12:07
Лирика-16

Жүректен – жүрекке (таңдамалы)

Жаналауым

Алаулайды пеш ішінде қызыл от,

Өзіне тән дыбыстармен сырласып.

Отынменен айырысқандай есеп-шот,

Будақ түтін кетіп жатыр қыр асып.

Сол алауға мен қараймын көз алмай,

Жаналауым, жалғыз сені әсте ойлай.

Қылтияды қызыл оттың сан тілдері,

Ажарыңа үңілемін, қанбай, тоймай.

Күн шуағы жылытуда аула, маңды,

Самалменен ескі достай қол ұстасып.

Сенсіз, жаным, атырармын қанша таңды,

Тегінде, ғұмыр кешелік біз алмасып.

От қызуы үдей түсті, ыси түсті,

Кеше түнде жарық жұлдыз ағып түсті.

Осы сәтті мен жорыдым жақсылыққа,

Махаббатқа қарамаймын мен атүсті.

Қызған сайын қоса түстім мен отынды,

От пен отын дабырауда шуласып.

Өз-өзімде көп қайталаймын атыңды,

Саған деген ғашықтығым асып-тасып.

[       

Жылы

Жылы күн,

Жылы көңіл,

Жылы сезім –

Жылылық баруап алды айналаны.

Жылы жел,

Жылы жүрек,

Жылы сенім –

Жаймашуақ кезіп кетті ен даланы.

Жылы сәуле,

Жылы құшақ,

Жылы алақан –

Сағына тілеп жүр тұғырлы тұлғаны.

Жылы сөз,

Жылы жүз,

Жылы көз –

Асығады аңсай сол ауыл мен ауланы.

Жылы саз,

Жылы нұр,

Жылы наз –

Жақындасын, жақын келсін жанымның жаны.

[       

Сең қозғалып, ерке Ертіс оянды   

Сең қозғалып, ерке Ертіс оянды,

Мұз боп қатқан ағын тағы жанданды.

Толқындар жас баладай жарысып,

Ауа райы сәуір кейпімен ажарланды.

Созылады тынымсыз өзен арнасы,

Жапырақсыз тоғайларда көз қарасы.

Құстар ұшқан бір-бірімен сырласып,

Есік пен төрдей екі ауыл арасы.

Жылжыған ағын,

Кідіруді білмей.

Мен емес ақын,

Сөз түзген, ұйқас түзбей.

Жел күшейіп, толқындарды тербеген,

Әуелгідей зор үмітім саған сенген.

Ажарында лай ойнаған өзен беті,

Ажарыңдай сымбат ажар мен көрмеген.

Мен отырмын ерке Ертіс жағасында,

Мін таппадым ілгеріңді өзен ағысында.

Толқындарды толқын шашыңа ұқсаттым,

Маған деген орын болсын жүрегіңнің қуысында.

[       

Асығып тез аттанамын 

Мөлдір тұнған көзінде

Таңсұлуым,

Мағына тамған сөзінде

Жансұлуым,

Ақын Сәкен сөзімен

«Асығып тез аттанамын» өзіңе.

Жаз аңқыған бетінде

Ханшайымым,

Үйлесім бар белінде

Патшайымым,

Ақиық Сәкен сөзімен

«Асығып тез аттанамын» өзіңе.

Мейірім гүлдер қолында

Асыл жаным,

Ынтыға күтер жолында

Аяулы жаным,

Асқақ Сәкен сөзімен

«Асығып тез аттанамын» өзіңе.

Өзіңе барып қайтам,

Әсілі, үмітсіз – шайтан.

[       

... сені

Суық жүрек жылылықты еш сезбес,

Ғашық жүрек жеңілуге әсте төзбес.

Көрдім сені, сездім сені, сүйдім сені,

Саған деген жан алауым енді сөнбес.

Тәкаппарлық жетелемес шыңдарға,

Кеудешілік ұрып-соғар құздарға.

Көрдім сені, сездім сені, сүйдім сені,

Саған сенем, сенбей жүргем қыздарға.

Жалған – мәнсіз, болмағанда айқын мұрат,

Олсыз болмас бұл пәниде шын салтанат.

Көрдім сені, сездім сені, сүйдім сені,

Саған деген сезімім – сау-салауат.

Анық мақсат қол жеткізер нәтижеге,

Сол ғой анық адымдатар нық межеге.

Көрдім сені, сездім сені, сүйдім сені,

Жүректерді біз қоспаймыз осы неге?

Әр күн сайын біз татамыз жеміс-өнім,

Мәңгі күрес үстіндегі өмір мен өлім.

Көрдім сені, сездім сені, сүйдім сені,

Сүю сені, сыйлау сені менің жөнім.

 Ибраһим-Шаһмантегі Бегімхан Керімханұлы

Просмотров: 1064 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: