23:08
Тіл - күретамыр

ТІЛ-ТІЛДЕР...

       Әлбетте, тіл – қандай ұлтта, елде болмасын әрқашан қастерлі де құдіретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл – әрбір елдің жаны.

1989 жылы 22 қыркүйек күні "Тіл туралы" заң қабылданған болатын. Бұл заңда Қазақ КСР-нің мемлекеттік тілі қазақ тілі, ал орыс тілі – ұлтаралық тіл деп бекітілген еді. Содан бері 22 қыркүйек – Қазақстан Республикасының халықтарының тілдер мерекесі күні.

1995 жылы 30 тамызда қабылданған  жаңа Конституцияда қазақ тілі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тілі болып бекітілді. Ал  1997 жылы 11 шілдеде «Тіл туралы» Заң қабылданып, оның 4-бабында "Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі” екені жазылды.

Жеке  бір адам ұлт тілін жасай алмайды. Тіл бүкіл халықтың игілігі, халықпен  бірге жасап, бірге дамиды. Ол әр халықтың жазуы жоқта кітабы, мектебі жоқта ұстазы болған. Әр азамат өз ойын ана тілінде білдіріп, білімінің жемісін сол тілде таратады, шығармасын ана тілінде жазып қалдырады. Халықтың тарихта қалуы тіліне байланысты. Тіл – халықтың жаны, мәні, сәні, дәлірек айтқанда, тұтастай кескін-келбеті.

Қазақ тілі – бай тіл, оралымды, ырғақты теңеу-бейнелеулері ерте туған тіл. Поэзияда Абай, Ілияс, прозада Мұхтар, Ғабит сияқты алыптар туғызған тіл. Осындай тілімізді таза ұстайық!

Ана тіліңді қадірлеу – мемлекетіңді, ұлтыңды, өзіңді қадірлеу. Қазақстан егемендігін баянды етіп, оны әлемдегі озық елдердің қатарына қосу үшін мемлекеттік тілдің жетекші рөл атқаратындығын әсте естен шығармайық.

Тіл-тілдер хақында кейбір қызықты дерекке көз жүгіртіп, таным әлемін кеңейтіп көрейік.

Қазір дүниеде 2796 түрлі тіл қолданылады. Қолданатын жан саны 50 миллионнан асатын тіл – 13. Егер бұл тілдерді қолданатын жан санының аз-көптігіне қарай тізсек, реті мынандай болады: қытай тілі, һинді-ордо тілі, ағылшын тілі, испан тілі, итальян тілі. Бұл тілдер 65 мемлекетте мемлекеттік тіл ретінде қолданылады.

Дүниежүзінде ресми тіл саны алтау: қытай тілі, ағылшын тілі, орыс тілі, испан тілі, француз тілі, араб тілі..  

Жалпы 6 мыңға жуық тілдің 100-і ғана мемлекеттік деген статусқа ие болған. 1989 жылы «Тіл туралы» Заң  қабылданғаннан бері қазақ тілі де осы мемлекеттердің  қатарына кіргеніне қуаныштымыз. 

Шығыс ғұламасы Әл-Фараби  70-ке жуық тілді меңгерген.

Ұлы Абай орыс-қазақ тілдерімен қатар парсы, араб тілдерін меңгерген. Орыс тілін орта жастан асып барып, кеш меңгерген.

А.С.Пушкин француз, ағылшын, неміс, итальян, испан, латын, грек, славян тілдерін білген. Көне еврей тілін зерттеген.

Луначарский испан тілін 57 жасында үйренген екен.

Профессор Құдайберген Жұбанов көп тіл білген кісі. Тіпті ана тілімізді салыстырмалы жүйемен үйренуге де, зерттеуге де себі бар деп жапон тілін де игерген.

Кибернетика “атасы” деп есептелетін Норберт Винер 13 тілді зерттеген.

Люксембург халқының түгелге жуығы төрт тілде еркін сөйлей алады, әсіресе, жастары. Ең бастысы, Люксембург балалары мектепке дейін төрт жастан бастап тегін ана тілінде, екінші сыныптан бастап француз тілінде оқиды. Ағылшын тілі алтыншы сыныптан басталады.

Дүниедегі барлық аударма шығармалардың 33% ағылшын тілінен аударылса, 15 % – француз тілінен, ал 1%  неміс тілінен аударылады.

Асылында, кемеңгер қаламгер Ғ.Мүсірепов: «Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді. Ана тілін өгей ұлдар ғана менсінбейді» деген, сондықтан өз тілімізге, өз ұлтымызға өгей болмайық, ағайын!

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 1409 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: