11:49
Ұлы Жеңіс ұлағаты

ЛЕБЯЖІ ӨҢІРІНЕН АТТАНҒАН ЖАУЫНГЕРЛЕРДІҢ ЕРЛІКТЕРІ

Ұлы Жеңістің жетпіс жылдық мерейі асқарланған биылғы жыл – тарих үшін айырықша сәт, ерекше мезет. Жеңіс күні күні кеше мерекеленіп өтсе де, осынау Жеңіске сүбелі үлес қосқан тау тұлғалар хақында танымдық әңгіме айту жалғаса бермек, жалғаса бермек. Демек, Лебяжі өңірінен аттанған жауынгерлердің ерліктері жайында сөз үзілмек емес.

Дүйсенов Қалы Дүйсенұлы 1922 жылы Лебяжі ауданы Қаракесек (қазіргі Қызылқоғам) ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. 1936 жылы Павлодар педагогикалық училищесіне түсіп, сол жылы Бесқарағай мектебінде мұғалім болып қызмет атқарды. Ұлы Отан соғысы басталған кезде 805-атқыштар полкінде взвод командирі болып тағайындалды. 1946-1948 ж.ж. Лебяжі ауданы Қызыләскер орта мектебінің жанындағы интернаттың меңгерушісі, 1948-1951 ж.ж. осы мектепте әскери жетекші және зертханашы болып еңбек етті. 1951-1953 ж.ж. Тілектес орта мектебінде меңгеруші, 1953-1982 ж.ж. Қызыләскер орта мектебінде бастауыш сыныптар мұғалімі болып қызмет жасады. «Қызыл Жұлдыз», «ІІ дәрежелі Отан соғысы», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, медальдармен, «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен, республикалық, облыстық деңгейдегі грамоталармен марапатталды.

Дәнкенов Мағаш 1922 жылы Лебяжі ауданында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына қатысушы. 1941 жылы Павлодар облысы Лебяжі аудандық әскери комиссариаты шақыруымен Қызыл Армия қатарына қабылданды. Сұрапыл соғыс кезінде Ленинград облысы Волхов майданында кавалерия полкінің тыңшылар тобының сапында соғысты. Соғыс жылдары жаудың тілдерін қолға түсіру мақсатымен майдан шебіне бірнеше мәрте аяқ басты. Үш рет ауыр жараланды, жарылғыш заттың жарықшағынан да жара алды, бірнеше рет әскери госпитальда емделді. Бейбіт күндерде Лебяжі (қазіргі Аққу) ауылында еңбек етті. «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Маршал Г.К.Жуков» медальдарымен, «Соғыс ардагері», «Социалистік жарыстар жеңімпазы», «Ұзақ және адал еңбегі үшін» белгілерімен наградталды.

Даржұманов Мұқатай 1901 жылы Павлодар облысы Май ауданының 9-ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысының ардагері. 1942 жылы соғысқа шақырылды. Ауыр жарақаттан соң елге оралып, Тереңкөл ауылдық Кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Кейін бірнеше ұжымшарда төраға болды. Ауыл шаруашылық өндірісінде үздік көрінгенін М.Даржұмановтың екі рет Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылық көрмесіне (1955, 1957) қатысқандығы дәлелдейді. Ұлы Отан соғысына қатысқаны үшін түрлі медальдармен және басқа да медальдармен, грамоталармен марапатталды.

Егімбаев Арын 1917 жылы Лебяжі ауданы Бәсентиін-Күшік тоғайының баурайында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. Балалық шағы Қарақала ауылында өтті. 1933-1936 ж.ж. Павлодардағы Воровский атындағы педагогикалық училищеде оқып, бастауыш сыныптар мұғалімі мамандығына ие болды. 1937-1940 ж.ж. Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институттың физика-математика факультетін тәмамдады. Оны бітірісімен Лебяжі ауданы Қызыләскер мектебінің мұғалімі әрі оқу ісі меңгерушісі қызметінде болды. 1940 жылы әскер қатарына шақырылып, Қиыр Шығыстағы Байқал маңындағы шекарашылар училищесін аяқтап, 1941 жылы Белоруссияның Брест қамалына әскери борышын өтеуге аттанды. Ұлы Отан соғысы басында Брест қамалын қорғау кезінде ерлікпен қаза тапты.

Әбу Смағұлұлы 1905 жылы Ақмола облысы Ерментау ауданы Торғай кеңшарында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысының ардагері. 1929 жылдан бастап облыстық «Қызыл Ту», Лебяжі аудандық «Ленин жолы» газет редакцияларында тілші мамандығы бойынша қызмет атқарған. 1938 жылдан бастап Лебяжі аудандық партия комитетінде, 1940 жылдан Май аудандық партия комитетінде қызметтер атқарды. Соғыс кезінде ІІ Украин майданында, Забайкалье майданында ерлік көрсетті. 1947 жылдан Лебяжі ауданында партия комитетінде қызмет атқарды.

Әмірғалыұлы Қайкен 1925 жылы Лебяжі ауданы Қарақала ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. Жастайынан еңбекке араласты. 1943 жылы Кеңес Армиясының қатарына алынды, 1951 жылы елге оралды. Ветеринар қызметінен бастап бөлімше меңгерушісіне дейін көтерілді. Өмірінің соңына дейін №4-бөлімшенің меңгерушісі қызметін атқарды. Ауыл шаруашылығының еңбек сіңірген қызметкері, бірнеше медальдармен марапатталды.

Әмірғалыұлы Төлен 1922 жылы Лебяжі ауданы Қарақала ауылында дүниеге келді. Ұлы отан соғысының ардагері. 1941 жылы Кеңес Армиясының қаратына алынды. 1945 жылы соғыс аяқталған соң елге оралып, әр салада еңбек етті. Кейіннен №2-бөлімшенің меңгерушісі болып қызмет атқарды.

Әкіжанов Байзолла 1923 жылы Лебяжі ауданы Төсағаш ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. Мектепте оқып жүрген кезінде Семей қаласындағы аэроклубқа қатысты. 1944 жылы Ворошилов атындағы 1-Чкалов әскери-авиация мектебін аяқтады. Одан соң 1-Украин майданындағы 2-әуе армиясының 95-Гвардиялық Рава-Русский Қызыл Тулы әуе полкінің ұшқыштар қатарында аға ұшқыш болып қызмет жасады. Фашистерден Польшаны, Германияны, Чехословакияны азат етуге қатысты. Соғыстан кейін Мәскеудегі Қызыл алаңдағы және Тушино әуежайындағы әскери-әуе парадына қатысты. 1952-1954 ж.ж. халықаралық әуе жолдарын меңгерді. Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, шалғай авиацияның қолбасшысы, авиацияның Бас Маршалы А.А.Новиковтың жеке ұшқышы болды. 1954-1960 ж.ж. Әскери әуе күштері Тынық мұхиты флотының шалғай авиация және мина-торпедо әуе полкінің ТУ-4 кемесінің командирі болды. 1960 жылы әскери киім кию құқығымен әскерден босатылды. 1968 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын сырттай тәмамдады. 1993 жылға дейін Қазақ КСР Білім Министрлігінде, азаматтық авиация саласында басшы қызметтерде болды. Ұлы Отан соғысындағы батырлықты белсенді насихаттаушы. «Қанатты гвардия батырлары», «Сенім» кітаптарының авторы.

Әлжекеев Сламбек Әлжекейұлы 1916 жылы Павлодар облысы Қаған ауданы Құрғұл ауылдық кеңесіндегі Шыған ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік педагогикалық институтының география факультетін бітірді. Еңбек жолын 1938 жылы Ново-Казалинск қаласындағы қазақ орта мектебінде география пәнінің мұғалімі ретінде бастады. 1952 жылы Амангелді атындағы жеті жылдық қазақ мектебінің директоры болып тағайындалды. «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Еңбек ардагері», «Қажырлы еңбегі үшін» медальдармен, «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен марапатталды.

Әзімбаев Махамбет 1918 жылы Лебяжі ауданы Тереңкөл ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. 1933-1941 ж.ж. Тереңкөл ауылында жұмыс істеді. 1946-1978 ж.ж. шабан болып қызмет жасады. «Еңбек ардагері» медалімен, «Ұлы Отан соғысындағы жауынгерлік еңбегі үшін» медальмен, «Ұлы Жеңістің 40-45 жылдығы» медалімен марапатталды.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 758 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: