10:55 Лирика-2 |
Жүректен – жүрекке Ұқсатамын мен өзіңді... Ұқсатамын мен өзіңді нұрлы Күнге: Шығыстан арайлана ататын, Таңнан кешке жылы сәуле шашатын, Батыста қызара еңкейе бататын. Ұқсатамын мен өзіңді еркін Желге: Мейірлене, жылы сыйлай есетін, Аймалауы жан һәм тәннен өтетін, Леп толқыны шалғайларға жететін. Ұқсатамын мен өзіңді ерке Өзенге: Арнасымен еш қатесіз ағатын, Мол суымен жаға-кемерін суаратын, Айдынына аққу-қазды қондыратын. Ұқсатамын мен өзіңді көк Аспанға: Кең құлашты құшағын айқара ашатын, Жер-көктемге мейірімін және шашқан, Қыдырмалы бұлт біткенге жол ашқан. Ұқсатамын мен өзіңді сұлу Түнге: Жарқ-жұрқ ете жұлдыздары шам жағатын, Күміс Ай жылжыр санап сәт-сағатын... Сағына Сені қайран жүрек жиі соғатын. * * * Гүліме Махаббатсыз бақытты болу қиын, Махаббатсыз бұл жалғанның құны – саудасы әбден біткен бақыр тиын. Құлпыр, гүлім, құлпыра түс, құлпыра, Қос жүректе желбіретейік оның туын. Жүрек, Сезім, Сенім, Үміт қылар кеңес, Бұл кеңестің түпкілікті мәні – іске асуы созылмалы сағым-елес. Жайна, гүлім, жайнай түс, жадыра, Есіміңмен гүл-гүлдейді адыр-белес. Табиғаттың төрт мезгілі үйлесімді, Еш айнасыз қайталанар айналым – қателікке бой алдыртпас, келісімді. Күлімде, гүлім, күн күлімде, күлімде, Тәңір, Ұмай қолдасын бұл сезімді. Түнгі аспанда жылжып барады жерсерік, Сол жүрістің басты мақсаты – жердегі байланысты қылу берік. Гүлде, гүлім, хош аңқыта гүлдей түс, Жаз шыға Махаббатқа берейік ерік. * * * Суретіңе қарап Суретіңе қарап, ажарыңа тоймадым, Қарай бердім, қарай берем тағы да. Сен хақында армандай мен ойладым, Жүрек сырын қара сөзбен ағыта. Екі көзің маған қарап тұр міне, Мейірім һәм мөлдір тұнған қос шырақ. Нұр қонғандай жарқыраған нұр үстіне, Бір өзімді тарта түсер шамшырақ. Би өнерін дүлдүлдетер дуадақ, Әсемдене иіліп тұр екі қолың. Көктемдегі гүл жайнаған қызғалдақ, Ылайым бақытты болсын өмір жолың. Езуіңнен күлімдеген мен айналдым, Ажарыңа ажар қоса түскендей. Қалайша мен сенсіз, жаным, жүре алдым, Ұзақ уақыт тағдырым сені күткендей. Суретіңе қарап, үмітімді қайраймын, Сенімімді ұштаудамын үкілеп. Тәңірімнен әдеп сақтай сұраймын: «Асыл жаным қашан мендік болар-ау?» деп. * * * Циферблат Сағатты минөт, минөтті секунд демейді, демек құмдай аққан уақытты бір сәт те тежемейді. Үлкенді жас, жасты кіші тыңдайды, асылы, әдеп сақтай, дәстүрге сай бірін-бірі сыйлайды. Сезімді сезім, сезімді сенім қолдайды, тегінде, шын ынтықтар, шын ғашықтар бірін-бірі аңсайды. Бұл жалғанда сенің болуың – салтанат, Маған салғанда, менің күйім - әлгі циферблат. Түн ортасы ауғанда Түн ортасы ауғанда, Жарқырай жұлдыз жанғанда, Түр-тұлғаңды аңсай-аңсай, Тілеймін сені жатқанда. Сен де жатар алдында, Перделі терезе жанында, Қара түнге қарай-қарай, Орнықтыр мені ойыңда. Түн ортасы ауғанда, Маужыраған аулада, Тұрмын аспанға қарай, Өзіңді балап жұлдызға. Терезеңде аспан бөлігі, Жерсеріктер оның көлігі. Баяу әлде зымырай, Жүріп жатыр тірлігі. Түн ортасы ауғанда, Жоғарыдан жұлдыз жауғанда, Тілеймін-ау жан-тәніңді, Толықси Ай туғанда. Ибраhим-Шаhмантегі Бегімхан Керімханұлы |
|
Всего комментариев: 0 | |