00:05
Тамыз кеңесі

ИННОВАЦИЯЛЫҚ СТРАТЕГИЯ – ТҰРАҚТЫ ДАМУ ФАКТОРЫ

            Білім беру – кез келген ел үшін ел болудың бірден-бір маңызды мемлекеттік бағыт. Өскелең ұрпақты саналы түрде тәрбиелеу һәм сапалы түрде оқыту арқылы ғана азаматтық қоғамның, әлеуметтік ортаның, экономикалық дамудың әлеуеті әуелейді. Сондықтан да бұл басым бағыттарда енжарлық пен осалдыққа еш жол берілмеу керектігі бесенеден белгілі.

Еліміздің ірілі-шағын елді мекендерінде «Білім берудің инновациялық стратегиясы – мемлекеттің, қоғамның және жеке тұлғаның тұрақты даму факторы» деген тақырыпты айдарлаған педагог қызметкерлердің биылғы тамыз кеңесінде жаңа оқу жылына бағытталған мақсат-міндеттерді айқындады. Мерейлі жетпіс бес жасқа толып отырған Лебяжі ауданына қарасты барлық мектептер, бала бақшалар, аудан орталығындағы аграрлы-техникалық колледж бас қосқан келелі мәслихат Аққудағы Мәдениет үйінде салтанатты түрде өткізілді жуырда. Оның жұмысына аудан әкімі А.Құрманова, «Ертіс дарыны» аймақтық ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Г.Тұрсынов, аудан әкімдері, ардагер ұстаздар, қатарға міне қосылғалы отырған жас педагогтар, мектептерден жеке делегация болып келген тәжірибелі білім қызметкерлері бір адамдай қатысты.

Кеңестің пленарлық отырысы басталмас бұрын Мәдениет үйінің кең де жарық фоесінде әр мектеп өткен жылғы оқу жылын қорытындылаған һәм жаңа оқу жылына айқындаған әдістемелік көрмесін, ал өнер орталығының алдындамектеп жанындағы бау-бақша үлескісінде жаз бойы тер төгіп өсірген көкөніс-жидек өнімдерін, қолданбалы қолөнер бұйымдарын жұртшылық назарына ұсынды. Арнайы жасақталған комиссия осынау тамашаларды аралап шықты да, артынша тиісті бағасын берді.

Лебяжі аудандық білім бөлімі басшысы Е.Еркінов жасаған баяндамасында аудан бойынша білім беру саласына егжей-тегжейлі тоқталды. Қазіргі таңда аудан мектептерінде 1671 оқушы білім алуға дайын екен, өкінішке орай, өткен жылмен салыстырғанда бақандай 113 оқушыға кеміп отыр. Демек, демографиялық жағдай бой бермей кейін кетуде. Алаңдататын жайт екені сөзсіз. Мектепке дейінгі білім мекемелерінде 725 бала тәрбиеленуде. Оларда «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып отыр. Бала бақшалар мен мектеп жанындағы шағын орталықтар тәрбиеленушілерді қабылдауға сақадай сай. Мұндағы басты мәселе ретінде Ерсін Еркінұлы жоғары санатты тәрбиешілердің жоқтығын нықтап тұрып айтты. Өткен оқу жылында республикалық, аймақтық және аудандық сын-байқауларында жетістіктерге қол жеткізген оқушылардың, педагог мамандардың есімдері жоғары мінберден аталып, құрмет-қошеметке бөленді. Олардың қатарында «Алтын белгіге» ие болған Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің түлегі Айгерім Тілектесованың, халықаралық, облыстық мұғалімдер олимпиадасында бірінші орынға ие болған Баймолдин атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі А.Байшүкірдің және басқа да тұлғалардың есімдері аспандады. Сонымен бірге мұғалімдердің біліктілігін арттыруда жаңа тұрпаттағы үш айлық курстардың бірінші, екінші һәм үшінші деңгейін тәмамдаған педагог қызметкерлердің статистикасы жария етілді. Аталмыш курстардан өткен педагогтар білім беруге инновациялық серпін беру қажеттігі міндеттелді. Оқу жылының басты сынағы Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) биылғы түлектердің 64%-ы қатысты. Орташа көрсеткіштер бойынша бірінші орынды Сатыбалды, екінші орынды Қазы, ал үшінші орынды Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектептері қанжығаларына байлаған екен. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, Лебяжі ауданы биылғы ҰБТ нәтижелері бойынша аймақта тоғызыншы орында, ал өткен оқу жылында он біріншіде болған. Демек, екі қадам алға жылжыды. Лебяжілік пән мұғалімдерін жаппай тестілеуден өткізу өз қомақты нәтижесін берді деуге әбден болады. Оның үстіне ҰБТ сынағында жоғары нәтиже көрсеткен төрт мұғалімге Бурабай баурайында демалуға тегін жолдама беріліпті. Бұл да болса қажырлы қайраткерлік танытқан пән мұғалімдеріне көрсетілген тамаша ынталандыру ғой әлбетте. Ауданымыздың он тоғыз түлегі, 31%, мемлекеттік білім беру гранттарына қол жеткізді. Жаппай оқыту қорынан әлеуметтік жағынан әл-әзір теперіш көріп отырған аз қамтамасыз етілген отбасы балаларына, көп балалы жанұяларға бөлінген қаржының игерілуі күн тәртібіне шықты. Білім басшысы аудан бойынша мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында бөлінген қаржының орынды жұмсалғанын айтты. Соның бір айғағы ретінде Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің от қазандығы жаңартылғанын атап өтуге болады. Десе де, мектептердің жағдайын талапты деңгейге жеткізу үшін әлі де мол қаражат қарастыру қажеттігі күн тәртібінен түспей тұр.

Жарыссөздерде жасалған баяндамаларда баяндамашылар өз білім беру ұйымдарында қол жеткізген жетістіктерді бір пысықтап, әдістемелік жұмысты ілгерілетуде қолданған тиімді әдіс-тәсілдерді ортаға салды. Әңгіме барысында жетістіктер кең пішінді форматта презентацияланды. Назар қойып, ұйып тыңдаған қауым өзіне қажетті пайдалы мағлұматтарды молынан алды.

«Ертіс дарыны» аймақтық ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Ғаждембек Қуанышұлы өз кезегінде Лебяжі ауданына қарасты білім беру мекемелерінің аймақ бойынша қаншалықты-қандай деңгейде тұрғанын жайып салды. Айта кету керек, орталық директоры облыстық білім басқармасының мәліметтерімен мықтап тұрып қаруланып келгені бірден құлаққа шалынды. Мәселен, аймақ бойынша 87219 оқушы биылғы оқу жылын бастамақ, былтырғы жылмен салыстырған бір мыңға жуық оқушыға мұнда да азайып қалған екен. Сол сияқты аймағымыз бойынша іске қосылған және іске қосылуға жоспарланған жаңа білім беру мекемелерін де атап өтті. Облысымызда 430 мектепке дейінгі мекемеде жиырма мыңға жуық бала тәрбиеленуде, 406 мектеп бар. Өткен оқу жылында Потанин және Лебяжі жалпы орта білім беретін мектептерінде электронды оқыту жүйесі іске қосылған-ды, алайда, бір жыл қорытындысы бойынша оларда электронды сынып журналын жүргізу деңгейі 48 және 30 пайызды құрап, өте төмен деңгейде екені өкінішпен келтірілді. Лебяжі ауданына қарасты мектептерінде пәндерді тереңдетіп оқыту, гимназиялық және лицейлік сыныптар ашу деңгейі өте төмен екені тағы ескертілді. Лебяжілік оқушылардың облыстық пән олимпиадасына, ғылыми жобаларды қорғауға, «Ертіс дарыны» АҒТО тарапынан өткізілетін білім сын-байқауларына қатысу, сырттай оқыту мектебінде оқу да әл-әзір көңіл көншітпейді. Демек, дарынды оқушылармен жүргізілетін жұмыстарды тиімді жүйеге түсіру өте-мөте қажет екені талап етілді. Есесіне «Кенгуру», «Ақ бота» және басқа да интеллектуалдық марафондарға қатысуда белсенділік артуда.

Тамыз кеңесінің пленарлық бөлімін қорытындылаған аудан әкімі Айзада Амангелдіқызы «Ертіс дарыны» АҒТО директоры Ғаждембек Қуанышұлы келтірген жан-жақты мәліметтердің олқы тұстарын толтыруда жоспарланып отырған келелі мәселелерді шешудің тетіктеріне тоқталды. Көлденең жатып алған кедергілерді енсеруде инновациялық-шығармашылық стратегия қажеттігін ескертті. Аудан әкімі өз сөзінде аудан бойынша мектепке дейінгі және мектептерге бөлінген қаржының орынды игерілгенін, кей шағын орталықтарды бала бақшаларға айналдыру қажеттігін, аудан орталығында балалардың шығармашылық үйін ашуды қарастыруды, ҰБТ бойынша жетістіктерді одан сайын дамытуды, дарынды оқушыларды халықаралық, аймақтық деңгейде танытуды, мектеп түлектеріне кәсіптік-бейіндік бағыт-бағдар беруде ауданымыздың экономикалық-әлеуметтік әлеуетін арттыруға лайықталған жол ұсынуды, ауданға қарасты мектептерде көп тілде білім беру ісін жолға қоюды һәм басқа да маңызды міндет-тапсырмаларды жүзеге асыруды талап етті.

Тамыз мәслихатының салтанатты бөлімінде жаңа оқу жылында қатарға қосылған жас мамандарға құрмет көрсетілді. Ардагер педагог Ы.Жақыпбек өрімдей жас педагогтарға қисыны қиын өәм өте қызық ұстаздық жолда биік-биік табыс тіледі. Облыстық, аудандық деңгейде жетістікке қол жеткізген бірнеше педагог қызметкерлер аудан әкімінің, ҚРБҒМ, облыстық білім басқармасының, аудандық мәслихаттың, аудандық білім бөлімінің Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен һәм бағалы естелік сыйлықтарымен салтанатты түрде марапатталды.

Ал түстен кейін тамыз кеңесінің жұмысы Лебяжі жалпы орта білім беретін мектебінде «Әдістемелік форум» айдарымен секцияларда жалғасты. Оларда пайдалы баяндамалар оқылып, жаңа оқу жылына бағытталған мақсат-міндеттер айшықтала айқындалды.     

Просмотров: 1138 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: