19:35
Уақытыңды басқар

МҰСЫЛМАННЫҢ УАҚЫТЫ БАРЛЫҒЫНА ЖЕТЕДІ

«Алдымен адамның уақытының қайда жұмсалып жатқанын анықтап алмай, оның уақытын басқару жайында ойлану да мүмкін емес».

Питер Дракер

Барлығына үлгеру үшін уақыт іздеуді қойыңыз. Сіз оны бәрібір таба алмайсыз. Себебі сіз уақытты жоғалтып алған жоқсыз. Сіздің құзырыңызда күнделікті Алла берген 24 саған қана бар. Сол уақытты қажетті, маңызды, өмірлік мәні бар, сізді мақсатыңызға жақындата алатын істерге арнап, басқа нәрсеге уақыт шығындамауыңыз қажет.

Уақытты тиімді пайдалану үшін басты назар аударуымыз қажет болған мәселе бар. Өмірдің қай кезеңінде болмасын, ерік-жігері бар әрбір жанның ісі нәтижелі, өмірі берекелі болу үшін маңызы аса зор жайтқа көңіл бөлінуі тиіс: қажетті ісстерді уақытында атқаруды үйрену, күнделікті істерді рет-ретімен күн тәртібіне енгізу. Жоғарыда да атап өткендей, бос уақыт өткізбеу, әрбір сәтте пайдалы істермен шұғылдану қажет. Ал бұл істерге қандай нәрселер кіретінін қалай анықтау қажет? Тек қана мамандық бойынша жұмыс істеу ме? Әрдайым білім алу ма? Әлде отбасына көңіл бөлу ме? Не ғибадат ету ме? Немесе құлқыңның қамы мен құмарлықтардың құлы болу ма?

Тарихта ешбір ажал аузында жатқан жанның соңғы сөзі «Жұмыстағы кеңсемде көбірек уақыт өткізгенімде ғой»» деген өкініш болған емес.

Бір ауық осы соңғы сөздер көбіне қандай кейіпте болатындығын ойланып көрейік. Жазарымыз Ислам діні тұрғысынан болғандықтан, мұсылман жанның көзімен қарайық. «Көбірек ғибадат жасай алғанымда ғой». «Құлшылыққа ерте құлшынғанымда ғой».  «Отбасыма көбірек уақыт бөлгенімде ғой». «Балаларыммен көбірек уақыт өткәзгенімде ғой». «Туған-туыстармен араздаспағанымда ғой». Жалпы осы секілді көрініс шығатынын көре аламыз.

Енді өзіңіз үшін ең қадірлі нәрселердің тізімін жазып қарап көріңіз. Тізімнің басында не жазылғанына көңіл бөліңіз. Отбасы? Ата-ана? Жұбайыңыз? Бала-шағаңыз? Алла Тағала? Денсаулық? Дүние? Жұмыс? Достар? Дін? Рухани өмір? Үй? Көлік? Рақат? Демалыс?

Ал сіз уақытыңыздың көп бөлігін не нәрсеге жұмсап жүрсіз? Тізімнің басында жазылғандарға аптасына қанша уақыттан бөліп жүргеніңізді саралап көріңіз. Тізімді бастап тұрған жайттар мен сіздің уақытыңыздың көп бөлігін жұмсап жүрген істер сәйкес келмеуі мүмкін. Мұның ең басты түсініктемесі – сіз өзіңіз үшін шынайы маңызды нәрселерге уақытыңызды дұрыс бөле алмай жүргеніңіз.

«Мен кейбір істерге уақытымды бөлуге сараңдық танытамын, солайша басқа істерге молырақ уақыт жұмсай аламын».

Стенли Маркус

Мұның мынадай себептері болуы мүмкін.

  1. Отбасының нәпақасын табу жолында жұмыс істеген уақыт отбасы үшін жұмсалған уақыт болып табылады. Иә, адам отбасын асырау үшін жұмыс істегені дұрыс. Тіпті ол – Алланың ер адамның мойнына жүктеген міндеті. «Ер адамның қолына қарап отырған әйелі мен бала-шағасын аш-жалаңаш етіп нәпақасыз қалдыруы күнә ретінде оның бір басына жеткілікті болып табылады». Алайда күн ұзаққа жұмыста болып, үйге келгенде теледидар, компьютер, телефон, газет-журнал қараудан бас алмайтын кісінің әрекеті «отбасым үшін тер төгіп жүрмін» деген сөзімен толық ұштаспайды.
  2. Жұмыстағы істерді атқару отбасында «жұмыс істеуден» жеңілірек болуы мүмкін. Жұмыс барысында атқарылатын тапсырмалар нақты әрі түсінікті болады. Және ол тапсырмаларды толық бітіріп, нүкте қоюға мүмкіндік бар. Ал үй ішінде олай емес. Атқарылатын істер бітпейді, оларды толықтай басқару мүмкін емес және әрдайым өзгеріс үстінде. Бірақ адам бұл жауапкершілігін де есінен шығармай, дұрыс атқаруға міндетті.
  3. Жұмыс жайлы қоғамда қалыптасып қалған қате түсінік. Жұмыс барысындағы міндеттемелер астынан бас көтере алмайтындай дәрежеде болуы мүмкін. Жұмысқа тиесілі уақыттан бір минут та алмай, отбасына бөлуге уақыт табуыңыз күтіледі. Бірақ мұның мүмкін еместей өте қиын екендігін түсіну керек.

Осылай уақытын жұмыстан асыра алмай жүрген жанды «адамдардың жаманы» ретінде сипаттаудан аулақпыз. Ол – тек қана жан-жақтан үстемелеген жауапкершіліктеріне уақыт жеткізе алмай қыспақта қалған пенде. Бұл түсіндірме мәселенің басын ашып береді, бірақ адамды ақтап алуға келмейді.

«Бүгінгі күні жауапкершіліктен жалтару арқылы ертеңгі күннің жауапкершілігінен құтылу мүмкін емес».

Авраам Линкольн

Олай болса, отбасына, жақындарға, рухани өмір мен денсаулыққа уақыт бөлудің жолын қарастырып көрелік:

  1. Ең алдымен өмірлік мақсатыңызды белгілеп алуыңыз қажет болмақ. Ол үшін мынадай бірқатар сұрақтарға жауап беру керек: Өмірдегі мақсатыңыз қандай? Не үшін өмір сүріп жатырсыз? Қандай тұлға болып қалыптасқыңыз келеді? Мақсатыңызды белгілеген басты құндылықтарыңыз қандай? Бұл сұрақтарға жауабыңыз дайын болған соң екінші кезектегі сұрақтар тізімі алдыңыздан шығады: Сеніміңізге негізделген әрекетіңіз қандай болмақ? Құндылықтарыңыз өміріңізде қалай көрініс таба алады? Мақсатыңызға жету үшін қалай өмір сүруіңізге болады?
  2. Құндылықтарыңызға сай қандай істер атқаратыныңызды белгілеңіз. Бірқатар істер қосуыңыз қажет болады. Мүмкін кейбір әрекеттерден бас тартуыңызға тура келеді.
  3. Құндылықтарыңызды күн тәртібіне енгізіңіз және соған сай әрекет етіңіз.
  4. Жаңа өмірге аяқ басу жолында табандылық танытыңыз.

Енді берілген осы формуланы қолдана отырып, мұсылмандық жауапкершіліктің шеңберіндегі мынадай жайттарға уақыт арнауды үйренуіміз қажет болады:

  1. Рухани: құлшылық, Исламды түсіндіру, Алла Тағаланы еске алу, өзімізге есеп беру.
  2. Қоғамдық: отбасы, туған-туыстар, достар, жалпы адамзат.
  3. Әлеуметтік: тіршілік, жұмыс істеу, адал ризық табу.
  4. Ақылдық: білім алу, дінді үйрену, мамандық иесі болу.
  5. Тәндік: демалыс, денсаулыққа мән беру, көңіл көтеру.
 
 
 

жиған-терген                 

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

                                                                                      

 

Просмотров: 159 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: