14:22
Сақтықта қорлық жоқ

МАЛДЫ ҚОРҒАЙЫҚ

  Кез келген ауылды елді мекенде мал өсірумен айналысатын аулалар жетіп артылады. Мал арқылы мектеп жасындағы, студент жасындағы балаларын оқытады, қажетті мүлік-заттарын алады, түптің түбінде ақша қылады. Ендігі әңгіме қолдағы малды қорғау жайында болмақ.

Жақында Бесқарағай ауылдық әкімшілігінің мәжіліс залында малды қорғауға қатысты жиын өткізілді. Аталмыш шараны Павлодар ішкі істер департаментінің әкішілік полициясының орынбасары Б.Б.Алимбаев және Лебяжі аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Н.Е.Құмаров өткізді.

Борис Борисұлы өз әңгімесінде жиналған қауымға малға қатысты сақтық шаралары хақында салмақтады. Жеке меншік мал иегерлерін әсіресе күз мезгілінде сақ болуға шақырды. Себебі емін-еркін күзгі жайылымда көз қызықтырар күй жинап жүрген мал қашанда баукеспелердің опырып үптеп кететін олжасы ғой. Сондықтан қырағылықтың еш зияны жоқтығын жеткізді.

Ал Нұрлан Ерболатұлы өз кезегінде ауылда мал бағуды сапалы түрде ұйымдастыруға, бақташыларды әрдайым малдың қасынан табылуды, мал иелерін малды табыннан уақытында қарсы алуға міндеттеп шақырды. Сонымен бірге малды қорғау мақсатымен тұрғындар қатарынан «Сарбаз», «Сақшы» еріктілер тобын құруды ауылдық учаскелік инспектор А.Байғожинге жүктеді. Әңгімесін одан әрі өрбіткен Нұрлан Ерболатұлы аудан бойынша тіркелген малды қолды қылу фактілеріне тоқталды. Ондайлардың басты-басты себеп-салдары ретінде бақташының жоқтығын, мал иелерінің малды уақытында қарсы алмауын тартты. Айталық, аудан шекарасын жанай һәм орталықтан шалғай жатқан Шақа елді мекенінде ақысына мал бағатын бақташы жоқтың қасы. Ондағы төрт аяқты ірі қара қарағай ішінде бағусыз-қағусыз емін-еркін жүргенге ұқсайды. Қараусыз олжа емей немене.

Жиын барысында ауыл тұрғыны Т.Қапанов ішкі істер органдарының лауазымды тұлғаларына 2010 жылы із-түзсіз жоғалып кеткен 39 жылқыны іздестіру шаралары қандай жағдайда болып жатқанын сұрастырды. Шенді полиция қызметкерлері бұұл іске қатысты тергеу-іздестіру амалдары әлі де тынбай жүріп жатқанын жеткізді.

Сонымен, ауыл тұрғындары азаптап өсірген малдарына сақ болғандары жөн. «Сақтықта қорлық жоқ» екені беседен белігілі емес пе.

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 842 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: