13:55
Сыңғырла, қоңырау, сыңғырла!

ҚОҢЫРАУ СЫҢҒЫРЫМЕН ЖАҢА ОҚУ МАУСЫМЫ БАСТАЛДЫ

Қыркүйек айының бірінші күні білім беру ісімен айналысатын оқу орындарында сыңғырлай соғылатын «Алғашқы қоңырау» үн-дабылымен нұрланады. Өзіндік даму даңғылы бар Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде осынау дәстүрлі үрдіс биыл да өз заңды жалғасын тауып, күміс қоңырау сыңғырымен тағы бір жаңа оқу маусымының шымылдығын айқара ашты.

«Алғашқы қоңырауда» жарасымды киінген оқушыларды, ата-аналарды, ұстаз-тәрбиешілерді құттықтаған ауыл әкімі Ж.Ш.Байтілеуова, ауданнан келген өкіл Л.Е.Құмарова өз игі-ізгі тілектерін жаудырып, оқу-тәрбиенің ұзақ та қызықты жолында табыс-береке тіледі. Ал мектеп директоры А.М.Белгібаева өткен оқу жылының жазғы демалыс мезгілінде қол жеткен жетістіктерге аз-кем тоқталып, мектеп ұясынан жеке өмірге түлеп ұшқан түлектердің оқуға орналасу жетістіктерін мақтанышпен жеткізіп, өнер-қабілетімен дараланып, ауылдан тыс жерде марапатқа кеңелген оқушыларды, ұстаздарды атап өтті. Айталық, ҰБТ-ге қатысқан сегіз түлектің екеуі мемлекеттік білім грантына ие болып, Нұрила Шәріпова Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университеттің, ал Мағжан Қазбеков Павлодардағы С.Торайғыров атындағы Павлодар Мемлекеттік университетінің студенттері атанды. Басқа да түлектер түрліше колледждердің бюджеттік бөлімдеріне түсті.

Шара барысында педагог қызметкерлердің қатарына міне-міне қосылған жас маман, орыс тілі мен әдебиеті пәндері мұғалімі А.С.Абдуллинаға хош-құрмет көрсетілді. Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебі кәсіподақ ұйымының төрағасы Ш.Берден, ауылдық округ аппаратында жастар ісі және спорт бөлімі қызметкері Г.Сейітова жас мұғалім Ақтоты Серікқалиқызына жұмыста өнімді еңбек тілеп, құшақ жая еледі.

Мектеп табалдырығын жаңа ғана аттаған мектепалды даярлық тобының кішкене тәрбиешілеріне, бірінші сыныптың бүлдіршін оқушыларына әжелер тарапынан шашу шашылды. 1 сынып оқушысы Ділназ Ахметова мен 11 сынып оқушысы Ардақ Дәулетов күміс қоңырау сыңғырымен үр жаңа оқу маусымының ашылуын жар етті. Бәрекелді!

Бегімхан  КЕРІМХАНҰЛЫ,  Бесқарағай ЖОББ мектебінің,оқу істері меңгерушісі, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 910 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: