21:00
Нұрлы жол

АЙДАРЛЫ АЙҚЫНДАМА

Әлқисса, Елбасы һәм Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына дәстүрлі жыл сайынғы Жолдауын жариялады. «Менің тапсырмама сәйкес Үкімет дамудың ауқымды жаңа бағдарламасын әзірлеуді аяқтады. Бүгінде біздердің алдымызда тұрған сын-қатерлерге жауап бере отырып, мен Қазақстанның «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын жария етемін. Дәл осыған мен 2015 жылға арналған халыққа Жолдауымды арнаймын», – Н.Назарбаев. Елбасының атап өтуінше, жаңа саясат еліміздің құрылымдық реформаларын одан әрі жүзеге асыруға бағытталатын болады. “Мен өзімнің үлкен тәжірибеме қарап, алдағы жылдары әлемде және біз үшін де жаһандық сынақтар болатынын күні бұрын сеземін. Әлемнің архитектурасы өзгеретін болады. Бұл күрделі кезеңнен мемлекеттердің бәрі бірдей лайықты түрде өте алмайды, бұл шептен тек мықты, біріккен халықтар мен елдер ғана өте алады”, – деп мәлімдеді Президент.

Әлбетте, Президент Жолдауды не себепті күні бұрын арнап отырғанын түсіндірді. “Құрметті отандастар! 2007 жылы әлемдік дағдарыс басталды, сын-қатерлер әлі күнге дейін бар және бұл дағдарыс жалғасып келе жатыр. Ресей мен Батыс арасында санкциялық саясат бар. Таяу Шығыста болып жатқан оқиғалар да Қазақстанға белгілі бір дәрежеде ықпал етеді. Біз халықтың сенімін ақтау үшін шараларды қолға алып, одан басымыз бүтін күйде шығуымыз керек. Таяу жылдары еліміз үшін аса оңай болмайын деп тұр, сол себепті өз Жолдауымды, жаңа жылдан бастап нені қолға алу керектігін күні бұрын арнауды жөн көрдім. Соған уақыт беру үшін мен жылдың соңында Жолдауымды арнап отырмын”, – деді ол. Н.Назарбаевтың айтуынша, Қазақстан әлемдік экономиканың бір бөлігі – геосаяси шиеленіс эпицентріне жақын орналасқан ел ретінде әлемдегі үрдіс-үдерістердің жағымсыз әсерін бастан өткеріп отыр. “Біз не болып жатқанын көріп отырмыз. Әлемдік нарықтарда баға құлдырап жатыр, тұтастай алғанда, экономикалық өсім баяулап қалды. Халықаралық валюта қорының әлемдік экономика дамуының 2014 жылға және содан кейінгі екі жылға арналған болжамдарын төмендеуге қарай қайта қарағаны белгілі. Бұл да бізге әсер ететін болады. Сондықтан кейбір ұстанымдарды жедел қайта қарау керек және алдағы кезеңге арналған жоспарларға түзету енгізген жөн. Бізде арқаны кеңге салуға уақыт жоқ. Біз айтып отырған шараларды 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асыру керек, біз келеңсіз үрдістердің алдын алу үшін барлық шараны қолға алып, бізге мұның зияны тимейді деп есептейтін халықтың үмітін ақтауымыз қажет. Бізде мұндай тәжірибе бар”, – деді Елбасы.

«Нұрлы жол» Жолдауынан басты-басты басымдықтар баянды болашаққа бастайды. Айталық, биылғы Елбасы Жолдауының білім саласы қызметкерлері үшін де орны ерекше болды. Президент дәстүрлі Жолдауында «Мәңгілік ел» қағидасына айрықша көңіл бөлуі тегін емес. «Нұрлы жол» даму бағыты аясында жастардың болашаққа деген сенімін айқындап, қажырлы еңбек ете отырып, келешекті кемел ету жолында жастардың үлесі зор екендігін баса айтты. Болашақта тәуелсіз еліміздің тұғыры биік, қарыштап дамуы үшін сапалы білімі, саналы тәрбиесі бар отансүйгіш жастар ғана бар белесті бағындырары хақ. Сондықтан да әрдайым Көшбасшымыздың әр Жолдауынан тың серпін, жаңа бағыт-бағдар алуға болады. Болашақ ұрпақ үшін заманауи әдістер мен технологияларды енгізу, білімге қолжетімділікті кеңейту, білім сапасын арттыру Қазақстанның одан әрі қарыштап дамуына үлкен үлес қосады. Сонымен қатар апатты мектептер мәселесін шешу үшін Үкімет қосымша 70 млрд теңге бөлетін болды. Бұдан бөлек, Президент балабақшалардың жетіспеушілігіне де тоқталып, осы бағытта мектепке дейінгі мекемелердегі мәселелерді алдағы үш жылда шешуді жүктеді. Бұл үшін қосымша 20 млрд теңге бөлінбек.
Білімді ұрпақ – жарқын болашақтың кепілі, болашақтың тірегі жастардың білім саласында толыққанды білім алуына жағдай жасалып отыр. Осының барлығы Елбасының қамқорлығының арқасында ғой анығында. Сонымен бірге осы уақытқа дейін Жол картасы, моноқалаларды дамыту бағдарламасы іске асырылып отыр. Осы екі бағдарлама бойынша бүгінгі күнге дейін 300 мыңға жуық азамат жұмыспен қамтылды. Ал, Жолдау бойынша, тек жол салу арқылы ғана 200 мың жұмыс орны ашылады. 200 мың адам ертең жұмыскер болса, осынша отбасының әл-ауқаты жақсарады деген сөз. Сонымен қатар, халық қалаулысы өз сөзінде Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында білім және ғылым саласына ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті.

Зерделесек, Елбасының биылғы Жолдауында басты назар еліміздің инфрақұрылымын дамыту мәселесіне бағытталды. Тарихқа үңілетін болсақ, экономика үшін ауыр кезеңдерде инфрақұрылымды дамыту, экономиканы жандандыру үшін ең тиімді құрал болып саналады. Президенттің Жолдауында еліміздің инфрақұрылымының әртүрлі салалары толығымен қамтылған. Яғни, бұл тек қана транспорт-логистикалық инфрақұрылым ғана емес, сонымен қатар, индустриалды-энергетикалық, тұрғын-үй және т.б. инфрақұрылымдар жүйелері болып отыр. Сондай-ақ, орта және шағын бизнесті қолдаудың арнайы іс-шаралары жайлы атап өтілді. Еліміздің дамуы үшін аса маңызды мәселе, Қазақстанның Еуропа мен Азияны жалғайтын жерүсті халықаралық дәліздеріне белсенді қатысуы болып табылады. Бұл тек қана өнімдерімізді халықаралық нарықтарға тиімді жеткізу емес, сонымен қатар транзиттік тасымалдаудан түсетін төлемдердің ел пайдасына түсетіндігінде.

Бір жақсысы, Елбасы Жолдауы әрқашан еліміз үшін маңызды мәселелерді қамтып келеді. Осы жылғы Жолдауда экономикалық мәселелер басты маңызға ие болғаныменен, Президентіміз еліміздің рухани-мәдени мәселелерін де атап айтып, «Мәңгілік ел» идеясының қазақстандықтар үшін маңызын толығымен түсіндіріп өтті. Бүтінді бөлшектегенде, 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы өтетіндігі барша қазақстандықтар үшін аса маңызды іс-шара болып табылатындығын, сондай-ақ, осы 2015 жылы Қазақстан халықтары ассамблеясының 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы

Бағамдасақ, осынау Жолдау қысқа әрі нақты болғанын атап өту қажет. Яғни, Үкіметке анық тапсырмалар берілді. Ұлттық қордың қаражатын жұмсайтын уақыт келді деп Президент атап өтті. Экономиканың осындай кезеңдерінде қаражатты инфрақұрылымға салғаны міндетті түрде ақталады. Бұл – экономикалық заңдылық. Әрине, көпшіліктің талқылауына, біріншіден, жаңа тұрғын үй бағдарламасы түскені анық. Себебі, бұл – еліміздің азаматтары үшін өте ауыр сұрақтың бірі. Соңғы әлеуметтік қақтығыстардың көпшілігі үй мәселесі бойынша болғанын ұмытпаған жөн. Жас отбасылардың 80 пайызында жеке баспанасы жоқ деген мәліметтің бары жасырын емес. Осыған дейін жаңа ипотекалық бағдарлама қажет, оның пайызы төмен болуы тиіс деген ұсыныс көп айтылған болатын. Міне, енді жүзеге аспақ. Бұл азаматтардың баспаналы болуымен қатар, жаңа жұмыс орындарының ашылуына алып келмек. Ең бастысы, бюджет, зейнетақы қорындағы қаражаттан бөлек, ұлттық қордағы ақша талан-таражға түспеуі керек. Анығы сол, елімізді қыруар жұмыс күтіп тұр. Сондықтан тек сөзден іске көшіп, нәтижесін күту қажет.

Елбасы сөзімен түйіндесек: «Ел Бірлігі – біздің барша табыстарымыздың кілті. Тұрақты дамудың Қазақстандық моделі бүгінде бүкіл әлемге үлгі. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойын және халықаралық EXPO-2017 көрмесін табысты өткізіп, еліміздің әлеуетін әлемге паш етеміз. Ұлы жолдағы сапарымыз сәтті, болашағымыз жарқын болсын! Баршаңызға «Нұрлы Жол» Жолдауын жүзеге асыруда табыс тілеймін!». Осынау нұрлы жолға әр қазақстандық үлес қосса, нұр үстіне нұр жауары сөзсіз.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ[i]

 

[i] Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, №3741-мүшелік билет

Просмотров: 1048 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: