12:38
Ұстаз күні мерекеленді

ҚАЛДЫРҒАН ІЗІҢ МӘҢГІЛІК

            Әлбетте, «ұстаз» деген сөзде сансыз ұлылық та, таусылмас бұлақтайын жылылық та жатыр. Қисықтарды жөндейтін шеберлік те,тентектерді ақылмен емдейтін құдірет те осы сөзде. Асылы сол, ұстаздың бар байлығы – жеке өмірде қырандайын самғаған шәкірттері. Өскелең ұрпақты сапалы біліммен һәм саналы тәрбиемен сусындатып жүрген мұғалімдердің, тәрбиешілердің қайраткерлігінде ұлттық стратегиямыздың маңызды тетігі жатыр. Көлденең келіп қалған қиындықтарға қарамастан өз мамандығына деген шынайы берілгендігімен, асқақ сенімділігімен өміршеңдігін өрлетуде.

Жуырда аудан орталығы Аққудағы Мәдениет үйінде Ұстаздар күні құрметіне «Қалдыған ізің мәңгілік» атты салтанатты кеш ұйымдастырылды. Лебяжі аудандық білім бөліміне қарасты мектептерден, балабақшалардан жиналған педагогикалық қызметкерлер мерекелік шараның куәгерлері болды.

Бәрінен бұрын сахна төріне шыққан бірінші сыныптың бүлдіршіндері балдай тәтті тілдерімен тақырыпқа тұздық болған өлең шумақтарын нақышына келтіре жатқа мәнерлеп оқыды да, көрермендердің шексіз ықылас-құрметіне бөленді.

«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» демекші ұлағатты ұстаздарды құттықтау және марапаттау үшін сахнаға аудан әкімінің орынбасары А.Қасымова  шақырылды. Алма Жәнтенқызы ауданның педагогикалық қызметкерлерін кәсіби мерекемен жүрекжарды тілектерімен құттықтаған соң, жас жеткіншектерді тәрбиелеудегі қосқан елеулі үлесі үшін Жамбыл орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі В.Смакотинге аудан әкімінің Құрмет грамотасын, білім саласына қосқан зор үлесі үшін Лебяжі орта мектебінің бастауыш сыныптар мұғалімі Б.Мұқатаеваға, Потанин орта мектебінің тарих мұғалімі Ж.Жолдасбековаға аудан әкімінің Алғыс хатын салтанатты түрде табыстады.

Лебяжі аудандық мәслихат хатшысы Қ.Әлтаев асыл да қадірлі ұстаздарды құттықтап, жас жеткіншектерді тәрбиелеудегі қосқан елеулі үлесі үшін аудандық мәслихаттың Алғыс хатымен аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі М.Шыңғысованы, Б.Уахатов атындағы орта мектеп директоры Е.Дүйсеновті, Ә.Баймолдин атындағы орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі Б.Байсебенованы, Шақа орта мектебінің математика мұғалімі Ж.Абылмажиновты азаматтық тұрғыдан марапаттады.

Облыстық білім басқармасының һәм аудандық білім бөлімінің мадақтамаларын табыс ету үшін сахна төріне шыққан білім бөлімінің сектор меңгерушісі М.Шыңғысова жиналған қауымды мерекемен құттықтап, жақсы тілектерін жеткізді. Мира Қапанқызы Павлодар облысының білім беру жүйесін дамытуға қосқан зор үлесі үшін білім басқармасының Құрмет грамотасын Лебяжі орта мектебінің математика мұғалімі Д.Кошановаға, Потанин орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі Г.Жапархановаға, Павлодар облысының білім беру жүйесін дамытуға қосқан зор үлесі үшін білім басқармасының Алғыс хатын Потанин орта мектебінің математика мұғалімі М.Сейітоваға, Лебяжі орта мектебінің бастауыш сыныптар мұғалімі К.Қамбароваға, Малыбай орта мектебінің психологі А.Ыбырайға, Тақыр негізгі мектебінің тарих мұғалімі А.Охановаға, ауданның білім беру саласын дамытуға қосқан зор үлесі үшін аудандық білім бөлімінің Құрмет грамотасын Шарбақты орта мектебінің биология мұғалімі Қ.Смағұловаға, Лебяжі орта мектебінің медбикесі Р.Айтқалинаға, жас жеткіншектерді тәрбиелеудегі қосқан елеулі үлесі үшін аудандық білім бөлімінің Алғыс хатын Ленин негізгі мектебінің оқу істері меңгерушісі С.Темірхановаға, Жамбыл орта мектебінің география мұғалімі А.Майоровқа, облыстық «Ертіс өңірінің компоненттері» байқауының жеңімпазы Жабағылы негізгі мектебінің директоры әрі қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі А.Құрманғалиевке, аудандық «Үздік педагог» байқауы жүлдегері Жамбыл орта мектебінің алғашқы әскери дайындық мұғалімі Қ.Қайырбековке, «Аялы алақан» номинациясы бойынша «Айналайын» балабақшасының педагогі Н.Жапарханға, «Даналық» номинациясы бойынша жиырма жылдан астам жұмыс өтілі бар Потанин орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі М.Жансейітоваға, «Шығармашыл ұстаз» номинациясы бойынша Ә.Баймолдин атындағы орта мектептің бастауыш сыныптар мұғалімі Д.Ибрагимоваға, «Тілші мұғалім» номинациясы бойынша Бесқарағай орта мектебінің оқу істері меңгерушісі әрі қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі, Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі Б.Ибраһимге бағалы сыйлықты табыс етті.

   Шараның салтанатты бөлімінен соң педагогикалық еңбек ардагерлерін құттықтау үшін сахнаға ардагер педагогтар Г.Серебренников, Қ.Хасенова шығып, естеліктерден сыр шертіп, кейінгі толқынды атаулы мейраммен құттықтап, ағалық міндеттерді жүктеді. Көрермендер қатарының алдында орналасқан ардагер педагогтарға естелік сыйлықтар табысталды.

Келесі кезекте педагогикалық әулеттер әуеледі. Жылдан-жылға ауданымызда педагог-мамандар әулеттер көбеюде. Сахнаға  педагогикалық өтілі 258 жылды құрайтын әулеттердің өкілдері шақырылды. Айталық, салауатты өмір салтын насихаттап, өскелең ұрпақты спортқа баулып келе жатқан лебяжілік Оразалиновтар отбасының педагогикалық әулетінің педагогикалық өтілі  елу тоғыз жылды жылды, жамбылдық Исабаевтар отбасының педагогикалық әулетінің өтілі елу төрт жылды, лебяжілік Елеусізовтер әулетінің педагогикалық өтілі бақандай бір жүз он жеті жылды, ал қазылық Қасымқановтар әулетінің ұстаздық өтілі тоқсан бір жылды құрап отыр екен.

Сахна төріне педагогикалық әулеттер бастауы болатын жас отбасылар шақырылды. Олардың ішінде лебяжілік Б.Сағидолла мен А.Марат, жамбылдық Құнанбаевтар, амангелділік Макабаевтар, ямышеволық Бауыржановтар болды. Жүргізушілер тарапынан қойылған бірнеше қызықты сауалдарға жауап берген педагогикалық әулеттер жас отбасыларға ізгі тілектерін айтып, естелік ретінде отбасылық тұмарларын ырымдап табыстады.

Жылдан-жылға қатарды толтырып жүрген ерлі-зайыпты ұстаздар да назардан тыс қалмады. Сонымен ортаға Ә.Баймолдин атындағы орта мектептен Теленгұтовтар отбасы, Байшүкіровтер отбасы, Абай орта мектебінен Сагитовтар отбасы, Ямышев орта мектебінен Гуренко отбасы,  Зор Октябрь негізгі мектебінен Құсмановтар отбасы, Искаковтар отбасы, Сатыбалдин атындағы орта мектептен Магзумовтар отбасы, Қазантай негізгі мектебінен Дүкенбаевтар отбасы, Қазы орта мектебінен Құсайыновтар отбасы, Ленин негізгі мектебінен Б.Сұраған мен Қ.Аманжол отбасы жарасымды жұп құрап шықты.

Қисыны қиын әрі қызықты педагогикалық еңбек қадамын биылғы оқу жылында ғана бастаған бірнеше жас мамандар да сахна төріне шықты осы салтанатты кеште. Атап айтқанда, Шарбақты орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі А.Калимова мен Сатыбалдин атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Қ.Айгожин қазақ тілінде, Ә.Баймодин атындағы орта мектептің ағылшын тілі мұғалімі А.Сабитденова мен Қазы орта мектебінің ағылшын тілі мұғалімі А.Тоғайбаева ағылшын тілінде, Ямышев орта мектебінің психологі М.Маринова орыс тілінде әзірлеп әкелген құттықтау мәтіндерін жария етті.

Концерттік бағдарлама барысында ұстаздар құрметіне ауданымыздың мақтанышы «Нұрдана» би ансамблі тамаша билерін, қасиетті қара домбырамен қазақша ән шырқаумен танылып жүрген Е.Бейбітхан, Мәдениет үйінің күміс көмей әншілері Алтынай, Күләнда, Гүлнұр, Б.Уахатов атындағы орта мектептің директоры Е.Дүйсенов, жас мұғалім А.Керейбаева бойдағы көркемөнермен нұрландырып, салтанаттың мәнін әрлей түсті.

Осылайша «Қалдырған ізің мәңгілік» шарасы Лебяжі ауданы мектептерінде аянбай еңбек жасап жүрген педагогикалық қызметкерлер есінде ұзағынан айтып жүрер ұмытылмас сәтке айналғанына еш күмән жоқ. Ендігі кезекте білім қызметкерлерін бір айды артқа тастаған оқу жылының таусылмас қайраткерлігі шақырып тұр. Денсаулықтың беріктігі, сәттіліктің серіктігі һәм кәсібиліктің еріктілігі арқасында өрлей түссін тек. 

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ[i]

Аққу ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

 

[i] Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, №3741-мүшелік билет

Просмотров: 1177 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: