22:57
Таным тарамдары

ХАКІМ АБАЙ ХАҚЫНДА

Әлбетте, Абай – ұлы ақын, дана ойшыл, қазақтың жаңа тарихи дәуірдегі шыншыл жазба әдебиетінің атасы.

Зерделесек, Абай есімі – қазақ халқының ұлттық санасының оянуы мен рухани қайта жаңғыруының, қоғамның озық күштерінің өркениеттілікке ұмтылысы мен әлеуметтік әділдіктің нышаны.

Ғасырлар бойы қалыптасқан экономикалық жағдай, тұрмыс салты үлкен өзгеріске түсіп жатқан аумалы-төкпелі заманда қоғам көшінің ендігі бағытын айқындау, қалайда елдің елдігін, тұтастығын, халықтың ұлттық рухының тазалығын сақтай отырып, жаңа жағдайға бейімделу осынау дәуірдің, әлеуметтік өмірдің өзі туғызған тарихи қажеттілік болды. Осы қажеттілік бүкіл қоғамдық ой-санаға, әдебиет пен өнерге жаңа серпін берді. Нағыз халықтық, шыншыл қағидаттарға негізделген жаңа жазба қазақ әдебиеті, Абай шығармалары осы қоғамдық сұранысқа толық жауап берді.

Ақын шығармаларын оқи отырып, біз оның адам жаны мен уақыт талабын жете түсінген дарын иесі болғандығына көз жеткіземіз. Абай өзінің адамгершілік, ойшыл, қоғамдық, көркемдік ізденістерін бүкіл дүние жүзі мәдениетінің жетістіктерімен ұластырып, өзі де жаңа биік деңгейге көтеріле түсті, сол арқылы бүкіл адамзаттық мұраттарға жол тапты. Ол қазақ ақындығының, халық даналығының барша жақсы тәжірибесін бойына сіңіре отырып, ұлттық өлең өрнегін, өнерді, қоғамдық ойды байытты, жаңа сапалық  биікке алып шықты.

Абайдың әдеби мұрасының дүниежүзілік мәні оның өз шығармаларында туған халқының мүддесін, түпкі мақсат-мұратын айқын көрсете отырып, жалпы адамзаттық құндылықтарды жете бағалай білген ұлы ақынға тән суреткерлік дарындылығынан, кемеңгер ойшылдығынан айқын танылады.

Абай жас шағында Семей қаласындағы мұсылманша медреседе оқыды. Бұл жылдары ол араб, парсы, шағатай тілдерін тез меңгерді, Шығыс классиктері Сағди, Науаи, Низами, Физули, Хафиздің, т. б. шығармаларымен танысты. Сонымен қатар ол орыс мектебіне де барып жүреді. Өзінің ерекше қабілеттілігі һәм зейін қойып, зор ықыласпен үйренуі арқасында Абай орыс тілін де игереді. Алайда, әкесі Құнанбай оны енді өзінің жанында ұстап, бірте-бірте ел билеу ісіне араластырмақ ниетпен ауылға қайтарып алады. Ендігі жерде Абай ел арасындағы әр түрлі ру таласы, жер дауы, жесір дауы секілді істерге араласып, қолында күші бар топтардың әділетсіздігін көріп, әр түрлі топ өкілдерінің мінез-құлқын, іс-әрекеттерін үнемі байқап жүреді. Олардың істеген істеріндегі, күнделікті қылықтарындағы мағынасыздықты, бітпейтін талас-тартыстың, өнімсіз әуре-сарсаңмен күн өткізушіліктің ел басына үлкен ауыртпалық түсіріп отырғанын терең түсіне бастайды. Абай осылай қоғам өмірі жайлы көп толғанып, көп ойланып жүріп, халық мүддесі үшін, адалдық, адамгершілік үшін күресуге ұмтылады, қалай күресудің жолын іздейді. Халық мүддесі үшін күресуге бел байлап, елді, жастарды адал еңбек етуге, өнер үйренуге, білім, ғылым жолына түсуге шақыруды мақсат еткен Абай осы ой-пікірін жалпы жұртқа жария етуге, солардың жүрегіне ұялатуға жарарлық бірден-бір күшті құрал өлең сөз, ақындық өнер деп санайды. Бойындағы ақындық қуатын осы жолға жұмсау қажет деп түсінеді.

Абайдың кейінгі, кемелденген шағында Шығыс ойшылдарының философия, теология, логика, тарих жөніндегі еңбектерін терең зерттегендігін, түркі поэзиясымен қатар араб, парсы поэзиясына қызығуы арта түскенін оның шығармаларынан да байқауға болады. Жылдар жылжи Абайдың Батыс Еуропа елдерінің қоғамдық-философиялық жетістіктеріне, француз, ағылшын, неміс ағартушыларының шығармаларына деген ынта-ықыласы арта түседі. Ол өзінің шығармашылық ізденістерінде Пушкин, Лермонтов, Крылов, Салтыков-Щедрин, Лев Толстой сияқты көркем сез шеберлері мен ойшылдарының өнегесінен тағылым ала білді. Гете, Байрон, Шиллер сияқты Батыс Еуропа ақындары да Абайдың назарын аударады.

Абай ақындығы қазақ әдебиетіндегі мүлде жаңа құбылыс, жаңа кезең болғанын айта отырып, ақынның шығармашылық өнерінің негізгі тірегі, сарқылмас қайнар көзі халық поэзиясы, жүздеген жырау, жыршы, ақындарды туғызған халықтың сан ғасырлық бай әдеби мұрасы дейміз. Халықтың өмірімен, поэзиясымен терең тамырластығы Абайдың ақындық тұлғасына ана сүтімен біткен қасиеттей ұлттық, даралық сипат бергені даусыз.

Ақындық өнерді өзіне өмірлік зор мақсат етіп, өз өлеңдерін қағаз бетіне түсіруге Абай тек ХІХ ғасырдың 80-жылдардың ортасында жұмыла кіріседі. Бұл оның айналасын болжап, әлеуметтік құбылыстарды терең бағалап, кең ойлай алатын, көргені мен түйгені, өмірлік тәжірибесі молайған, әбден кемеліне келген шағы болатын. Ақынның осы тұста (1882-1886 жж.) жазған өлеңдері идеялық және көркемдік қасиеттері жағынан аса мағыналы, жаңа сапалы және ұзақ өнімді ізденістерінің қорытындысы, нәтижесі болып табылады. Өзінің шығармаларында Абай қазақ тіршілігінің ең көкейкесті мәселелерін, маңызды әлеуметтік, қоғамдық, моральдық проблемаларын, халықтың тағдырына, әдет-ғұрпына қатысты мәселелерді көтереді. Айталық, «Сегіз аяқ» атты өлеңінде елдің берекесін кетіріп, көзін аштырмай отырған бір-бірімен дауласу, қастасу, өтірік арыз беру секілді жаман әдеттер екенін нақтылап көрсеткен ақын:

Таласып босқа,

Жау болып досқа,

Қор болып, құрып барасың, —

деп өкініш білдіреді.

Елді бірлікке, татулыққа шақыру — өлеңнің ең бір күшті сарыны.

«Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең, істің бәрі бос», — деген үлкен қоғамдық мәні бар терең мағыналы түйінді ойын ақын ерекше тебіреніспен айтады.

Ақынның өзі өмір сүрген ортаны, тағдырдың талқысына түсіп, шырқы бұзылған халықтың, ел-жұрттың бейнесін асқан көркемдік шеберлікпен суреттейтінін «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңінен айқын көреміз. Осы өлеңге домбыра сазындағы алғашқы құлақ күйіндей болып, жүрек толқытатындай жылы леп беретін «қазағым», «елім», «қайран жұртым» деген сөздер онан кейінгі айтылғанның бәріне басқаша мағына, өзгеше реңк дарытады. Сондықтан елдің күйзелген жағдайын айқындататын:

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың,

Жақсы менен жаманды айырмадың,

Бірі май, бірі қан боп енді екі ұртың, — деген сипаттаулар жалпақ жұрт туралы айтылса да, артық айтылған демей, ашынып айтылған десек болар.

Бас-басына би болған өңкей қиқым,

Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?

Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың, — деген шумақтағы «бас-басына би болған өңкей қиқым» дегені елдің шырқын бұзып жүрген, қолындағы күші азайған, ұлыққа, мансабы жоғары шенеунікке бағынышты болыстарға тікелей қатысты. Ал «Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың» деген сөздер сол кездегі патша үкіметінің енді қазақ даласын билеу ісіне баса-көктеп араласып, қазақтың болыс-билерін бір-бірімен қырқыстырып әбден әлсіреткен үстемдік саясатын әшкерелейді.

Абай шығармаларының өмір, дүние-болмыс туралы ойларын қорытып, жинақтап айтатын сипаты һәм әлеуметтік өмірдің қайшылықтарын, қоғамдық құбылыстардың өзара себеп-салдарлы, байланысты келетінін терең түсінуі жағынан үлкен философиялық мәні бар екені талассыз. Өмірдің өтуі жайлы Абай бірде философиялық толғаныс түрінде айтса («Сағаттың шықылдағы емес ермек»), тағы бірде ойын нақтылы сурет арқылы елестетіп көрсетуді мақсат етеді. «Тоты құс түсті көбелек» атты өлеңінде ақын адамның өмірдегі мақсаты жайында толғанып, ол өмірден нені іздеп, нені күнкөріс қылады деген сүраққа түжырымды жауап береді. Адамның өмірі мағыналы, саналы болу керек деген байламын айқын айтып жеткізеді де, енді ойын жаңа бір қырынан алып өрбітіп, адамның өмір сүруі, іс-әрекеттері, алдына қоятын мақсаттары заман талабына сәйкес болуы қажет екендігін ескертеді.

Әркімді заман сүйремек,

Заманды қай жан билемек?

Заманға жаман күйлемек,

Замана оны илемек.

Философиялық мәні бар осы тұжырымның қоғам өмірінің күрделі заңдылығын, елеулі шындығын терең түсіну негізінде айтылғаны анық. Саналы, ойлы  адамның артықшылығы заман талабын, әлеуметтік өзгерістердің бағыт-бағдарын дұрыс түсіне білу болса керек.

Абайдың көңіл күйі лирикасында ақынның өзімен-өзі ойласқандай, өзімен-өзі сырласқандай қалпын, көңіл толғанысын танытатын арнау үлгілері бар.

Жүрегім, нені сезесің,

Сенен басқа жан жоқ па?

Дүниені, көңілім, кезесің,

Тиянақ жоқ па, қой тоқта!

Мұнда ғой ақын жүрек, көңіл деген ұғымдарды кейіптеу бейне ретінде алып, тіпті сөзін соларға қаратып айтқандай болады. Өзіне сауал қойып, тоқтау айтуы, өз сүрағына өзі жауап іздеуі, өз ой-тұжырымына өзі дәлел іздеуі — мұның бәрі ой-сезім тереңдігін, әсерлі жан тебіренісін көрсетеді.

Хакім Абай поэзиясындағы әр түрлі адамдардың мінез-құлқын, психологиясын, қандай жағдайда қандайлық әрекет ететінін ашып көрсету шеберлігі жағынан алғанда үздік шығармалар қатарында «Бөтен елде бар болса», «Сабырсыз, арсыз, еріншек» секілді өлеңдерді атауға болады. Ел қамын ойламайтын, еңбек етпейтін, «қызмет қылып мал таппай, ғылым оқып ой таппай», ел қыдырып, өсек-аяң іздейтін арызшыл адамның мінез-сиқын Абай шебер бейнелеп көрсетеді. Қиын-қыстау жағдайда жалтарғыш, «бір сөз үшін жау болып, бір күн үшін дос болып» қырық құбылып жүретін адамдардың мінезін, іс-әрекетін ақын осы өлеңдерінде тап басып, нақтылы сипаттаған. Шынайылығы, суреттеу тәсілінің ұтымдылығы жағынан Абай шығармаларындағы қазақ әкімдерінің, ел билеушілерінің бейнесі де кем түспейді. «Болыс болдым, мінеки» атты өлеңі болыстың монологы түрінде құрылған. Кейіпкердің бір сәт ойға кетіп, болыстыққа жету үшін қандай қам жасағанын, қанша малын шашып әуреге түскенін, болыс болғандағы іс-әрекеттерін, әр түрлі адамдармен қарым-қатынасын — бәр-бәрін көз алдынан өткізіп, өзіне-өзі есеп бергендей, түжырымдап бағалағандай болып отырған қалпы мейлінше нанымды да әсерлі-ак! Ал «Мәз болады болысың» атты өлеңде болыстың ұлыққа жарамсақтану арқылы шекпен мен шенге ие болғанын аз сөзбен ғана айтып, ақын сонан кейін оны әжуалап, келеке етеді. Кейіпкердің өз қимыл-әрекеті жоққа тән, баяндаушының мысқылдары мол да әсерлі.

Дара да дана Абай жас ұрпаққа, «көкірегі сезімді», «көңілі ояу» адамдарға үміт артып, олардың жүрегін оятуға ұмтылады. Ақын дарынды, өнер іздеген жандар туралы айрықша зор сүйіспеншілікпен айта отырып, олардың алға қойған зор мақсатқа жету жолындағы күресте табандылық, жігерлілік танытатынына үлкен сенім білдіреді.

Ішінде кімнің оты бар,

Қар жауса да, сөнер ме?! — дейді.

Абай интернатта оқып жүрген қазақ балаларына жүрегі елжірей қарап, жас буын, жас өркендер осылар деп қуанады. Ол ғалым болу мен адам болу мәселесін бір-бірімен сабақтастыра қарап, бұл екеуінің тамыры, түбі бір деп санайды. Нағыз ғалым болу үшін талапты болу, шыншыл болу, аянбай еңбектену және кішіпейіл (қанағатшыл), басқаға мейірімді (рақымды) болу керек деген ойы да өте маңызды.

Асылында, Абай адамгершілікті, әділеттілікті ең негізгі моральдық принцип ретінде поэзиялық туындыларында да, қара сөздерінде де үнемі атап көрсетіп отырады.

Қайрат пен ақыл жол табар

Қашқанға да, қуғанға.

Әділет, шапқат кімде бар,

Сол жарасар туғанға.

Бастапқы екеу соңғысыз

Біте қалса қазаққа,

Алдың — жалын, артың — мүз,

Барар едің қай жаққа? — дейді ақын «Әсемпаз болма әрнеге» деп басталатын өлеңінде. Сөйтіп ол әділеттік, мейірбандық болмаған жерде ақыл мен қайрат та адамды жақсылыққа жеткізе алмайды деп түйеді.

Қазақтың бас ақыны Абайдың табиғат лирикасы үлгісіндегі өлеңдерінде ақынның ой-сезімі, жан дүниесі де терең ашылған. Ол өзінің шығармаларында жыл маусымдарын: қысты, күзді, көктем мен жазды қайталанбас соны бояулармен бейнелеп берді. Абай пейзажды адамның тұрмыс кешетін табиғи ортасы, мекен-жайы ретінде ала отырып, әлеуметтік өмірмен, қазақ халқының көшпелі тұрмысымен тығыз байланыстыра көрсетеді.

Мысалы, «Күз» (Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан), «Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай» өлеңдерінде әлеуметтік теңсіздікті де ашып көрсетеді. Ал «Жаз» (Жаздыгүн шілде болғанда), «Жазғытұры» (Жазғытұры қалмайды қыстың сызы) өлеңдерінде елдің кең далада, табиғат аясында бой жазып, жаны жадырап отырған кезін бейнелейді.

«Желсіз түнде жарық ай» дейтін өлеңінде ақын жазда өзен жағасына көшіп келіп отырған мал баққан ауылдың өмір-тұрмысын шебер сипаттайды. Қазақтың даласы, түні, тауы, өзен-суы, жапырағы жайқалған ағашы, жазғы жердің көк майса жасыл шөбі, көшпелі елдің қонған қоныс-жайлауы, баққан малы, түн күзететін сақ малшылары, жастардың пәк, таза сүйіспеншілік сезімі, жастығын, алғашқы махаббатын сағынып еске алған қазақтың осындай айлы түнде ауыл сыртында, аулақта жолығатын шағын армандауы — осының бәрі өлеңнен көңілге нәзік лирикалық сезім ұялатқандай айқын елес береді.

Құнанбайұлы Абай қазақ поэзиясының идеялық ауқымын, тақырыбын кеңейтті, әдебиетте жаңа жанрлық түрлер қалыптастырды. Халықтың сөйлеу тілінің, қазақтың ауызекі ақындық өнерінің және ән-өлеңдерінің байлығын кеңінен пайдалана отырып, ол өлең сөздің бейнелеу құралдарын жетілдірді. Жаңа өлең үлгілерін енгізді, қазақтың ақындық тілін, әдеби тілін ұстартты. Абайдың лирикасы жанрлық ерекшеліктері жағынан алғанда көп салалы, көп қырлы, алуан түрлі болып келеді. Олар тақырыбы, мазмүны жағынан да аса бай, әр қилы өмір құбылыстарын қамтиды. Халықтың тағдырын, заман жайын толғайтын сан алуан қоғамдық-саяси философиялық лирика түрлері, адамның ішкі жан дүниесін бейнелейтін жырлары, махаббат лирикасы, сатиралық өлеңдері, табиғат суреттері, оларға қоса жеке адамдарға арналған жырлары, тағы басқа өлең түрлерін Абай поэзиясынан молынан табамыз. Ақиқатында, Абай поэзияның танымдық, тәрбиелік мәнін терең түсінгенін көптеген өлеңдерінен, әсіресе сөз өнері, ән-күй туралы ой-толғамдарын арнайы баяндайтын «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол», «Құлақтан кіріп, бойды алар», «Өзгеге, көңілім, тоярсың» секілді шығармаларынан толық байқаймыз. Халықтың тағдыры мен қасіретін терең түсініп, оның жоғын жоқтаушы болуға тиіс деп санаған Абай өмірдің күрделі мәселелерін көтермейтін жыршылар мен ақындарды қатты сынға алады. Кейбір ақындардың өлең-жырды тек көңіл көтеру үшін айтып, өнерге жеңіл-желпі мақсат қоятынын үлкен мін деп санайды.

Абай теңдесі жоқ кемеңгер ойшыл-ақындығымен қатар аса дарынды сазгер болды. «Айттым сәлем, қалам қас», «Көзімнің қарасы», «Сегіз аяқ», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Желсіз түнде жарық ай», «Амал жоқ, қайттім білдірмей» сияқты өлеңдеріне шығарған әндері халық арасына кеңінен тарап, үнемі айтылып келеді.

Абайдың «Масғүт», «Әзім әңгімелері» поэмалары һәм «Ескендір» дастаны аңыз сюжеттерге құрылған. Бірақ, ақын сол сюжеттер арқылы өз заманына тікелей қатысты мәселені, жалпы адамзаттық мәні бар мәселені қозғауға ұмтылған. Айталық, «Масғұт» поэмасындағы екі сюжет те ақылды болу үшін, айтатын ақылды бағалай білетін адамдар, ұғатын, түсінетін қауым болу керек деген ойды тұспалдап жеткізуге тірек болып тұр. «Масғүт» поэмасында халифаға қысыл-таяң кезде ақыл-кеңес беретін уәзір Масғүт

болса, «Ескендір» поэмасында атағы жер жарған қолбасшы Ескендірге ақыл беретін ғұлама ғалым Аристотель болды. Алтын қорғанға кіре алмаған Ескендірдің қақпадан орамалға орап тастаған сүйектің мәнісін Аристотель айтып түсіндірген соң, әскерін ертіп еліне қайтқаны — дана кеңесшінің сөзіне құлақ асқаны. Таразының екінші басына қанша алтын, күміс салса да, қозғалмаған қу сүйектің тек бір уыс топырақ салғанда ғана көтеріліп шыға келуінің не сыры бар екенін Ескендір патша өздігінен таба алмай, Аристотель айтып бергенде ғана білетіні көңіл қоярлық. Бұл Ескендірден Аристотель хакімнің ақылы, зеректігі басым екенін аңғартады. Адамның көз сүйегі ауыр болу себебін Аристотель жеміт көз дүниеге тоймайды, бірақ адам қанша ынсапсыз, қанағатсыз болса да, өлгенде, көзіне құм қүйылғанда тояды деп байымдайды да, Ескендірге «Мұны көріп алыңыз, сізге де ғибрат» деп кеңес береді.  Абай Ескендірдің жорықтарын нақтылы бейнелеп жатпайды. Патшаның басқа елдерге жасаған шапқыншылығын, оларға өз үстемдігін жүргізбек болғанын моральдық, адамгершілік идеялар тұрғысынан қарап, мансапқорлық, көрсеқызарлық, даңққүмарлық деп бағалайды, сынап, шенейді. Мұны Ескендірді «қанішер, қаһарлы хан» деп сипаттауынан да:

Жазасыз жақын жердің бәрін шапты,

Дарияның суындай қандар ақты.

Шапқан елдің бәрін де бодам қылып,

Өкіметін қолына тартып апты, — деген сияқты сөздерінен де әсіресе анық көруге болады.

Абайдың ғақлия сөздерінің, қара сөздерінің кейбіреуі шешендік сөз үлгісіне ойды ұтымды, өткір айтуы жағынан да, сөзді өрнектеп келтіруі жағынан да толық сәйкес келсе, бірталай сездері басқаша құрылады. Кейбірі қарапайым тілмен айтылған қоғамдық, адамгершілік мәселелер жайындағы әңгіме-сұхбат болып келеді, ал жиырма жетінші сөзі Сократтың шәкірті Аристодиммен сұхбаты түрінде, отыз сегізінші сөзі діни трактат түрінде беріледі де, «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» дегені өз алдына бөлек тарихи тақырыпты қозғайтын әңгіме болады. Абай адал еңбек ету, егін салу, саудамен айналысу, өнер үйрену, білім-ғылымды игеру, қоғамдағы әр түрлі топтардың қылып жүрген қаракеті, мінез-қүлқы, адамгершілік, имандылық секілді бірталай мәселелерді қара сөздерінде кеңінен толғайды. Халықтың өмірін, әр түрлі топ өкілдерінің мінез-қүлқын, ой-ниетін нақтылы, жан-жақты талдай отырып айтады. Болыс сайлау мәселесін сөз қылғанда да сол кездегі нақтылы қоғамдық жағдайды, елдің әдет-ғүрпын, ұғым-түсінігін толық ескеріп отырады. Ел билейтін адам заман ағымын, елдің мұң-мұқтажын жақсы біліп, сонымен қатар «Есім ханның ескі жолы», Тәукенің «Жеті жарғысы» секілді бұрыннан келе жатқан ел басқару тәсілдерін жаңа заманның ыңғайына қарай орнымен пайдалана білмек керек дейді. Білім-ғылым үйренгенде қандай мақсат қою қажет, бұл істі қандай ниетпен істеу керек дегенді Абай отыз екінші сөзінде саралап талдап айтады. Білім-ғылымды дүниенің сырын ұғып-түсіну үшін үйренбек керек, «басқаға бола үйренбе» дейді Абай есті кісілер мен есер кісілердің мінезін, қылығын, сырт қарағанда оп-оңай көзге іліне қоймайтын ерекшеліктерін қалт жібермей, дәл басып, дәл танитын үлкен суреткерге тән көрегендікпен сипаттап береді. Ойын әсерлі бейнелеп айта келіп, тікелей ақыл-кеңес айтуды да жөн көреді. «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдағы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей, қылықпен өткізіппісің? Жоқ болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» — дейді. Бұдан біз адамның есті болуының басты шарты оның әрбір істеген ісіне сын көзімен қарап, дұрыс бағалай білуі, содан тиісті қорытынды шығара алуы деген түйінді аңғарамыз. Он тоғызыншы сөзінде Абай осы ойын тағы бір қырынан өрістетіп, адам туғаннан есті болмайды, естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, сондай білгені, көргені көп адам есті, білімді болады және естілердің айтқан сөздерін үғып, ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады дейді.

Асылы сол – хакім Абайдың шығармашылығы қай заманда да өшпес мәңгілік.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 839 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: