12:26
БАРЫС, 09(152)-4

ҚАЗАҚТЫҢ ЕҢБЕК ДӘСТҮРЛЕРІ

 КӨГЕНТОЙ

«Көген той» (дәстүр) – малды ауылдың көктемде мәре-сәре болып өткізетін шаруашылық әрі еңбек құрметіне арналған шағын той-томалақ. Қой қоздап, бие құлындап, түйе боталап, сиыр бұзаулап, жер кеуіп күн жылынған сәтте ел-жұрт, үлкен-кіші дәм салынған буыншақ-түйіншектерін алып желі басына жиналып, дастарханын жайып, оны нан, құрт-май, ірімшік, аққа толтырып бір қызық мәжіліс жасайды. Сол жерде мал-жанның амандығы, ырыс артып, туған төлдің көбеюі үшін бата тілеп, әкелген тағамдарды бөліп жейді. Қарттар келелі әңгіме-дүкен құрып, жастар өлең айтып, ойын-сауық жасайды.

Бұдан кейін ақ жаулықты аналар желіге, көгенге, көген бұршағына, қазыққа ақ (айран) жағып, бата, ырым жасап, жақсы тілектер тілейді.

 

ҚОЛ ҰШЫН БЕРУ

Қол ұшын беру (дәстүр). «Бітер істің басына, жақсы келе қасына» дегендей жұмыс істеп жатқан жерге келген әр адам қанша асығыс болса да сәл аялдап қол ұшын беруге тиіс. Мысалы, үй салып жатқан жерде ағаш, кесек әперу, егін жинап жатқан жерде екі-үш күрек дән тасып әкелу тағы соол сияқты көпшілік жұмылған іске өз үлесін қосу азаматтық борыш, міндет болып саналады. Егер мұндайда кейбіреу еңкеймей тұрса, онда оған «еңкей, қол ұшын бер, балаңның белі бүкір болады» деген әзіл-шыны аралас ескерту жасайды. Осындай көп жұмылған жерде бос тұру тәрбиесіздік, әрі білімсіздік болып саналады.

 

«ҚОЛ ҮЗДІК»

Қол үздік (салт). Мал сойысқанда, кілем тоқу, текемет басу, іс тігу сияқты қолмен атқарылатын жұмыстарға ауылдың қолы шебер еркек-әйелдері тікелей араласып, қол ұшын береді, жәрдемдеседі. Іс аяқталған соң отанасы осы жұмысқа қатысқандарға «қол үздік» деп аталатын кәде береді. Яғни атқарылған істен артық қалған ине-жіп, жүн-жұрқа, түбіт, пұшпақ, тарамыс тағы басқа ұсақ-түйектер үлестіріледі. Бұл да ұлттық жарасымды кәде.

 

«ҚАЗЫҚ МАЙЛАУ»

«Қазық майлау» (салт). Көктемде мал төлдеп, ол аяқтанған соң желі тартылып, бұзау, құлын байланып, қозы-лақ көгенделіп, мал сауу басталады. Осы кезде мал иелері желі басына келіп, «ел тоқ болсын», «ақ мол болсын», «мал басы көбейе берсін» деген тілекпен ырымдап төл ноқтасы мен бұршағына, қазығына май жағып, ақ құяды. Мұндай ырымдар жылқыда «бие бау», басқа малда «қазық майлау» деп аталады. Ақсақалдар бата береді.
Просмотров: 2037 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: