11:45
Ұлы Жеңіс ұлағаты

ЛЕБЯЖІ ӨҢІРІНЕН АТТАНҒАН ЖАУЫНГЕРЛЕРДІҢ ЕРЛІКТЕРІ

Ұлы Жеңістің жетпіс жылдық мерейі асқарланған биылғы жыл – тарих үшін айырықша сәт, ерекше мезет. Жеңіс күні күні кеше мерекеленіп өтсе де, осынау Жеңіске сүбелі үлес қосқан тау тұлғалар хақында танымдық әңгіме айту жалғаса бермек, жалғаса бермек. Демек, Лебяжі өңірінен аттанған жауынгерлердің ерліктері жайында сөз үзілмек емес.

Балағазинов Жагор (Молдахмет) Абдрахманұлы 1896 жылы Семей (қазіргі Шығыс Қазақстан) облысы Бесқарағай ауданы Тюшкасовка ауылында дүниеге келді. Азамат соғысына, Ұлы Отан соғысына қатысушы. Майданда атты әскер қатарында болды. Соғыстан кейін Алтай өлкесіндегі М.И.Калинин атындағы трактор зауытының көмекші шаруашылығында малшы болып жұмыс істеді. 1963 жылы Жабағылы ауылына көшіп келді. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің бірнеше мерейгерлік медалімен марапатталды.

Балқиянов Ерғазы Балқиянұлы 1922 жылы Лебяжі ауданы Қызылтұз ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. 1941 жылы Кеңес Армиясы қатарында соғысқа аттанды. Майданда әуе атқышы болып, аға сержант шеніне дейін көтерілді. 1956 жылы Қазантай орта мектебіне мұғалім болып орналасты. 1960-1979 ж.ж. Қызыләскер орта мектебінде қазақ тілі мұғалімі болып еңбек етті.

Бокаев Сұңғат Абдрахманұлы 1916 жылы Павлодар облысы Қызылтау болысында (Баянауыл ауданы) дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. 1934 жылы Павлодар педагогика техникумын тәмамдады. Ертіс, Горький ауданында, Лебяжі ауданының Қызыләскер мектебінде мұғалім, халық ағарту ісінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1941 жылы майданға аттанып, 1942 жылы тамызда Украина жерінде Отанды жаудан қорғау майданында хабар-ошарсыз кетті.

Баймолдин Әбілхайыр 1909 жылы Лебяжі ауданы Тақыр ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. Сегізжылдық мектепті бітірген соң, 1926-1928 ж.ж. Семейдің Кеңес партия мектебінде оқыды. 1928-1931 ж.ж. Павлодар аудандық комсомол комитетінің хатшысы болды. 1932 жылдан Қызыл Армия қатарында болды. Кіші командирлер мектебін тәмамдап, атты әскер взводы командирі шенінде Орта Азиядағы басмашылармен күресті. Осында өзінің тұңғыш марапатын – «Ерлік үшін» медалін алды. 1939-1941 ж.ж. Әскери-саяси академияның тыңдаушысы болды. Курсты тәмамдағаннан соң, 51-атты әскер полкінің комиссары болып тағайындалды. Аталмыш полк 1941 жылдың күзінде генерал Доватордың атты әскер корпусының құрамында Мәскеу түбіндегі ұрысқа қатысты. Мәскеу түбіндегі, Волоколамск маңындағы ұрыстардағы ерлігі үшін Ә.Баймолдин «Әскери Қызыл Ту» және «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен наградталды. Осында жараланып, қайта қатарға қосылған соң, Жоғары атты әскерлер офицерлері мектебін бітіріп, атқыштар бригадасына жіберілді. 1944 жылғы 4 қаңтарда Невель қаласының маңында ерлікпен қаза тапты.

Вавилова Зинаида Платоновна 1917 жылы Ресей Федерациясының Краснодар өлкесі Усть-Лаба қаласында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. Сұрапыл соғыста байланысшы болды. 1946 жылдан телеграфта қызмет етті. 1960 жылы отбасымен Лебяжі ауданының Тақыр ауылына көшіп келді. «ІІ дәрежелі Ота соғысы», Қызыл Жұлдыз ордендерімен, «Жеңіс үшін», «Маршалл Г.К.Жуков», «Ерлік үшін» медальдарымен наградталды.

 Голубев Петр Павлович 1922 жылы Павлодар облысы Шарбақты ауданы Еленовка ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы, еңбек ардагері. Өзінің еңбек жолын 1938 жылы ұжымшардағы әр түрлі саладағы жұмыскер ретінде бастады. 1940 жылы Кеңес Армиясы қатарына әскери қызметін өтеуге шақырылды. Соғыс кезінде Курск доғалындағы атақты танк шайқасына қатысып, ауыр жараланды. Соғыстан соң тракторшы, комбайншы болып жұмыс істеді. 1957 жылы ауылшаруашылық техникумын тәмамдағаннан кейін Тельман ұжымшарында механик қызметін атқарды. 1961 – 1982 ж.ж. аралығында Лебяжі ауданы Восточный ауылының №2-бөлімшесінде механик болды. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің бірнеше мерейгерлік медалімен, «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен наградталды. (жалғасы бар)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 637 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: