң берілетін шашу тамағы (С.Қасиманов). Халқымыздың әрбір іс, шаруаның басталу, аяқталу сәтін жай өткізбей, оны атап өтіп және соған сәйкес әдет-ғұрыптар, ырымдар жасап отырған. Соның бірі – жұрттың бәрі біле бермейтін тулақ шашу салты. Мұны көбінесе әйелдер жасайды. Киіз, текемет басатын үй оған қатысатын әйелдерге жүн сабар алдында «тулақ шашуын» шашып, тамақ береді. Бұл салт жүнді сабап болғаннан кейін де қайталанады.

 

САУЫН АЛУ

Сауын алу (салт). «Ердің күйін сұрама, Жұрттан сауын сауған соң» (ел аузынан). Малы жоқ шаруалар бұрын ауқатты адамдардан сүтін пайдалану үшін «сауынға» деп белгілі бір мерзімге сауа тұратын бие немесе сиыр сұрап алады. Сауын алушы алған малының төлемін аман әкеліп тапсыруынан кепілдік береді. Мұндай көмекті байлар, мырзалар жасап отырған, кейде басы бүтін берген.
Просмотров: 2034 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: