11:00
Лирика-5

Жүректен – жүрекке (таңдамалы)

Терезенің аржағында...

Терезенің аржағында қаһарлы қыс,

Аппақ қардан көрінбес тұс әм қуыс.

Бәз жыландай иірілер қарлы жолақ,

Қасымдағы асылым жүрегіме жуыс.

Терезенің аржағында саршұнақ аяз,

Әмірімен айбаттанар бейне ояз.

Бергісі жоқ патшалығын суықтың,

Сенсіз, жаным, өмір мәні сондай таяз.

Терезенің аржағында бордай қырау,

Бермес жауап қойғанменен талай сұрау.

Өз сәнімен жайғасар өз орнына,

Бар тілеуім аяулыммен отау құрау.

Терезенің аржағында жылусыз Күн,

Мезгілімен келер тағы жұлдызды Түн.

Екеуара бөлісер қыс қызығын,

Ажарлым, жаңғырар жүрегімде нәзік үн.

Терезенің аржағында ашық аспан,

«Ақ киімді...» қозғалар, ойхой,паң-паң.

Үйлесімді-ау табиғаттың мезгілдері,

Шуағым, бас айналды ғашықтықтан.

* * *

Асыл жаным

Сезіміңді ынтық, ғашық мен білермін,

Жалғыз сені Тәңірімнен бек тілермін.

Жаны – жақұт, жүрегі – ақық, асыл жаным,

Басқаны қайдам, тек өзіңді мен елермін.

Құдірет тұнған Махаббаттың құшағында,

Шексіз қиялды зор арманның ұшағында.

Құстай жетіп, әлпештейін асылымды,

Қайталанбас жастықтың жаз шағында.

Қоңыр үнді домбыраның үкісіндей,

Хас шебердің жауһарланған мүсініндей.

Әлде болар, назар салсаң шын зер сала,

Ою-өрнектің үйлесім тапқан кескініндей.

Бір өзіңе тең де жоқ, теңеу де ғайып,

Бүй деуіме, асыл жаным, тақпа айып.

Керегі не төрткүл жаһанның кереметі,

Нұр тұлғаңда телегей-теңіз әз ғажайып.

Жалғанда жігітке жарасар болса теңі,

Желбірер Махаббат туы, жайнар ертеңі.

Бойтұмардай жебеп жүрер асыл жаным,

Сүйем сені, күтем сені, жалғыз сені.

* * *

Түнгі сезім лебі

Қара аспан жұлдыз шашты,

Ал менен қазір ұйқы қашты.

Алтын кілттей дем мен даусың,

Жан-сезімнің құлпын ашты.

Жазғы самал сәл-пәл есті,

Жұлдыз толған үйдің үсті.

Жүздесуді тек аңсаған,

Жабырқаулы көңіл түсті.

Демің – ләззат, даусың – бал,

Жаның – рақат, тәнің – тал.

Ғашық болған жан-жүрегім,

Осындайда сөйлеп қал.

Бейнең елес алдымда,

Өзің міне жанымда.

Назданасың еркелеп,

Атпасын мейлі таңым да.

Бірақ арман – алданыш,

Сол бір сары сағыныш.

Аяулым, бір өзіңсін

Бұл пәниде жұбаныш.

* * *

Жүректі сезім

Жылы жүзді, жайсаң мінезді қарағым,

Жылу берер, алаулаған шырағым.

Көзің қандай! Сезім қандай! Өзің қандай!

Өмірқұмар, шипаға мол таза бұлағым.

Сондай сирек, баға жетпес асылым,

Мәңгі көк, хош иісті жасылым.

Көзің қандай! Сезім қандай! Өзің қандай!

Темірқазықтай жарқыраған дара тұлым.

Қол жетпейтін, табылмайтын гауһарым,

Төрткүл жаһанда кездеспейтін жауһарым.

Көзің қандай! Сезім қандай! Өзің қандай!

Көркіменен көп көрімді шаһарым.

Көзден таса, мұхит түбіндегі маржаным,

Күншығыстан ерекше атар ақ таңым.

Көзің қандай! Сезім қандай! Өзің қандай!

Бір көргеннен ғашық қылған, нәзік жаным.

Жаңа жылда жапалақтаған аппақ қарым,

Жан-тәнімен кіршіксіз таза арым.

Көзің қандай! Сезім қандай! Өзің қандай!

Бір өзіме тағдыр қосқан болшы жарым.

* * *

Адамның ғашықтық кездері

Адамның ғашықтық кездері –

қайталанбас,

өзгеге ұқсамас

айтарлықтай бір дәурен,

Жібек жолындай зор керуен.

Жылтыры бар, жарқыны бар,

Күмісі бар, алтыны бар.

Адамның ғашықтық кездері –

жайдары сәт,

зәмзәмін тат

бал-шырындай тағамның,

сезерсің маңызын-ау бағамның.

Тұщысы бар, ащысы бар,

Сұйығы бар, қоюы бар.

Адамның ғашықтық кездері –

қас қағымдай,

елес-сағымдай,

жалт ете жоқ болатын,

жасыратын мән-затын.

Жаны да бар, тәні де бар,

Сазы да бар, әні де бар.

Жайсаң да жайлы өздері,

Мейірім тұнған көздері,

Сезім толған сөздері –

Адамның ғашықтық кездері.

Ибраhим-Шаhмантегі Бегімхан Керімханұлы
Просмотров: 1065 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 1
1 Айжамал  
0
өте жақсы шығарылған!

Имя *:
Email *:
Код *: