13:03
Лирика-9

Жүректен – жүрекке (таңдамалы)

Аңсар сені тұлпардың тозбас тағасы

Өткен күндер қайтып келмес жай естелік,

Уа, қалқам, түбінде біз түйіселік.

Жарасымды болашаққа ерік беріп,

Өмірбақи бір болалық жасап тірлік.

Ағын судай ағып жатыр минөт-сағат,

Сені күтуге шексіз, шетсіз менде тағат.

Күнпарақтың жұқаруына күнде қарап,

Төрт мезгілі үйлесімді-ай табиғат.

Ақша болса – қолдың кірі, дүние – шайлық,

Жақсы ат һәм өлмес хат - әсте байлық.

Бірде – сырғи төмендеп, бірде – жоғарылап,

Жарым болшы мәңгілікке, емес айлық.

Атақ пен даңқ шақырады сан ерлікке,

Көп мықты үгіттейді елді бірлікке.

Қайсыбірі – дөп айтып, кейі – мылжыңдап,..

Ұқсайсың-ау наз жібек я ерке елікке.

Өткен күндер бүгінгінің тек жалғасы,

Сені алар қыранның шешілер томағасы.

Бүгін жүре ертеңгіні жүрмін күтіп,

Аңсар сені тұлпардың тозбас тағасы.

* * *

Уақыттың заңды жалғасы

Қызара Күн көріне наурыздың соңы таңы атты,

Ұйқыдан тұрған айналаға ақ пердесін ашты.

Уақыттың заңды жалғасы – жаңа күн басталып,

Асуларды бағындыруға талаптылар шапты.

Өмір бейне ағын су жылжи берер ілгері,

Тағдыр бұлбұл әнші болса, адам – оның сазгері.

Уақыттың заңды жалғасы - әз Махаббат гүлденіп,

Жарасқандар ынтықтығы алға озар, кетпей кері.

Дана Абайша «ермек» емес қара өлең,

Үмітті қайрай адымдатар, жатпай көлденең.

Уақыттың заңды жалғасы – шабыт тулап,

Басқасы қайдам, жалынды жүрек алаң-елең.

Мен отырмын дәрісханада жападан жалғыз,

Қабырға сағаттың жүрісі – созылған сағыз.

Уақыттың заңдыжалғасы – сағынышы билеп,

Көз алдымда сұлу кейпінде ажарлы қыз.

Күн өрмелеп барады биікке қарай,

Өткен шақтай артта қалды қызыл арай.

Уақыттың заңды жалғасы – аңсар қозып,

Сезім мірдей зымырап саған қарай.

* * *

Қайтарма   

Қайтарма көңілді,

Асқарға өрлеген,

Ілгері жүгірген,

Аңсайтын өзіңді.

Қайтарма сөзімді,

Өрнектей өрілген,

Талғаммен терілген,

Бейнелер өзіңді.

Қайтарма көзімді,

Ажарыңа үңілген,

Ынтыға сүзілген,

Көремін өзіңді.

Қайтарма сезімді,

Сағына тілеген,

Сүйсіне ерлеген,

Күтетін өзіңді.

Қайтарма өзімді,

Жұлдызға сені теңеген,

Күндей сені елеген,

Қалаймын, асылым, өзіңді.

* * *

Күн нұрымен нұрланатын үкіліме

Күн нұрымен нұрланатын үкіліме

қара сөзден ұйқас түзем тоқтаусыз.

Күміс құсап жарқырайтын мүсініне

айдар тағам, қалмасын деп байқаусыз.

Аңсар, сүйер, тілер сені жүрегіме

басу айтам, уақыт – басты төреші.

Қолдар мені сенің кәусар тілегіңе –

дайынмын, болса да уақыттың ерте, кеші.

Алданыштан ада, адал сезіміме

Сенім, Үміт, Махаббат болсын тірек.

Күтуменен қанаттанған көңіліме

Тағдыр берген, раушаным, өзің керек.

Есіміңмен ерлеп жүрген бүгініме

қайраттанған, өрге басқан серік ертең.

Бүр жара, гүлдеп салар жүрегіңе

сені қалар жан-жүрегім болсын-ау тең.

Тамсанамын көк аспанның кеңдігіне,

Құшағына бауыр басқан кең жаһанды.

Мен сенемін қос тағдырдың теңдігіне,

Ынтықтана қосатын таңға таңды.

* * *

Жансұлуым

Мөлдір бұлақ суындай,

Дарияның ерке қуындай,

Жеңістің байрақ-туындай,

Жаһанның қалың нуындай –

Ашық әм жайсаң жансұлуым.

Мәңгі жасыл шалғындай,

Мәз де мейрам балғындай,

Ілгері жүгірген ағындай,

Алданыш елес-сағымдай –

Бек жарқырар жансұлуым.

Сандық түбіндегі сырдай,

Наз да еркін құрдай,

Телегей-теңіз қырдай,

Еңселі  тұғырдай –

Еліктірер жансұлуым.

Қасиетке толы күмістей,

Гүлбаршын я Ақжүністей,

Артық туған өзіңді,

Ынтық қылған өзімді,

Сүйем сені, жансұлуым.

 Ибраhим-Шаhмантегі Бегімхан Керімханұлы
Просмотров: 958 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: