11:06
Жеңістің мерейгерлік шеруі
ЕРЛЕРДІҢ ЕРЛІГІНЕ БАС ИЕЙІК
(Бесқарағай ауылының соғыс ардагері, ақсақал Қасенов Қабленұлы хақында)
Ерлердің ерлігіне бас иейік,
Ерендете қара өлеңнен жыр төгейік.
Күркіреп күндей өткен сұм соғыста,
Жеңіс үшін қан төккенін біз білейік.
Қасенұлы Қаблен жайлы сөз етейік,
Азаматтық парызды да біз өтейік.
Әнге қосып ақсақалды ардагерді,
Зор тағылым тереңіне біз жетейік.
Нәубетті соғыстың екінші жылында,
Қиын-қыстау сұр күздің қазан айында.
Келіп түсті Оңтүстік-Батыс майданына,
Атқыштар дивизиясының полк құрамына.
Арпалысты Жеңіс үшін қан майданда,
Талай күн, талай түн hәм кеш, азанда.
Жараланып, госпитальдан шыққаннан соң,
Жіберілді Украина майданына.
Бола білді бөлімшенің командирі,
Тықсырды фашистерді қайта, кері.
Екі рет жараланған Қаблен ағаны,
Кейіннен қарсы алды Белоруссия жері.
Боратты сұм фашиске күш, соққыны,
Таусылмады қайсар біткен күш толқыны.
Берлинге тақау жатқан бір биікте,
Жеңіске шақ қалғанда жараланды.
Қарсы алды Жеңіс күнін госпитальда,
Қуанып, жылап-сықтап май мамырда.
Атқарып өз борышын зор құрметпен,
Қаблен аға елге оралды тамыз айында.
Орден, медаль – сұм соғыстың шын белгісі,
Қаблен аға – жар Жеңістің шын үлгісі.
Өлімменен арпалысты ұрпақ үшін,
Болдыртпады, көрсетпеді жау езгісін.
Ерліктерін ерлердің елі елейді,
Құрметпенен ерлерін елі бөлейді.
Қатарларын сиретуде жалған заман,
Өлсе-дағы ерліктері еш өлмейді.
Жеңістің құтты болсын зор мерейі,
Болмасын жер-жаhанда соғыс үрейі.
Жасасын бейбітшілік, аспандасын,
Өшпесін ардагерлер даңқ мерейі.
ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы
Просмотров: 999 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: