10:53
Лирика-1

Жүректен жүрекке

Аңсаумен, аңсай сені...

Аулаға әйнектен

көз салдым

екінші қабаттағы

он төртінші кабинеттен...

О, ғанибет!

О, керемет!

Жайғаса орындықта отырдың сен.

Аңсай сені, тілей сені қарадым мен.

Анадайдан жарқырайсың саф алтындай,

Хош аңқи құлпырасың масатыдай.

Наз кейпіңмен тіл қатасың, толғанасың,

Бар-болмысың үлбіреген қауырсындай.

Алтын күн

нұр төкті

күлімдей өзіңе

бұлттан ада аспаннан...

 Қоңырау соғылды,

Сыңғыры қағылды.

Еппенен мектепке бет алдың,

Аңсаумен өзіңді мен қалдым.

* * *

Сен жақынсың, бірақ сезім...

Күзгі самал ен даланы тербейді,

Алтын табақ жоғары қарай өрлейді.

Сен жақынсың, бірақ сезім әлі алыс,

Жүрек шіркін не боларын білмейді.

Сары түстің құшағында дархан дала,

Улай-шулай, ойын қуған жел мен бала.

Сен жақынсың, бірақ сезім сондай қашық,

Алдағы сәт сағым-елес, ала-құла.

Күпті көңіл уысында жоғаламын,

Кімге барып мұң-шерімді тарқатамын.

Сен жақынсың, бірақ сезім шет-шалғайда,

«Ренжітіп аламын» деп қорғанамын.

Бар сырымды бір өзіңе мен айтармын,

Лүпілдеген сезімімді саған тартармын.

Сен жақынсың, бірақ сезім қиянда,

Ойсырай ұтылармын не ұтармын.

Қазан жылуын барынша беріп жатыр,

Аспан жайлы, тамшыламас бейне шатыр.

Сен жақынсың, бірақ сезім әзір қайда,

Асыл жаным, сезіміңнен маған татыр.

* * *

Бар қалауым, бар тілеуім өзінсің

Күні жеткен,

Сәні кеткен

Үзіледі жапырақ.

Жан әлемін

Іздеп мәнін

Сандалады сан сұрақ.

Құстар-құстар ұшып кетті алысқа,

Бетті түзеп батыс пенен шығысқа.

Бітуде күн,

Батуда күн,

Жиекті аңсай.

Келеді түн,

Жұлдызды түн,

Күмістенер сұлу ай.

Жел ойнайды су бетімен балаша,

Кездесейік біз екеуміз оңаша.

Бар қалауым, бар тілеуім өзінсің,

Ынтық сезім судай батып, тастай сіңсін.

* * *

Өзің жайлы мен ойлаймын сәт сайын

Өзің жайлы мен ойлаймын сәт сайын,

Шын сүюге, жаным, сені мен дайын.

Көзқарасың шешімі жоқ қара жұмбақ,

Үміттене өз-өзімді мен алдайын.

Өзің жайлы мен ойлаймын сәт сайын,

Солыңнан тусын жұлдызың, оңыңнан – айың.

Нұрлы жүзің мәңгі жасыл бәйтерек,

Шапағатқа болсын толы қызыл арайың.

Өзің жайлы мен ойлаймын сәт сайын,

Бал-бұл жанған жүрегімді ұсынайын.

Талдай белің нәзіктенер сан иіле,

Құшағыма сені қыса қуанайын.

Өзің жайлы мен ойлаймын сәт сайын,

Біз самғайық жарасымды сұңқардайын.

Аппақ жүзің аппақ сүттей сұлуланар,

Шын сезілсің маған ынтық сезім-райың.

Өзің жайлы мен ойлаймын сәт сайын,

Мен сүйемін бір өзіңді күн сайын.

Қас-қабағың, иек-мойның бейне аққу,

Татыра көр жүрегіңнің шекер-майың.

* * *

Әлпетіңде

Күн сәулесі

жайнар,

жарқырар,

жылтырар

әсем гүлді әлпетіңде.

Ай жарығы

жайғасар,

түс ашар,

шалықтар

мейір тұнған әлпетіңде.

Қыдырма жел

ойнар,

күлер,

жүгірер

салтанатты әлпетіңде.

Ынтық сезім

еркелер,

кенелер,

ерлер

ынтызар болған әлпетіңде.

 

ИБРАҺИМ-ШАХМАНТЕГІ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Просмотров: 992 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: