21:39
Құрметті азамат

КӘМИЛАНЫҢ ӘМБЕБАП ӘРЛІЛІГІ

  Жалғанда адамның адамдығы һәм азаматтығы халық қамы үшін жасаған қажырлы қайраткерлігімен, қажымас еңбегімен танылады әлбетте. Асылында, «өшпес ат пен өлмес хат» қалдырған жанда басқа арман жоқ қой.

Биыл Лебяжі ауданының құрылғанына жетпіс бес жылдың жүзі болғаны белгілі. Ал осынау мерейлі жылдар аралығында ауданға қарасты ауылдарда ерен еңбегімен көзге түсіп, даңқ-құрметке бөленген асыл азаматтар қаншама. Сондай жандардың бірі – Кәмила Өмірбайқызы Әмрина.

Өткен ғасырдың бел ортасында Лебяжі ауданы Шарбақты ауылына қарасты Төсағаш бөлімшесінде жұмысшы отбасында дүние есігін ашқан Кәмила 1957-1964 жылдарда сондағы Зор-Октябрь жеті жылдық мектебінде, ал 1964-1967 жылдары Шарбақты орта мектебінде оқыды. Жоғары сыныпта білім алып жүріп, аудан орталығындағы №93 Лебяжі ауылдық кәсіптік техникалық училищесі филиалының кешкі бөлімінде қатар оқып, үш сыныптық тракторшы мамандығын қоса алды.

Еңбек жолын бірден мектептен соң Төсағашта қатардағы жұмысшы болып бастады. 1971 жылы Кәмила Өмірбайқызына МТЗ-50 маркалы трактор берілді. Осылайша кіндік қаны тамған өлкеде механизаторлық еңбек жолы басталып та кетті. Сол кездің өзінде білекті ер азаматтармен иық тірестіре жұмыс жасап, алғы шептен көріне біліп, биік жетістіктерге қол созды. Осының арқасында 1972 жылы КСРО-ның Коммунистік партиясы қатарына қабылданды. Дәл сол жылы өрімдей жас қызды ауылшаруашылық қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымынан Мәскеу қаласында өткен Бүкілодақтық кәсіподақтардың XV съезіне делегат етіп сайлады. Ол ол ма, сол жылдың жемісті болғаны сондай – «Еңбектегі ерлігі үшін» және Бүкілодақтық жастар ұйымының «Алтын масақ» медальдарымен қоса марапатталды.

Талабы атқыған Кәмила 1979-1982 жылдар аралығында Павлодар іргесіндегі Красноармейка ауылындағы ауыл шарушалығы техникумында сырттай оқып, агроном маандығына ие болды. Осы жылдар ішінде Кәмила Әмрина елеулі жетістікке қол жеткізді.

1980 жылы механизатор әйелдер арасында өткен Бүкілодақтық социалистік жарыстың жеңімпазы атанып, атақты тракторшы Паша Ангелина атындағы сыйлықтың иегері болды. 1981 жылдың 5 наурызында КСРО-ға тарайтын «Сельская жизнь» газетінде Ю.Грачевтың «Наследницы Паши Ангелиной» атты мақаласында: «КСРО ауыл шаруашылығы министрі В.К.Месяц бұл жүлдеге Кеңес Одағы бойынша 1980 жылғы социалистік жарыс қорытындысы нәтижесінде ең биік жетістіктерге жеткен, жаңашыл мамандар,  жанар-жағар майға, жөндеу жұмыстары және трактор агрегаттарына техникалық қызмет көрсету қаражаттарын үнемдеген отыз механизатор әйел лайық деп танылды», - деп атап өткен.

Еңбегі ерен, жұмысы жұлдыздай жанған К.Әмринаның сол кездегі жетістіктері хақында 1989 жылы Мәскеудің «Мысль» баспасынан жарық көрген Яков Садовскийдің «Когаршин, голубь мира» очеркінде мынадай үзінді өзіне еріксіз тартады:

«Кәмила өз тракторының нағыз иесі, техникасына ерекше құрметпен қарайды. Бірақ ең бастысы, ол – тереңнен ойлайтын, бастамашыл жан. Тракторлар қазіргі уақытта өзімен бірге алты шөп шапқыш құралды алып жүреді, ұзындығы он төрт метр тырмалары бар. Көз алдыңызға елестетіп көріңізші – далада жүрген поезға ұқсайды. Осының бәрі –  Кәмиланың бастамасымен атқарылып жүрген жұмыс. Алыстағы шопандарға шөп және жем тасу үшін бұрынғыдай үш-төрт тонналық тіркеменің орнына он тонналық тіркемені алдыңғыларының бірі болып совхозда игерген де Кәмила. Кәмила сияқты мамандардың арқасында совхоз механизаторларының жұмыс өнімділігі соңғы жылдары екі есеге артты. Атақты тракторшы Паша Ангелинаның жүлдесін алу үшін тек жақсы, ақылды механизатор ғана болу аздық етеді. Ол үшін адам осы далада өзінің қолтаңбасын қалдыруы шарт. Біздің Кәмила өзінің қолтаңбасы бар ерекше маман, - деді «Лебяжі» совхозының директоры Әмірғалиев Сатыбалды Баязитұлы».

1981 жылғы 13-14 қаңтарда Павлодар қаласында өткен облыстық ХХІІ партия кноференциясына делегат болып қатысты. Зор құрмет көрсетіліп, Кәмила Өмірбайқызы облыстық партия комитетінің мүшесі болып сайланды һәм КОКП-ның XXVI съезіне Павлодар облысынан делегаттар құрамына бекітілді. Ал 1980 жылы өзінің есімі жазылған К-700 маркалы алып тракторды иеленді.

1988-1990 жылдар аралығында Жоғары партия мектебін аяқтаған соң Кәмила Әмрина Малыбай ауылында аудандық мамандандырылған шаруашылық бірлестігі партия ұйымының хатшысы болып қызмет атқарды. 1990-1991 жылдары Лебяжі аудандық партия комитетінде нұсқаушы, 1991-1993 жылдары Павлодар облыстық зейнетақы қоры Лебяжі филиалында инспектор, 1993-1997 жылдары Лебяжі аудандық мұрағатында мұрағатшы, аудандық мұрағат директоры, 1997-1998 жылдары Лебяжі ауданы әкімі аппартында тіл маманы, 1998-2002 жылдары Лебяжі аудандық мұрағатының директоры, 2003-2008 жылдары құрметті зейнеткерлікке шыққанша дейін аудандық жер қатынастары бөлімінде бас маман қызметтерін асқан абыроймен атқарды.

Бір ұлды тәрбиелеген ана атанды һәм екі немере қызығын көрген әже де болды.

Қарап отырғанымыздай, жасампаз еңбектің таптырмас үлгісін көрсеткен Кәмила
Өмірбайқызының есімі азаматтық тұрғыдан қадір-құрметке сондай орынды, сондай қонымды. Осынау тұлғаны Даңқ тұғырында көру өскелең ұрпақ үшін өркенді өнеге ғой қашанда.       

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ[i]

Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

 

[i] Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, №3741-мүшелік билет

Просмотров: 808 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: