13:17
Заманалық білімдену
ДАМЫТУ ҮРДІСТЕРІНІҢ ҮДЕРІСТІ ДАҢҒЫЛЫМЕН
Ақиқатында, білімдену жолындағы соны һәм тың өзгерістер қалай да болсын, қашан да болсын, қайда да болсын құндылығымен нақты нәтижені еселеуге септігін тигізері хақ. Ал осынау жолда аянбай еңбектеніп жүрген тұлғалар өз егісінің өнімін татады да, көреді де, басқаларға нұр сыңайлы шашады да. Жуырда Лебяжі жалпы орта білім беретін мектебінің қабырғасында Лебяжі аудандық білім бөлімінің шақыруымен Павлодар Мемлекеттік педагогика институты (ПМПИ) мектеп басшыларына арнап ұйымдастырған «Мұғалімдердің қазіргі жағдайлардағы әдістемелік құралдарын дамыту үрдістері» тақырыбында оқыту ғылыми-әдістемелік семинары өткізілді. Мектеп және оның айналасындағы қыруар істермен ерен еңбектеніп жүрген бірқатар мамандарды ПМПИ профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Нұрымжанова Күләш Алдоңғарқызы бастап келді. Әңгіме-оқыту түрінде өткен осынау шараның басым бөлігін өткізген Күләш Алдоңғарқызы ауданға қарасты мектептердің басшыларына һәм оқу ісі меңгерушілеріне мұғалім қызметінің бірден-бір маңызды өлшемдік көрсеткіші болып табылатын сабақтың заманалық құрылымын жасаудың басты талаптарын, белгілерін меңгертті. Атап айтқанда, сабақты жоспарлау және оның технологиялық картасын құрылымдау үдерісінде жүйелілік, нақтылық, бақылау, қолданыс міндетті түрде болуын, ал көкейкестілік ретінде мынадай үш қайнарға: [ Пәнді білу; [ Пәндермен байланыс; [ Өмірлік тәжірибе дегендерге барынша жүгінуді өтінді. Сонымен бірге әр сабақта өткен жадығаттарды қайталау қалыпты үдеріске түссе, бөлім-тарау-тақырып арасында байланыс нығая һәм беки түсетінін нығыздап айтты. Оқушыға жай оқушы ретінде қарамай, көз алдында жетіліп қалыптасып келе жатқан Тұлға ретінде қарап, сабақ үдерісінде оның позициясына көшіп, оқу жадығатын біріге меңгерту қажеттігін ортаға салды. Нәтижесінде оқушы сабақта жиған жадығатын білетін, түсінетін әм қолданатын болып шығатынын дәлелдеп бақты. Ал менеджментің жаңа қадамдарын сөз еткен профессор мектеп жұмысын басқаруда ғылыми қадамға жүгінуді, Адамға орталықтанған – Тұлғаға бағытталған позицияны ұдайы ұстануды, күрделілік пенен іскерлікті ту етуді, тұлғаның қызығушылық-қажеттілік құрылымын, тұлғаның даңқын мойындау қажеттігін, мониторингтеуді т.б. әдістемелік құрал ретінде мықтап ұстауды өтінді. Әңгіме-оқыту барысында өзі кезінде мектепті басқарып мол тәжірибе жиған педагогика ғылымдарының докторы тартымды да орынды, қызықты да мазмұнды мысалдар келтіріп, теориялық айтқанын праткикалық тұрғыдан айқындады. Ал ПМПИ мұғалімдер біліктілігін арттыру бағытында абыройлы еңбек етуп жүрген әдіскері Кенембаева Шолпан Кененбайқызы мектептің даму бағдарламасын жасаудың заманалық жолдарын ортаға салды. Айталық, даму бағдарламасының технологиясы, парадигмасы, жүйелі үдерістері, түзіліп қалыптасу тетіктерін тілге тиек етті. Сондағысы былайша қорытындыланды: [ Проблемалық талдау; [ Нақты мақсат қою; [ Жоспарлау; [ Ұйымдастыру; [ Реттеу; [ Бақылау. Семинар кезінде Нұрымжанова К.А. биылғы жылғы талапкерлердің ПМПИ-ге оқуға түсуі бойынша Лебяжі ауданы түлектері өзге аудандардан саны жағынан сырық бойы озып, бірінші орынға шыққанын риза бола отырып, ПМПИ ректоры, ҚР ПҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ж.Нұрмағамбетовтың: «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан болады» деп ұлы Абай атамыз айтқандай, еліміздің жас ұрпағын азаматтық парасаты биік, рухани-адамгершілік ұстанымдары берік, тұлға ретінде қалыптастыруда өз ісінің шебері, ұлағатты ұстаз қызметіне баға жетпейді. Ұстаз баланың шығармашылығын дамытатын, білім мен ғылым әлемін танытып, жоғары мәдениеттілік пен ұлтжандылық, отансүйгіштікке баули алатын бірден-бір тұлға болып табылады. Бұл міндетті Лебяжі білім беру мекемелерінің ұстаздар қауымы үлкен шеберлікпен атқарып келеді. Сол еңбектің нәтижесінде аудан оқушылары түрлі интеллектуалдық сайыстар мен пәндік олимпиадалардан өлкетану мен биология секцияларынан жоғары көрсеткіштерге жетіп, облыс бойынша алдыңғы қатарда. Мұндай нәтиже – Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіздің, күнделікті атқарған шынайы еңбектеріңіздің жемісі. Сіздер адал еңбектеріңізбен, кәсіби шеберліктеріңізбен елдің болашақ ұрпағын тәрбиелеуге және еліміздің қалыптасуына елеулі үлес қосудасыздар. Павлодар мемлекеттік педагогика институты Сізді және Сіздің педагогикалық ұжымыңызды жас ұрпақты оқытудағы және түлектеріңізді кәсіптік мамандыққа бейімдеудегіқажымас еңбектеріңізге алғыс білдіреді» делінген Алғыс хаттармен осынау нәтижелі жолда қомақты үлес қосқан Жамбыл, Потанин, Бесқарғай, Қазы, Лебяжі т.б. мектептердің басшыларын, оқу ісі меңгерушілерін салтанатты түрде марапаттады. Сонымен қатар ПМПИ басып шығарған ғылыми-әдістемелік жинаққа Лебяжі білім бөлімінің әдістемелік дәрісхананың меңгерушісі, бұл саланың майталман шебері Жақыпбек Ырысалды Аюбайқызының баяндамасы кірген оқулықты аудандық білім бөлімі бастығы Бижанова Айсұлу Қайроллақызына және баяндама авторы Жақыпбек Ырысалды Аюбайқызына табыс етті. Осынау ризашылығын жасырмаған білім бөлімі бастығы Бижанова А.Қ. оқытудың пайдалы болғанын айта келіп, ҰБТ-ға дайындық жұмысын ПМПИ-мен биылғы оқу жылында ерте бастап, қолға алатынын жеткізді. Себебі кеше ғана өткен ҰБТ нәтижесінде лебяжілік түлектердің көрсеткіштері айтарлықтай ілгеріледі. Семинар соңында оқытуға қатысқан мектеп басшыларына, оқу ісі меңгерушілеріне сертификат берілді. ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы
Просмотров: 946 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: