11:46
Соңғы қоңырау - 2015

 ҮКІЛІ ҮМІТ АРҚАЛАП

Күміс қоңыраудың сыңғырлаған жанғырығы әрбір адам өмірінде ерекше маңызға ие. Он екі мүшесі сау, сана-сезімі ояу адам мектеп табалдырығын тоздырған кезде қоңырау үнін сан мәрте естіген. Ал сол қоңырау біткеннің ішінде «Соңғы қоңыраудың» сыңғыры жадыда ешқашан ұмытылмас-ескірмес естеліктей мәңгіге қалады. Енді қайтып оралмас мектептегі қызықты да қызғылықты қимас сәттер көз алдында көлбейді. Бозбалалық-балалық тәтті мекенге шақырады.

Жылжып өтіп жатқан жылдың 25 мамырында Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде оқу жылының аяқталуын паш еткен «Сыңғырла,соңғы қоңырау» салтанаты жүзеге асты. Мектеп спортзалына жиналған қауымның қарасында шек болмады. Мектеп түлектерінің жеке өмірге пырақтай бастауын тамашалауға келген туған-туысқандар да аз болмады.

Салтанатты шара барысында осымен қырық тоғызыншы болып мектеп табалдырығынан ұшқалы отырған түлектерді құттықтаған Лебяжі ауданы әкімінің орынбасары Б.Байжанов, Қызылағаш ауылдық округінің әкімі Ж.Байтілеуова, ардагер ұстаз Д.Ақатаев жүрекжарды тілектерін байыппен жеткізді. Сонымен бірге Жанат Шоқанқызы 11 сынып оқушылары А.Садуақасова және Е.Нурмахинге ауылдың қоғамдық өміріне белсенді қатысқаны үшін арнайы диплом және естелік сыйлығын салтанатты түрде табыстады. Ал мектеп директоры А.Бельгибаева қысқаша дайындалған тақырыптық баяндамасынан соң әр түлекке он бір жыл бойғы жетістіктері үшін мадақтаманы табыс етті. Бастауыш, негізгі һәм жоғары буында сынып жетекшілік еткен Г.Кадырханова, М.Оспанова, С.Сейсембеков қолынан тәрбие алған шәкірттерін өз алдына құттықтады. Қырық тоғызыншы түлектердің әжелері Д.Дөненбаева, Л.Қапанова, Б.Қалымова қазақы дәстүр бойынша тәттіден шашу шашты.

Биылғы мектеп бітірушілердің ізін өкшелеп келе жатқан оныншы сынып оқушылары ақ өлеңге ерік берсе, «Соңғы қоңырауды» өмірлерінде тұңғыш рет естіп отырған әрі жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа баратын мектепалды даярлық тобының тәрбиеленушілері әр түлекті сипаттайтын әзіл-шыны аралас өлең шумақтарын бал тілдерімен жеткізіп бақты.

Өз алдына сахна төрінде жайғасқан мектеп түлектері өз кезегінде өздеріне он бір бойы оқу-тәрбие нәрімен сусындатқан, бар ұстаздық мерейін Күн нұрындай шашқан туған мектебіне, оның әкімшілігіне, ондағы пән мұғалімдеріне арнаған алғыс-рақметтерін жүректі толқытар өлең шумақтарымен, тақырыпқа сай іріктелініп қойған әндерімен жеткізді. Маусым айының екінші жұлдызында болатын Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағында үміт пен сенімді арқалап отырған бес үміткердің бағы һәм бабы жанатынына тілектестіктерін сөз алғандардың барлығы дерлік бір ауыздан білдірді.

Осыдан қырық жыл бұрын Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебін бітірген тоғызыншы түлектердің бір шоғыры осынау салтанатқа арнайы келіп, сынып жетекшісі болған ардагер ұстаз Д.Ақатаевтың иығына қазақы шапан жауып, мектепте естелік сыйлық табыстады.

Осынау «Соңғы қоңырау» салтанатында мектеп түлектері алтын Күндей жарқыраған білім кілтін бірінші қыркүйекте қолдарынан жетектеп мектеп табалдырығына өздері кіргізген мектепалды даярлық тобының бүлдіршіндеріне табыстады. Соңғы қоңырау соғу рәсімін жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа баратын Темірлан Садуақасов және 49-түлек Анель Батырханова соқты.  2014/15 оқу жылы да тәмамдалды, мектеп түлектері жеке өмірге қанат қақты.

Сайып келгенде, әр оқу жылының соңғы күнінде соғылатын күміс қоңыраудың сыңғыры оқушылар қатарынан тағы бір топ түлектерді жеке өмір атты айдынға мектеп жағасынан алыстата бастайды. Қоштасудың қандай қиындығына қарамастан, осынау заңдылыққа бағынуға тура келеді. Өмір жалғасуда. Үміт жетелеуде. Сенім артуда.

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 911 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: