21:19
Желтоқсан һәм Тәуелсіздік тағылымы

ЕЛІМНІҢ БАҚЫТЫН ТЕБІРЕНТКЕН ТӘУЕЛСІЗДІК!

Көкірегі ояу, санасы сау әр қазақстандық үшін Тәуелсіздік ұғымы ерекше патриоттық рухымен пәрменді. Ал Тәуелсіздікке қозғау салған Желтоқсан көтеріліс-қозғалысы өз алдына бір төбе.

Мемлекеттік мерекелерді мәнеріне келтіре елейтін Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде Желтоқсан оқиғаларына және Тәуелсіздік күніне арналған тағылымдық-танымдық шаралар ұйымдастырылды.

Мектеп кітапханашылары міндетін екеулеп атқарып жүрген мұғалімдер Д.С.Абуова мен А.Қ.Нұржанова орта және жоғары буын оқушыларына Желтоқсан көтеріліс-қозғалысын тақырыптық тұздық еткен «Ар-намысым, қасіретім, мақтанымыш, желтоқсан!» атты шара өткізді. Қысқаша танымдық кіріспеден соң кітапханашылар көрермендер назарына арнайы тақырыптық слайд көрсетті. Онда Алматыда орын алған һәм мұзда алаудай жанған жастар қозғалысының, Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков және қаһарман атануға бара-бар ерлікке жастық шағын барынша сарп еткен Ләззат, ербол, Сабира сынды қазақ жастарының естен мәңгілік кетпес бейнелерімен қоса қысқаша түсініктемелер, жалынды өлең шумақтары ұсынылды. Ал тәрбие істері меңгерушісі Б.Т.Мазанова және алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі һәс әскери жетекші Н.Ш.Қайдаров тыңдарман қауымға Желтоқсан оқиғаларының Тәуелсіз Қазақстан тарихында алатын орасан орнын нақты дәлелдермен екшеді.

Мектептің мәжіліс залында Тәуелсіздіктің жиырма екінші салтанатына арналған «Елімнің бақытын тебіренткен Тәуелсіздік!» атты кешенді кеш өткізілді. Ресми бөлімде ауыл әкімі Ж.Ш.Байтілеуова және мектеп директоры А.М.Белгібаева бесқарағайлықтарды атаулы мемлекеттік мерекемен құттықтады. Жанат Шоқанқызы тақырыптық шағын баяндамадан соң ауылдың экономикалық-әлеуметтік дамуына абыройлы еңбегімен елеулі үлес қосып жүрген бесқарағайлықтарға Мадақтама грамоталарын табыс етті. Ондайлардың қатарында мектептің тәрбие істері меңгерушісі Б.Т.Мазанова, мектеп қызметкерлері А.Гончарова, Р.Қ.Омаров, ауылдық әкімият қызметкерлері К.К.Омарова, А.Оспанова барын айта кеткеніміз абзал.

Мерекелік шараның концерттік бағдараламасын бастауыш сынып оқушылары тақырыптық желімен түзілген әдеби монтажбен ашты. Ал мектеп жанындағы «Айналайын» шағын орталығы бүлдіршіндерінен құрамдалған хордың орындауындағы әбден танымал «Көк тудың желбірегені» әні көрермендердің шексіз құрмет-қошеметіне бөленді. Сонымен бірге сахна төрінде 5 сынып оқушысы Ерсайын Аяулым «Туған жер» әні, 2сынып оқушысы Мұқашев Сағидолла патриоттық әні, 6 сынып оқушылары бірігіп шырқаған «Менің Қазақстаным» әні, сынып жетекшісі Г.Т.Байгожина мен шәкірті Жанпейсова Алина дуэт болып орындаған «Иә, солай» әні, 8 сынып оқушылары хормен шырқаған «Қазақ жастары» әні және де «Қыздар-ай!» бастауыш сынып қыздары тобы мың бұрала сахналаған «Өзбек биі», «Домбыра» биі, 3 сынып оқушылары қызықты етіп орындаған «Джентельмен» биі мерекелік бағдарламаның көркемдік нәрін одан сайын әрлей түсті. Концерттің шымылдығы ұстаздар қауымының орындауындағы өздігінен патриоттық рухты ұштайтын һәм өзінше ұранға әлдеқашан айналған атақты «Атамекен» әнімен түрілді.

Ал осынау шараның қорытынды тұздығына Елбасы һәм Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың: «Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың жүздеген жылдармен өлшенетін арман-аңсарының жүзеге асқан ақиқаты», – дегені айшықтайын әбден лайық.

Асылында, Тәуелсіздігімізге тағзым ете, Тәуелсіздігімізді тәу етейік қашанда.         

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ЖОББМ оқу-тәрбие істері меңгерушісі, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 1151 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: