13:00 Лирика-6 |
Жүректен – жүрекке (таңдамалы) Беу, қарағым Бейбіт өмір кешелік, уа қарағым, Бір өзіңмен тола түссін тағдыр-парағым. Басқасына назар, ырық бермеймін, Беу, қарағым, Сенсің менің пырағым. Бесқарағай – алтын бесік, тұрағым, Болшы, жаным, жауабым да сұрағым. Берік менде саған деген ғашықтық, Балдай тәттім, Сенсің менің шырағым. Барғым келеді, барсам деймін өзіңе, Бір мезгілде құлақ асып сөзіңе. Берекелі болсын деймін болашақ, Беу, қарағым, көз тігейін көзіңе. Берсең ырық, бақыт құсы қонады, Бермей кетсең, жүрек мұз боп тонады. Бақ пен дәулет екеуара жарасқан, Біле білсең, сағыныш сыздап тынады. «Бүгін» өтсе, «ертең» келер кезекті, Бердім міне қара өлеңге кезекті. Болашақта болшы менің сыңарым, Беу, қарағым, махаббат – тақырып өзекті. * * * Қандай еді?! Қос жанарың қандай еді?! Мөлдір тұнған тұңғиық, Қарасы – жұмбақ, тұйық. Бейне мірдей қадасы Ағы менен қарасы. Мүмкін, жүрек жарасы, Екі жанның арасы. Қарай түссем үңіліп, Тереңдіктің сырын біліп, ... Қандай еді, шіркін-ай, қос жанарың?! Жарасымды тәнің қандай еді?! Кіршіксіз ақ бордай, Ау ма, әлде тордай. Пәкке толы таза ар, Мұндалаған қос а..., Қарай түссем, ес танар, Әупірімдеп құмар тынар. Жарасымды қос қасың, Жел ойнаған қалың шашың... Қандай еді, о ғанибет, әсем тәнің?! * * * Асылыма Әуелден-ақ берік сөз байладым, Үйіңе сені көруге бардым. Қос жанарым қос жанармен қиысқанда, Тағдыр қосар жар болар деп ұйғардым. Жылжып өтті міне содан бірталай ай, Мен үшін – ұзақ сағыныш, біреуге – жай. Жүрген болар асыл жаным жер басып, Жан-тәнімен сан толықси туған айдай. Телефоннан дауысын естіп, қуанамын, Есімімен ұйықтаймын әм оянамын. Қара жұмбақ маған деген қыз сезімі, Бір көргеннен, асыл жаным, дуаладың. Сыр сымбаты өлеңдерде толқындайды, Жан жағаңа ғашық бола жақындайды. Шаяр сені шабыт, сезім, ұйқас, шумақ, Жүрегім өзгені емес, асыл сені таңдайды. Қаламасаң, қара өлеңді отқа таста, Бірақ, асылым, шын іңкәрді алмас от та. Асан қайғының «су түбінде жатқан тасы», Сезім-айдын бетіне шығып, жарқырай баста. * * * Шақырасың түсімде Шақырасың түсімде, Назданасың. Киігіндей жапанның Паңданасың. Иірімдей иіресің, Күлімдейсің. Желесің әм шабасың, Сүрінбейсің. Құшағыңды ашасың, Нұрланасың. Жаз бейнелі келбетпенен Ажарланасың. Қолдарыңды созарсың, Ұмтыласың. Елестейін ұстатпайсың, Сытыласың. Шақырасың түсімде, Еркелейсің. Бір өзіңді елесем, Сен де елейсің. * * * Өзіңді өле сүйе Болса – болғаны, Көңілдің толғаны. Өзіңді өле сүйе, Шөлімнің қанғаны. Раушандай гүлдегені, Шақыра үндегені. Өзіңді өле сүйе, «Сүйемін-ау» дегені. Қырғидай самғағаны, Қорыған су-жағаны. Өзіңді өле сүйе, Жүрегімнің аңсағаны. Ақ бұлттай көшкені, Майшамдай өшкені. Өзіңді өле сүйе, Іштегі ынтық кені. Болмаса – тозғаны, Сезімнің азғаны. Өзіңді өле сүйе, Тағдырдың жазғаны. |
|
Всего комментариев: 1 | ||
| ||