13:34
Айтулы оқиға

Бармысың, бауырым!

ЕЛУ ЖЫЛДАН СОҢ ТАБЫСТЫҚ

Уақыт дегенің шынымен-ақ сан қырлы екен. Біреуге үміт берсе, енді біреуге шектеу жасайды. Бірі онымен ұтса, бірі одан ұтылып, қапыда қалады.

Ықылымнан аян, тау менен таудың кездесуі мүмкін емес болса да, адам менен адамның кездесуі әбден мүмкін.

Былтырғы жылдың күзі біздің жанұя үшін керемет жаңалықпен ұзағынан есте қалатындай болды. Елу жылдан аса көріспеген туыстармен табыстық. Анығын айтқанда, туыстар бізді тауып алды.

Өткен ғасырдың елуінші жылдар ішінде Ибрагимова Рахима және Рахиля Шаһманқыздары аналарымен Лебяжі ауданындағы Бесқарағай ауылынан Баянауыл жақтағы қайыңжұртқа қоныс аударуға мәжбүр болыпты. Мәжбүрлеуге де өзіндік себептер болған шығар. Ол жағы маңызды емес.

Көзі тірісінде әкем Ибрагимов Керімхан Шаһманұлы да, әкемнің қарындасы Ибрагимова Биғайым Шаһманқызы да өздерінен тараған балаларына, біздерге, сонау Баянауыл жақта қарындас-сіңлілері барын арагідік еске түсіріп, бір айтып жүруші еді. Бірақ белсене іздеп табуға, неге екені қайдем, әрекет жасамады...

Уақыт саусақ арасынан сауғалаған құмдай жылжып өте берді, жылжып өте берді.

Сонымен өткен жылдың 28 қыркүйегінде үйіміздегі телефон безілдеп қоя берді. Тұтқаны көтерген әпкем Розаның құлағына бейтаныс келіншектің дауысы естілді. Үй иесін сұрастырғаннан соң, әкеміздің із-түссіз кеткен қарындастарының есімдерін айтып еді, тұтқаны анашым Бағытай алып, сары сағыныштан әрі қуаныштан егіле жылай, аман-саулық сұрасып, көрші-қолаңға шығып, сүйінші сұрап, туыстық бақыттың дариясына күмп берді. Ана жақтан, Майқайыңнан, телефон шалып түрған Майбасова Гүлнәр Олжабайқызы Рахиля тәтеміздің қызы болып шықты.

Ұзақ жылдардан соңғы сағынышты табысу һәм көрісу қарашаның 7-інде болды. Біздің шаңыраққа тәтеміз Рахиля Шаһманқызы, тәтеміздің жары, бізге үлкен жезде болатын Олжабай ақсақал, бірімізге әпке, бірімізге қарындас болып отырған Гүлнәр және оның жары Ерлан ат басын тіреп, құрметті қонақ болды. Айтылған әңгімеде де, құшақ аша ұялаған туыстық сағынышта да шек болмады.

Келесі күні біздің шаңырақта жас отау құрып,өз алдына шаңырақ көтерген інім Асылханның неке қию тойының үлкендерге арналған тойы болды. Осы қызықта сағынып келген туыстарымызды ауылымыздың сыйлы да құрметті үлкендеріне көрсетіп, таныстырдық. Құдайы дастарқан басында сағынышты көз жасы да, сүйіншілеген құтты тілек те үйлесім тапты.

Биылғы жылдың 26-27 наурызында біздер де Баянауылдың Жаңатілек ауылына бет қойдық. Өйткені сол ауылда Рахиля тәтеміз бенен үлкен жездеміз Олжабай ақсақалдың шаңырағы. Жолай Майқайыңға соғып, қарындасым Гүлнәр менен жездем Ерланның үйінен дәм алып, құдашалармен танысып, бір адамдай Жаңатілек қайдасың деп жол тарттық. Жеттік. Қауыштық. Сағынышпен құшақ аштық. Табыстық...

 

Ағасынан ерте ажырап қалған Рахиля тәтеміз осы уақытқа дейін көрісуді армандап жүрген екен. Хабар алу, жинастыруға да әрекет жасап көріпті. Бірақ мардымдығы мәз болмапты. Жүрегі де сыздапты. Дегенмен үміт оты шоқтана маздапты.

Облыс аумағына тарайтын «Сарыарқа самалы» газетінде басылып отыратын шағын ақпараттық мақалаларымды оқып, есіміме үніліп, хабарласуға шынайы бет бұрыпты. Оның үстіне ауылдарына біздің жақтан келін түсіп, одан біз хақында сұрастырып, үй телефонымыздың нөмірін жазып, хабарласты...

Неткен тамаша, алыстан қандас туысқанымен сағынышпен қауышу! Бауырға басып, тамырлық жағынан бір-біріне демеу, қолдау, тіреу болу. Қуаныш пенен қайғыда бір адамдай ортақтасу. Қамшының сабындай һәм қас қағым болатын мына пәни-жалғанның бірегей де қайталанбас дәурені осы емес пе! Алла жар болсын, туысқан!

Баянауылдың Торайғыр елді мекеніндегі Рахима тәтемізбен де сағынышпен көрісетін күн де алыс емес. Оған да, Алла жазып, құдай қаласа, жетерміз.

Ақиқатында, осынау табысу жанұялар тарихында айтарлықтай елеулі оқиғалар қатарынан ойып тұрып орын алып отыр. Арманда кеткен марқұм әкеміз бенен тәтеміздің аруақтары бір аунап түсті. Мезгілсіз үзіліп, сағынышпен қайта жалғасқан туыс-тамырлық қатынасты гүлдендіру, өркендету, ізгілендіру балалардың, біздердің, еншісіне қалдырып отырған үлкен аманат.

ИБРАҺИМ-ШАҺМАНТЕГІ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 1139 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: