21:40
Нар тұлғаны еске алу додасы

БОЛАТТАЙ БОЛМЫСЫ БӨЛЕК

Әлбетте, елі үшін аянбай еңбек еткен азаматты еске алу – сауапты іс. Күні кеше ғана ортамызда ойнап-күлген адамның енді арамызда жоқ екеніне еш сенгің-ақ келмейді. Бірақ, амал нешік, тағдырдың жазуы солай болса, көресің де көнесің екен. Өмірден озып кеткен адам туралы өткен шақта айту қаншалықты ауыр болса, ол жайында жазу да соншалықты зілдей ғой.

Тірі болса Болат Молдакәрімұлы алпыстың жетеуін бағындырар еді. Сұм ажал тіректей ағамызды биылғы жылдың шілдесінде алып тынды. Ауданымыздың білім саласы, оның ішінде дене шынықтыру және спорт жағы орны толмастай қайғыға душар болды. Апталдай тұлғаның орны ойсырап қалды.

1965 жылы Лебяжі орта мектебін тәмамдаған Молдакәрімұлы Болат 1966-1970 жылдары Павлодар педагогикалық институты дене шынықтыру факультетінде жоғары білім алған екен. 1970 жылы Лебяжі аудандық білім бөліміне қарасты Шарбақты орта мектебінде еңбек жолын дене шынықтыру мұғалімі ретінде бастап, дүниеден өткенше дейін бақандай қырық төрт жыл еш үзіліссіз аянбай да асқан абыроймен қызмет етті. Осынау тамаша еңбек жолында жасөспірімдер спорт мектебінің филиалында шебер жаттықтырушы қызметінде жас палуандарды, жас баскетболшыларды нағыз кәсіби тұрғыдан жаттықтырды, шынықтырды, дайындады. Сәйгүліктей саңлақтық танытқан шәкірттері еліміздің, көрші Ресейдің Барнауыл, Новосібір қалаларында өткен жарыс-додаларда белсенділік танытып, жүлделі орындарға ие болды. Осыдан жиырма бес жыл бұрын «Ағарту ісінің үздігі» кеуде белгісімен марапатталды Болат Молдакәрімұлы. 2007 жылы Қазақстан Республикасы білім және ғылым Министрлігінің дене тәрбиесі ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Құрмет грамотасымен, ал 2008 жылы спорт ізбасарларын даярлап, спорттың ғылыми-әдістемелік саласына қосқан үлесі үшін алтын және күміс медальдарға ие болды. Ал 2011 жылы Қазақстан Республикасы туризм және спорт Министрлігінің «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» деген атақ берілді.

Марқұм Б.Молдакәрімовтің туған күні он жетінші қазан екен. Осыған орай Лебяжі аудандық білім бөлімінің кәсіподақ ұйымы ауданға қарасты мектептерде жұмыс істейтін қызметкерлер арасында Лебяжі жалпы орта білім беретін мектебінің кең де жарық спортзалында баскетболдан еске алу жарысын ұйымдастырды күні кеше. Болат Молдакәрімұлының аруағын сыйлап, құрмет көрсетіп, сауап болар шараға Шарбақты, Лебяжі, Жамбыл, Потанин және Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектептерден құрама командалар қатысуға ниет білдірді.

Жарыстың ашылу бөлімінде сөз алған Лебяжі ауданы әкімінің орынбасары А.Қасымова Б.Молдакәрімовтің аудан тарихында алатын орасан орнын екшесе, ауданымыздың құрметті азаматы М.Смағұлов, аудандық «Аққу үні» газеті редакторының орынбасары, қоғам қайраткері әрі нағашысы С.Кәрім де өз сөздерінде Болат Молдакәрімұлының жарқын бейнесін сағынышпен еске алып, жарысты ұйымдастырушыларға деген шексіз ризалықтарын бірауыздан білдірді. Ауданымыздың құрметті азаматы әрі қаншама дарынды шәкірт тәрбиелеп өсірген атақты палуан жаттықтырушы Н.Оразалин өз кезегінде Болатпен мектепте оқыған қызықты шақтарын, одан кейін институт қабырғасында құлын-тайдай бірге өскен студенттік кездерін, қала берді еңбек жолын бастаған алғашқы қадамдарын сағынышпен еске алып, енді қайтып келмес сонау өмір сәттеріне сапар шекті. Ал аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт клубының директоры Т.Кенжеғалиев болса, Болат ағамыздың азаматтық нар тұлғасын елі үшін, болашақ үшін адалымен тер төккен бірегей еңбегіне тебірене тоқталып қана қоймай, ағамыздың орнын жоқтатпайтын арыстай үш ұлының ата-ананың өнегелі тәрбиесімен қазіргі таңда қол жеткізген асуларын мақтанышпен айтты. Айталық, үлкені Самат Болатұлы Атлант мұхитының аржағындағы алып АҚШ-тың Калифорния штатындағы Сан-Диего қаласы Калифорния университетінде ғылыми қызметте болса, ортаңшысы Санат Болатұлы әке таяғын ұстап, Қазақ академиясының спорт және туризм магистратурасында білім-біліктілігін ұштауда, ал кенжесі Садат Болатұлы биология ғылымының кандидаты, Германияның Лейпциг университетінде аты дардай ғылыми қызметкер екен. Бәрінен бұрын Болат Молдакәрімұлының жанжары әрі қоғам қайраткері, ардагер ұстаз Мәйкен Жұмабекқызына көпшілік алдында сөз айту қиынға тиді. Жарты ғасырға жуық отасқан жарын еске алу қай адамға болсын жеңіл тимесі анық. Көз жасына ерік берген Мәйкен апай сабыр сақтап, бойын жинап, жарысқа қатысушыларға адал ойын мен не бел, не белбеу кеткенше тартысты дода тілеп, осынау жарыстарды ұйымдастырушыларға деген шексіз әрі аналық, әрі азаматтық алғыс-ризалығын білдірді.

Баскетбол жарысы айналмалы түрде түзілді. Демек, әрбір команда бір-бірімен кездесулер өткізді. Паркетте ойын өрнегін өрбіткен мектеп құрамалары сапында өнер көрсеткендер әр кездесудің әр сәтінде бойда бар қарым-қабілеттерін ортаға салумен болды. Дегенмен жеңіске деген мығым құштарлығымен әрі командалық ойынның керемет үлгісін көрсетіп, бар кездесудерде қарсыластарын ұтумен ғана ойқастап, еске алу жарыстарының жеңімпазы болып, көшпелі Кубокті Лебяжі жалпы орта білім беретін мектебі ұжымы қанжығаларына байлады. Ол заңды да. Себебі бұл құраманың сапындағы, біреуін айтпағанда, қалған барлық ойыншы дерлік дене шынықтыру пәні мұғалімдері екен. Екінші орын тұғырына келісті ойын үлгісін көрсете білген Жамбыл жалпы орта білім беретін мектебінен қатысқан құрама команда көтерілді. Жүлделі орындардың үштігін баскетбол паркетінде тер төккен Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің құрамасы орнықты. Жүлдеге ие болған әрбір ұжым Болат Молдакәрімұлының фотосуреті бар Мадақтама грамота һәм ақшалай гонорармен салтанатты түрде марапатталды. Сонымен бірге жарыс барысында үздік шабуылшы, үздік қорғаушы, үздік таратушы атанған жекелей ойыншыларға диплом және шағын естелік бұйым табыс етілді. Марапаттау рәсімінен соң осынау додаға қатысқан құрама командалар жарысты ұйымдастырушыларды ортаға алып, естелік фотосуретке түсумен болды.

Бір жақсысы, аталмыш еске алу жарыстарын Лебяжі аудандық білім бөлімінің кәсіподақ ұйымы жылда өткізіп тұруға уәде етті. Бәлкім, келесі жылғы додаға бұдан көп команда қатысып, шынайы сауапқа бөленері сөзсіз.

Ар да арда тұлға болған Болат Молдакәрімұлын оның орнын жоқтатпауға тырысып жүрген жанжары Мәйкен Жұмабекқызы, үзеңгілес жолдас-жорасы Н.Оразалин (жарыс кезінде зейнеткерлік жасына қарамастан Шарбақты орта мектебі құрамасы сапында ойнады), нағашысы С.Кәрім һәм басқа да лауазымды тұлғалар, қызметтес болған әріптестері, болаттай болмысы бөлек ағаны әрдайым құрметтеген, шынайы үлгі тұтқан ізбасарлары осылайша қадір тұтып, еске алды.

Әлі де Болат Молдакәрімұлының арамызда енді жоқ екеніне сенгің келмейді. Көзі тірісінде өзі де аудандық көлемде өткізіліп жүрген түрлі спорт жарыстарынан қалмайтын. Нар тұлғасымен көпшілік ортасында бірден көзге түсетін. «Ассалаумағалейкүм!» деп қол беріп амандасқанда, қарулы алақанымен қолды қысып, бойыңды бірден сергітіп тастайтын нағыз жігіттік қасиеті болатын. Одан соң «Қалың қалай, ұлым?» деп әкелік мейірімімен өзіңді бірден баурап алатын ғой, шіркін!

Жоғарыда сөз болған жарыстардың ашылу сәтінде сөз алған Тоқтамыс Жәнібекұлы Болат Молдакәрімұлы тер төгіп дайындаған жас баскетболшылардың бір парасы еліміздің Жоғары лигасында өнер көрсетіп жүргенін айтып өткен болатын. Сол бір сөздер көкейде ұзағынан сақталып қалғандай, өйткені шебер ұстаздың шын бақыты сол – талапты да дарынды шәкіртінің белден бел, асудан асу асып, үкілеген үмітті, асқақтатар сенімді қыр-қырынан ақтауында. Болаттай болмысы бөлек Болат Молдакәрімұлына мың тағзым!         

Серік КӘРІМ

Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ[i]

Аққу ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

 

[i] Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, №3741-мүшелік билет

Просмотров: 1156 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: