23:44
Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет

КӨШПЕЛІЛЕР ПӘЛСАПАСЫШЫ – АСАН ҚАЙҒЫ

Зерделесек, Асан қайғының тағы бір ныспысы – Асан Ата, халық оны әулие тұтады, ерекше жаратылған жан деп есептейді. Алайда Асан бейнесін аңыз мұнары басқан. Оның өмірі жайында бізге жеткен деректер тым аз. Асанның нақты қай жылы, қай жерде дүние салғаны белгісіз. Бір мәліметтерде Асан Ата қазіргі Өзбекстан жерінде Жиделі Байсында дүние салды делінеді. Енді бір аңыздарға қарағанда, Асан Ұлытаудың басында қайтыпты. Ал Шоқан «Асанның зираты Ыстықкөлдің маңында тұр» деп жазады. Ақынның қанша жасағаны да мәлімсіз. Халық аңызында ол – көпті көрген көне. Бір аңызда Асан – 95 жасқа келген қарт, енді бір аңызда «оның жасы 120-да еді» делінеді. Халық әңгімелерінде дана, ақылгөй адамның қашан да тұғырдан таюға айналған ақ сақалды қария етіліп көрсетілгені мәлім, сондықтан мұндай деректерді нақты деп қабылдай беруге де болмайды. Алайда Асанның шынында да ұзақ жасағанын байқаймыз: Жәнібек, Керейлермен бірге Шуға келерден бұрын, Ұлұғ-Мұхамедтің құзырында жүрген кезінің өзінде ол – егде тартып қалған адам. Соған қарағанда, Асан қайғының өмір сүрген дәуірі – XV ғасырдың іші. Тарихи Асан туралы біздің білетініміз осымен шектеледі. Алайда тағы бір Асан бар. Ол – халық қиялы тудырған аңыздар мен әңгімелердің қаһарманы Асан. 

Әлбетте, Асан қайғы жайындағы толып жатқан аңыздардың нәр алған көзі – тарихи Асанның тірлігі мен кешкен өмірі. Алайда «Біз білетін, желмая мініп жер кезген данышпан қарттың шын Асанмен ортақ несі бар, тарихи Асан мен аңыз қаһарманы Асанның арасындағы қатыс қаншалық, бұлардың соңғысына қарап алғашқысының кейпін елес­тете аламыз ба?» деген мәселелерді шешу өте қиын. Әйткенмен, Мұхтар Әуезов айтқандай, «Аңыз әңгіменің тарихтық адамды біржола өзіне ұқсамаған кейіпке түсіріп әкететіні болмайды... Әрбір аңыз әңгіменің негізінде тарихта болған адамның шын кескінінің түбегейлі ерекшеліктері жүреді». Сондықтан халық аңызы жасаған Асан қайғының бейнесіне бажайлап қарасақ, белгілі дәрежеде тарихи Асанның кейпін де көруіміз хақ. Жұрт санасынан орын алған Асан – халық бақытын, ел тыныштығын ойлаған дана қария. «Ай, ағамыз, ағамыз, Болдың бізге панамыз. Ноғайдың жетім-жесірін Қойдай айдап сен бақтың. Аш-арық болған ноғайға Пана болып, оларға Тамақ беріп, жем таптың!» – дейді ер Тоған Асан қайғыға Мұрын жырау жырлаған «Қырымның қырық батырында». 

 Ендігі әңгіме арнасы Асан жайындағы аңыздардың енді бір алуаны – оның қалайша Қайғы атануына байланысты. «Сенің талайыңа су перісінің әмірі су сұлтанының қызы несіп болайын деп тұр екен, – дейді бал аштырған жас Асанға балгер. – Төрт үлкен өзен бар: күнбатыста Еділ, Жайық – екі су, оңтүстікте ұзын аққан Сырдария, шығыста өр Ертіс. Бәріне де қармақ сал, бірінен болмаса бірінен ілінер». Перінің қызы Асанның қармағына Ертістің басынан ілініпті. «Адамзаттан өзге бөлек түрі жоқ, сұлулықта міні жоқ, жалғыз-ақ айыбы – сөйлесерге тілі жоқ». Біраз тұрмыс құрған соң, түсініспеушілік нәтижесінде шарттарын орындай алмаған Асанды тастап, қыз көкке ұшып кетеді. Ғашықтық азабынан Асан мұңды болып, сол себепті Қайғы атанған екен. Әрине, халық ұғымындағы Асанның қайғысының төркіні махаббаттан емес. Бұл бір зары адамды мұңға батырып, сарқылмас азапты ойдың тұңғиығына тартып кетер қаза күйі іспеттес нәрсе. Асан қайғысы – күнделікті өмірдің күйбеңі туғызған әдепкі, пенделік қайғы емес, адам атаулының қайғысынан мүлде өзгеше хал. Айтылмыш аңыздың бір нұсқасында Асанның өзінің асылы періден делінеді. Асан қайғы шын әулие болса, оның сүйегінде адамзаттық емес, құпия бірдеңе болуға тиіс. Тарихтан белгілі, кейбір адамдардың халық аңыздарында нұрдан, күн сәулесінен жаралған немесе перінің қызынан туған болып көрсетілетіні де сондықтан. Асан қайғысының түп себебі – перінің қызынан айырылудың зары деп ұғыну да – Асанды көтермелеудің, Асанға табынудың бір көрінісі, Асан қайғысының кәдімгі пенделік қайғы емес екендігін атап көрсетуге ұмтылудан туған құбылыс. Перінің қызы мен адамзаттың қосылуы, бірақ, асылы басқа болғандықтан тұрмыстарының ұзаққа созылмай, айырылысуы – қазақ фольклорында ескіден келе жатқан сюжет. Алайда айтылмыш аңызды осы кезбе сюжеттің тағы бір көрінісі деп қана қарауға болмайтын сияқты. Асан мен перизат жайындағы хикаяның Қазақстанның әр жерінен жазылып алынған оннан астам нұсқасы бар. Соның бәрінің өзегі – Асанның бақытсыз махаббаты. Егер халық түсінігі туғызған перінің қызын жай қызбен алмастырсақ, оқиға шындықтан онша алыс болмай шығады. Хикаяның алғашқыда Асан өміріндегі белгілі бір оқиғаға байланысты тууы ғажап емес. Уақыт оза келе ертегіге айналуы мүмкін. 
  

Асан жайлы аңыздардың ең таңдаулысы – оның «Жер ұйықты» іздеуі. Асан қайғы елдің кешіп отырған тұрмысына қанағаттанбайды, мекен еткен қоныстарын жерсінбейді; халықтың болашағын ойлап қамығады. Оның ойынша, жер үстінде адамзат тіршілігінде көруі мүмкін жұмақ бар, оның аты – «Жер ұйық». Бұл – кісісі жүзге келмей өлмеген, малы екі қайтара төлдеген, елді жау алмайтын, малға жұт келмейтін мекен. Бұл – шөбі шүйгін, суы мол, шаруаға жайлы қоныс. Адамы қайғы дегеннің, қастандық дегеннің не екенін білмейтін, «ертеңім не болады?» деп ойламайтын, елге ырыс жер. Онда жұрттың бәрі тең, бәрі де шат-шадыман тірлік кешеді, ел аласы жоқ, ағайын арасы тату. Бірліктің, ырыстың, бақ-дәулетті тыныш, бейбіт тұрмыстың белгісі ретінде қой үстіне бозторғай жұмыртқалайды. Міне, осы жерге қоныстану керек. Бірақ оған жету оңай емес. Ұзақ, азапты сапарға жылдар бойы әзірлену керек. Мал төлден тыйылуға, ер төсегінен безінуге тиіс. Соншалық төзім, шыдамды бастан өткерген соң ғана «Жер үйекке» сапар шегуге болады. Жол ауыр: шөлстан бар, аптап ыстық бар. Соның бәріне сабырмен, шыдамдылықпен төзген, жолда кездесетін барлық қиыншылықтарды көтере алатын, бақыт дегеннің, бақытқа жету жолындағы күрес дегеннің не екенін білетін ел ғана «Жер ұйыққа» қоныстанбақ. Бірақ сол «Жер ұйық» қайда? Мұны ешкім де айта алмайды. Малға жай, елге ырыс жер барын Асан өзінің ғайыптан болжайтын даналығының арқасында білді, енді сол мекенді өзі табуы керек. Сөйтіп, Асан қайғы мал біткеннің жүрдегі, әрі шыдамдысы – желмаяға мініп алып, төңіректің төрт бұрышын түгел кезеді. Айдан ай, жылдан жыл өтеді. Бірақ арман болған «Жер ұйық» табылмайды. Халқына мәңгі еркіндік, тозбас бақыт сыйламақ Асан қайғы өксіп келіп Ұлытаудың басына жеткенде дүниеден көшеді. Әлем фольклорындағы ең таңдаулы аңыздардың бірі осылай ауыр күрсініспен, мұңды толғаныспен аяқталады. Алайда адам өмірінің қысқалығына, қазаға, сол арқылы жаратушы хақ тағаланың өзіне қарсылық білдірген Қорқыт жайындағы аңызды туғызған халық – өр, тәкаппар; «Үмітсіз – шайтан» деген мақалды шығарған халық ешқашан да болашақтан күдерін үзбейді. Қазаға шара жоқ-ақ шығар. Қобызының күйіне аждаһадан айбарлы ажалдың өзін ұйытқан Қорқыт та өлімнен қашып құтыла алмаған. Бірақ, осы өмірді, осы азғана өмірді тыныштықта, молшылықта, бақытта өткізу қалайша мүмкін емес?! Сондықтан «халық мұңын ойлаған данышпан Асан қайғы, ғайыпты болжай алатын сәуегей Асан Ата «Жер ұйықты» таба алмапты» дегенге жұрттың сенгісі келмейді. Жоқ! Олай емес! Бұл – ақылға сыймайтын сөз. Шындығында, Асан қайғы «Жер ұйықты» тапқан екен. Бірақ... бірақ, амал не, жұрт «ұзақ дайындыққа, жол азабына шыдай алмаймыз» деп қорқып, «Жер ұйыққа» бармай қойыпты. Шын ойға алған болса, «Жер ұйыққа» жету мүмкін екен, бірақ жұрт өзінің алауыздығын, ақылсыздығын, топастығын көрсетіпті, сөйтіп, данышпан Асан Ата жол бастап тұрғанда арман болған «Жер ұйыққа» қоныс аудара алмай қалыппыз. Аңыз тағы да мұңмен аяқталады. Бірақ бұл да соңы емес. Аңыздың енді бір нұсқалары былай жалғастырылады: сөйткенмен, Асан Қайғы бір топ елді ертіп әкеткен екен, олар «Жер ұйыққа» жетіпті; қазір сонда шат-шадыман тұрмыс кешіп жатыр-мыс. Тарихи Асан желмаяға мініп жер шалып, дәл аңыздағыдай жүре қоймаған болар. Бірақ, қиялдағы мекен – «Жер ұйық», ондағы қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған тіршілік кебі жайындағы аңыздың барлық нұсқасының Асан атымен байланыстырылуына селқос қарауға болмайды. Шоқан Асан қайғыны көшпенділердің философы деп, әрине, әншейін атай салмаған. Біздіңше, Асан қайғының адам баласы бақытты тұрмыс кешетін қиялдан туған мекен «Жер ұйық» жайындағы ойларын баяндайтын көлемді шығармасы болғанға ұқсайды. Бұл туынды жыраулық толғау түрінде келді ме, әлде Томас Мордың «Утопиясы», Кампанелланың «Күн қаласы» сияқты үлгіде жазылды ма, – ол арасын ажыратып айту қиын. Ал бізге жеткен аңыз – сол философиялық шығарманың кейбір жұқаналарының аңызға айналып кеткен түрі. Халық қиялы «Жер ұйықты» Асанның өзіне іздетеді. Жер жайында «Асан айтты» деген сөздер Желмаяға мініп жер шалған Асан қайғы жолай кездескен жерлерге, жайлау, қыстауларға өз бағасын бере отырады. Қазақ арасында шүйделі қоныстарды былай қойғанда, ұсақ өзендер, кішкене төбешік, сай-сала жайында да «бұл туралы Асан қайғы солай депті» деген сөздер жиі айтылады. Асан шықпаған төбе, Асан түстенбеген бұлақ жоқ сияқты. Сондықтан «...Жер-сулар, қоныс-қыстаулар ­жайында Асан айтты деген сын сарап, барлау, болжау сөздердің көпшілігі – сол жерлерді бертінде келіп қоныстанған елдердің өз жерінің сырын, жайын түсініп, танып болған соң, көп тәжірибе жылдарынан соң Асан атынан қосқан өз шығармалары, өз сындары» деген М.Әуезов пікіріне қосылуға тиіспіз. 

 «Үш Алматы деген жер бар екен. Сарымсағы сабаудай, бүлдіргені бүйректей, алмасы бар жүректей. Сол жерді қимадым», – депті Асан қайғы. Шымкент, Сайрамды көргенде: «Екі басса бір базар – малда береке болмайтұғын, екі басса бір мазар – баста береке болмайтұғын, базары жақын – байымас, мазары жақын – көбеймес», – деген екен. Семейтауды: Төс табаны төрт елі, Атан жүрер жер екен. Төсегінен түңілген Адам жүрер жер екен, – дейді. Асанның бұл реттегі сөздері бос мақалдау, жай тақпақ емес. Сөз етілмек қоныстардың малға, басқа жайлы-жайсыздығы айтылып, оның өзіндік ерекшеліктеріне дәл баға беріледі. Кейде жер аттарының шығуы да Асан есімімен байланыстырылады. «Шідерті» деген өзенді көргенде: «Мына шіркіннің топырағы асыл екен. Алты ай арықтатып мінген ат бір айда майға бітетін жер екен, бос жылқы шідерлеп қойғандай тоқтайтын жылқының жері екен», – деп... біраз жатқан екен. Сол себепті Шідерті атанған екен... «Түндікті» деген өзенді көргенде: «Он екі тұтам қазылық үй түндік, маңырап жатқан қой түндік, қойдың құлағы тұтам шығып тұрған жер екен» (деп) қимай артына үш қарағандықтан «Үшқара» атаныпты. Ерейментауды көргенде: «Желдің жеті есігі бар екен, қыс болса – жылқы тұрмас, жылқы тұрса – ішіндегі құлын тұрмас ораздының жайлауы, жиырлының қыстауы екен, екі жағындағы ел бай болар да, қақ ортасын... қоныс қылған ел кедей болар, бітісі жаман екен, бірімен-бірі төбелесетұғын кісі сықылды ерейіп тұрғанын, панасы жоқ дала секілді тау екен», – дейді. «Терісаққанды» көргенде: «Уа, шіркін, Сары-Арқаның тұздығы екен; тек анда-санда обып қоятын жұты бар екен, бірақ артынан мал тез өсетін жер екен», – депті. Сарыарқада небір шұрайлы жерлер болғанымен, аңыздың айтуынша, Асанға ешбірі ұнамапты. Өйткені Асанның іздегені – мал мыңғырып өсетін мінсіз, мүлтіксіз қоныс қана емес, жау қарасы жетпейтін мекен. Сондықтан Асан өзі көрген жерлердің қайсысынан болмасын мін табады. Асан сыны кейде тым ащы, аса өткір. Мәселен, Асан Шыңғыстауды көргенде былай депті-мыс: «Мына шіркіннің топырағы құтырған екен, оған шыққан шөп құтырады, оны жеген мал құтырады екен, оның етін жеп, сүтін ішкен адам құтырады екен; қаны үзілмейтін, кісі өлтіру, ұрыс-төбелес көп болатұғын жер екен». Шыңғыстау қалмақтармен қақтығыстар мүлде дерлік тоқталып, қазақ – қазақ болғалы үзілмей келе жатқан сырт жаулармен ұрыс-соғыс бәсеңдеген кез – XVIII ғасырдың соңғы ширегінің өзінде найман мен тобықты руларының қақтығысының себепкері болды. Кейінірек патша өкіметінің тұсында да әртүрлі даулардың нәтижесінде туған ұрыс-қағыстар, руаралық керістер, өзімен көрші тайпалармен салыстырғанда, тобықты ішінде молырақ болған. Өзі тобықты Абай: «Ел бүлігі – тобықты», – деп әншейін айта салған жоқ. Жоғарыдағы «Асан айтты» деген сөз сол дәуірде шыққаны күмәнсіз. Және тобықтылардың өздері емес, көршілерінің шығарғаны. Осы ретпен айтылған сөздердің біразында кейбір жайлау қоныстары мүлде іске алғысыз етіліп көрсетіледі. Мәселен, Асан Баянауыл тауын көргенде: «Ат ерін алуға жарамайтын жер екен. Мына шіркінді жұрт қалай қоныс қылып отырған? Өзін бір көрген кісі «кәпір, сені желкемнің шұқыры көрсін» дейді екен», – депті-мыс. Баянауылды мекендеп отырған елдің өзінің мұндай сөзді айтпауы хақ. Алайда, жерге байланыс­ты Асан атына телінетін сөздердің бәрін де фольклорлық деп қарауға болмайтын сияқты. Қазақ хандығы XV ғасырдың орта шенінде Шу, Сарысу өзендерінің бойында құрылғаны мәлім. Жат өлкеден келген жұрт жаңа қонысқа, әрине, өз бағасын береді. Ондай сөздердің біразын елдің аузы дуалы қариясы Асан айтуы әбден мүмкін. Себепсіз құбылыс жоқ. Әу баста сондай бір түртпек болды демесек, қазақтың өзінің бар қонысына Асанға баға бергізуінің сырын түсіндіре алмас едік. Асанның Шу жөнінде айтқан сөзі: «Мына шіркіннің екі жағы борбас екен, өне бойы қара қамыс, іші толы жолбарыс екен; баланың іші қуырылмайтұғын, пышағы қыннан суырылмайтұғын, еркегі ат болатын, ұрғашысы жат болатұғын жер екен». Шуды жолбарысының көптігіне қарамай «пышағы қыннан суырылмайтұғын», яғни, тыныш, бейбіт жер екен деуінің мәні неде? Бағамдасақ, бұл сөздер сол кездегі тарихи оқиғалардан көрініс береді. Қазақ хандығын құраған рулардың атамекені Дәшті-Қыпшақтан кетуінің басты себебі – ондағы өзара қырқыс, күн сайынғы атыс-шабыс, Әбілқайыр мен Барақ ұрпақтарының арасындағы қақтығыс еді. Әбілқайыр ұлысынан кеткен соң қазақтар Моғолстанның батыс бөлігі Шу бойында біраз жыл бейбіт тұрмыс кешеді. «Мұнда олар тыныш өмір сүрді», – деп жазады Мұхаммед Хайдар «Тарихи Рашидиде». Әйелдің, яғни, ананың жат болуының да мәні бар: мұнда келгендердің көбінің туыстары сол Дәштіде қалып қойды, бүліншіліктің нәтижесінде қандас, рулас адамдардың аралары ажырады, қазақ болып бөлінгендер қиянға шығып кетті. «Көкектен басқа құсы жоқ, көк шөптен басқа ісі жоқ, жер азғыны мұнда екен; қатыны семіз, ері арық, ел азғыны мұнда екен. Аты бестісінде қартаятұғын, жігіті жиырма бесте қартаятұғын жер екен», – депті Асан Қаратауды көргенде. Еділдің ен тоғайын, Жайықтың көк шалғынын жайлап келген ел жазы ыстық, орманы аз түстік өңірді өгейсіген, жерсінбеген тәрізді. Бұл сияқты жаңа қонысты ұнатпау, ескі атамекенді аңсау Асан толғауларында да бой көрсетеді. Яғни, жер жайында айтылған, Асан атына телінетін сөздердің кейбіреулерінің, шынында да, Асанның өзінікі екендігі байқалады. 

Ақиқатында, Асан мұңы – халық мұңы. Оның атына жалғанған Қайғы деген анықтама халық сүйіспеншілігінің белгісі іспеттес. «Тауарих хамсаның» авторы, өзі діндар Құрманғали Асанның «Қайғы» аталу себебін дінге тіремек болады. Бұл халық санасындағы Асан бейнесімен қабыспайды. Асан қайғысы – бақиды, ахирет жайын ойлағаннан туған қайғы емес. Асан мұңының тамыры тереңде. Оның негізінде халықтың сол кездегі тұрмыс-халіне жаны ашығандық, өмірге көңілі толмау бар. Асан қайғысы – бүгінгі тіршіліктің, ертеңгі болашақтың қамын ойлағандықтан туған қайғы. Сондықтан да өз толғауларында ол үнемі халық атынан сөйлеген.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ[i]

 

[i] Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, №3741-мүшелік билет

Просмотров: 1511 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: