21:37
Мектеп тынысы

АТА-АНАНЫҢ ҚАДІРІН БАЛАЛЫ БОЛҒАНДА БІЛЕРСІҢ

Күні кеше ғана Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде жалпымектептік ата-аналар жиналысы өткізілді. Осынау маңызды шараға мектеп әкімшілігінен басқа Қызылағаш ауылдық округі әкімі Ж.Байтілеуова, Лебяжі аудандық ішкі істер бөлімінің кәмелет жасқа толмағандар істері жөнінен инспектор, полиция капитаны Б.Семенов және Бесқарағай ауылының сақшысы, полиция капитаны А.Байғожин қатысты.

Жиналысты тізгіндеген мектеп директоры А.Белгібаева жиналған ата-аналарға мектеп ережелері жайында тағы бір мәрте құлақдар етсе, оқу істері меңгерушісі Б.Ибраһим оқушылардың бірінші тоқсан қорытындылары бойынша мәтіндік есеп тапсырды, ал мектеп директорының тәрбие істері бойынша орынбасары Б.Мазанова тәрбие жағынан ақпарат берумен қатар мектеп жасындағы құқық бұзушылық жағына да әңгіме арнасын бұрды, мектеп психологі М.Жүрсінова өз кезегінде мектеп оқушыларының психологиялық хал-ахуалынан алдын ала жүргізілген тест нәтижелері тұрғысынан сыр тарқатты. Аудан орталығынан келген Болат Сәкенұлы ата-аналар қауымына оқушылардың түнгі не түнге қараған шақта бейсауат жүріс-тұрысына заңды түрде тосқауыл-шектеу қойылатынын артық рет баяндаса, ауыл сақшысы Азамат Қайроллаұлы бұл бағытта жүргізілетін жұмыс жіті назарда екенін білдірді. Осынау жиналысты қорытындылаған ауыл әкімі Жанат Шоқанқызы өз сөзінде ата-аналар қауымына баланы бағып-қағудың маңыздылығын, оған деген жауапкершілік жағына айырықша тоқталды.

Аталмыш жиында ата-аналар тарапынан қойылған көкейкесті сұрақ-сауалдарға да мардымды жауаптар қайтарылды.

Мектеп әкімшілігі есік қағып келіп қалған күзгі каникул кезінде оқушылар қауіпсіздігін жіті назарда ұстау қажеттігін ата-аналарға, сынып жетекшілеріне мықтап тапсырды.

«Темірді қызған кезде соқ» демекші жиналыстың соңын іле орта және жоғары буын оқушыларына құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша арнайы жиналыс ұйымдастырылды. Онда Лебяжі аудандық ішкі істер бөлімінің кәмелет жасқа толмағандар істері бойынша инспектор, полиция капитаны Б.Семенов оқушыларға Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 336-бабы бойынша нақты тәрбиелік нұсқаулық берді. Мектептің ішкі бақылауында тіркелген тәртібі алаңдататын оқушыларға бөлек тәрбиелік әңгіме тағы өткізілді.

Бірнеше күн бұрын ҰБТ-2015 сынағына дайындық бойынша болашақ мектеп түлектерінің, олардың ата-аналарының, жыл сынағына тер төгіп дайындауға әлдеқашан кірісіп кеткен пән мұғалімдерінің қатысуымен келелі жиналыс тағы болды. Онда ҰБТ-ге дайындықтың жолдары егжей-тегжейлі қарастырылды. Пән мұғалімдері дайындық барысында кедергі болып тұрған мәселелерді ортаға салды. Ата-аналарға һәм оқушыларға мектеп әкімшілігі тарапынан қадау-қадау міндеттер тапсырылды.   

Мектеп жасындағы балалардың еріктен тыс қатысуымен жиілеп орын алып отырған қылмыстық оқиғалар селқостықты, немқұрайдылықты көтермейтіні тағы бар. Сондықтан оқушылардың алаңсыз демалысын бақылау санасы сау, көкірегі ояу әрбір ересек адамның азаматтық міндеті екені сөзсіз.       

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ[i]

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

 

[i] Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, №3741-мүшелік билет

Просмотров: 816 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: