11:50
ҰБТ - 2015

ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚОЛДАУ ТҮЛЕКТЕРГЕ ҚУАТ БЕРСІН ДЕСЕК

Әлбетте, түлектер үшін де, олардың ата-аналры үшін де Ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) рәсімі осынау маңызды сынаққа айналғаны бүгін емес. Сонау 2004 жылдан бері күні бүгінге дейін емтиханға бара-бар сынақ тапсыруға ниеттенген мектеп түлегі небәрі үш жарым сағат аралығында әрі жалпы орта білім курсын тәмамдайды һәм бақ пен бабы сәтімен сабақталып, оза шапса қалаған жоғары оқу орнына мемлекеттік білім алу гранты бойынша тегін оқуға мүмкіндік алады. Әрине, бұл сынақ әрбір қатысушы түлек үшін айтарлықтай психологиялық әзірліктің де осал болмауын талап етеді.

ҰБТ – өмірдің ағымдағы өтпелі бір кезеңі ғана екенін сезініп, оның нәтижелеріне саналы түсіністікпен қарау қажет. Ең бастысы мыналар жадыда жатталып, санада қатталуы керек: әр емтихан тапсырушы, оның нәтижелеріне қарамастан, өмірдегі ең маңызды ғылымды меңгереді емес пе? Бұл ғылым – қиын жағдайда жеңілмеу, толқуды жеңе білу, көкірегін кере демалу және өмірде алға қарай жүру!

Жуырда Лебяжі жалпы орта білім беретін мектебінің мәжіліс залында «Нұр Отан» партиясының, Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігің және Астана қаласындағы Отбасылық тәрбиелеу институтының үштағанды мұрындық болуымен Лебяжі аудандық білім бөліміне қарасты жалпы орта білім беретін мектептерден ҰБТ тапсыруға өтініш білдірген мектеп түлектерінің ата-аналары һәм мектеп психологтары үшін «Жасөспірімнің ҰБТ тапсыруға дайындығы кезінде ата-аналарға психологиялық көмек көрсету» тақырыбында бірыңғай ата-аналар конференция ұйымдастырылды.

Осынау алқалы жиынның кіріспе сөзінде аудандық білім бөлімінің бас маманы А.Макишева жиналған қауымға аталмыш шараның көкейкестілігін алға тартып, конференцияның жұмысына сәттілік тіледі. Ал негізгі бөлімді тізгіндеген Астанадағы Отбасылық тәрбиелеу институтының түлегі, осы күндері Павлодар іргесіндегі Кенжекөл жалпы орта білім беретін мектебінде психолог болып қызмет атқарып жүрген А.Мурсалимова өз кезегінде ҰБТ тапсыруға дайындалып жүрген түлекке де, оның ата-анасына да психологиялық көмектің маңыздылығын екшеді. Адина Төлегенқызы мектеп психологтарына, ата-аналарға, мектеп басшыларына дұрыс бағыттағы әңгіме айтумен қатар әке мен бала арасындағы үндестік-үйлесімділіктің жан-жүректі елжіретер отбасылық үлгісін танытатын, ана тілі туралы ғибратты әңгімелерді бейнелейтін қысқа метражды деректі фильмдерді интербелсенді проектор арқылы көрсетті. Бұлардан басқа психологиялық көмек ретінде слайдтарды көрсетіп, арагідік байыппен егжей-тегжейлі әңгімеледі. Ал қорытынды бөлімде арнайы келген маман мектептерден жиналған психологтар үшін жекелеген әңгімелесім өткізіп, олардың электронды тасымалдағыш – флешкаларына конференцияның көлемді жадығат-жадынамаларын көшіріп берді. Ендігі кезекте – осынау пайдалы дүнияларды практика жүзінде қолдану қажет.

Маусымның алғашқы жартысында өтетін ҰБТ сынағына дайындық кезінде төмендегі пайдалы кеңестерді қаперде ұстау қажет:

  • Күн тәртібін үш бөлікке бөлу қажет: мектепте және үйде емтиханға дайындалу – 8 сағат; спорт, таза ауада серуендеу – 8 сағат; ұйқы – 8 сағаттан кем емес.
  • Калорийлі, дәрумендерге бай тағамдармен күніне 3-4 рет тамақтану керек. Ас мәзіріне шоколадты, көкөністерді, балды, жаңғақтарды, балықты, етті қолданған пайдалы. Айталық, жадыны жақсарту үшін өсімдік майы құйылған сәбізді жеу, ананас шырынын ішу қажет; зейінді шоғырландыру үшін басты пияздың жартысын жеу дұрыс; шығармашылық шабыт үшін зере қосылған шәй ішу (шыны аяққа 2 шай қасық зере дәні жеткілікті) орынды; ғылымды меңгерудегі табыс үшін қырыққабат пен лимон пайдалану керек; жақсы көңіл-күй үшін шоколад пен банан жеу абзал.
  • Балаға емтиханға әзірленуге арналған орынды дайындауда үстел үстіне сары және күлгін түстегі заттар қою қажет. Өйткені осы түстер белсенділікті, жұмыс қабілеттілігін арттырады.
  • Оқушылардың жеті ережесі: 1. Сенің оқып жатқаның абсолютті шындық емес, тек үлгі ғана. 2. Сен тұтас жүйені оқып жатырсың. 3. Саған жүрегінің жылуы бар адамдар білім беріп жатыр. 4. Білім алудың мақсаты – ақыл-ой қабілетін жаттықтыру. 5. Кез келген пәннің қызы жағын табуға болады. 6. Жақсы оқу – қарапайым әрі қызықты. 7. Тек баға үшін ғана оқымау керек.
  • Жұмыс қабілеттілігін қолдауда: ақыл қабілетін және дене еңбегін кезектестіру; көздерді шаршаудан қорғау, оларға демалыс беріп, зейінді аудару; теледидарлық хабарларды көруді және компьютермен жұмыс істеуді азайтып, көп қозғалып, оттегі жұту; отбасындағы жаттығулар мен ойындар көмегімен танымдық қабілеттерді ынталандыру; тыныс алу жаттығуларының көмегімен көңіл-күйді көтеріп, өз бойында жаңа күш жинау; отбасындағы қолайлы психологиялық ахуал, сенімді өзара қарым-қатынас.
  • Ашушаңдық пен психикалық шиеленісті босату тәсілдері: табиғат; контрасты душ қабылдау; достарыңмен дем алу.
  • Ата-ана тарапынан баланы қолдау қадамдары: - табыс күйін жасау, ынталандыру (Мен барлығының жақсы болатындығына сенімдімін: күлкі, әңгімелесу, қорқыныштар мен үрейлерді талқылау, физикалық байланыс); - қолдау, эмоционалдық ахуал (Сен ақылдысың, күштісің, ептісің. Мен сені мақтан тұтамын! Қандай жағдай болмасын, сен біз үшін – ең жақсысың!); - стреске төзімділікті және жинақылықты арттыру (құлау жаттығуы: түлек арқасымен туған-туыстарының созған қолдарына құлайды; дене қысымын босату мен адреналинді шығару үшін аттракциондарға бару); - толыққанды демалыс пен ұйқыны қамтамасыз ету.
  • Емтихан мен ҰБТ уақытында зияткерлік мүмкіндіктерді шоғырландыратын тәсілдер: 1. Стресс уақытында ағзаның күшті сусыздануы болады. Емтихан алдында және емтихан уақытында суды, әсіресе, минералды суды көп ішкен жөн. Судың құрамында ми жұмысының электр-химиялық реакцияларына қатысатын калий мен натрий иондары бар. 2. Тыныс алу – антистресс – баяу демді ішке тартып, кейін әдеттегідей тыныстайды: бұл стрестің импульсін бөлшектейді. Осылайша 3 рет жасаңыз да, әрі қарай әдеттегідей тыныстаңыз. 3. Өзіңіздің балаңызға емтихан уақытында келесілерге назар аударуға кеңес берңіз: - қандай тапсырма бар екенін көру үшін, көзіңмен барлық тестті шолып шық, бұл жұмысқа ниеттенуге көмектеседі; - сұрақты соңына дейін мұқият оқы және оның мағынасын түсін (тестілеу кезіндегі сипатты қателік: соңына дейін оқымай, бірінші сөздері бойынша жауабын болжап, жазуға тырысу); - егер сұрақтың жауабын білмесең немесе оған сенімді болмасаң, оған кейін қайта оралу үшін белгілеп қой да, келесісін қара; - егер берілген уақыт ішінде сұрақтарға жауап бере алмасаң, өзіңнің түйсігіңе сеніп, ең ықтимал нұсқаны көрсет. 4. Баланың емтихан кезінде алатын балдарына алаңдамаңыз және оны емтиханнан кейін сынамаңыз. Балдардың саны – оның мүмкіндіктерін субъективті түрде бағалау ғана. Балаңызды жігерлендірңіз, оның барлығын дұрыс істеп жатқанын айтып мақтаңыз. 5. Балаға әрдайым ата-анасының толқынысы беріледі және де егер жауапты сәтте ересектер өздерінің эмоцияларына ие бола алса, онда бала да өзін барынша сабырлы сезінеді. Өзіңізге қамқор болыңыз! Және  де естен шығармаңыз: ең бастысы – баланың бойындағы шиеленісті төмендетіп, психологиялық төзімділікті қамтамасыз ету!

Әлбетте, біздің рухани сандықшамыз күні-түні жұмыс істейді. Бастысы – біздің оған не тастайтынымызда. Жатсыну, кінәлілік пен ұялу сезімдері ешқашан да ешкімге салауатты әрі бақытты болуға көмектеспейді. Кейде адамға оның мінез-құлқы мен қылықтарын бағалаудың мүлдем керегі жоқ, оған тек қолдау ғана қажет. Жас адам – «керексіз болып, жерге тастай салған нәрсе» емес. Бізге табиғатымыздан түйсіктердің, сезімдердің және мінез-құлық түрлерінің орасан зор қоры берілген, олар біздерге белсенді, жігерлі әрі төзімді болуға көмектеседі. Қарым-қатынас жасау барысында көп нәрсе тәжірибе мен білімге ғана емес, сонымен қатар сезіне білуге және аңғара білуге де байланысты болады.

Олай болса, құрметті ата-аналар, сезіне біліңіздер, аңғара біліңіздер және жақсы көре біліңіздер. Балаларыңызды дүниеде, сіздің өміріңізде бар болғаны үшін ғана жақсы көріңіздер!

Асылы сол, жағдайды құрметтеңіздер, баланы құрметтеңіздер, балаға қамқоршыл болыңыздар.

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 863 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: