23:53
Сүйегі асыл жандар

БЕСҚАРАҒАЙЛЫҚ ТОҚСАНБАЙЛАР

Жалғанда ғой жасарыңды жасап, асарыңды асағанға не жетсін, шіркін! Жегені алдында, жемегені артында. Жаратушы ие өлшеп берген ғұмыр-дәуреннің бар қызығын көріп те, татып та жүрген адам атаулы бақытты екен әлбетте.

Жаңа жылдың жаршысындай қаңтарда Бесқарағай ауылындағы соғыс ардагері, балаларының, немерелерінің, шөберелерінің қызығын көріп отырған Қасенов Қаблен ақсақал тоқсан бір жасқа толса, еңбек ардагері, ақжаулықты Оспанова Күлшан әже тоқсан жасқа келді. Сүйегі асыл жандар ғой. Осынау жасты бағындырған егде жандарды өткір сөз һәм сұқ көзден сақтасын да. Кіндік қандары бұл ауыл топырағына тамбағанмен, өмірінің қызыққа толы мәнді аралығы және азамат болып қалыптасудың шарықтау шегі Бесқарағайда өткені жасырын емес.

Екінші дүниежүзілік соғыстың қиын-қыстау кезеңін басынан кешірген, қанды майдан даласында етігімен су кешіп, өлім мен өмір күресінің отты қазанында қайнаған, қанішер жауыз фашисті жеңуге ерлікке пара-пар намыс-жігерін жұмсаған Қаблен ақсақал әрдайым құрмет-қошеметке ие. Ұлы Жеңіске жету жолында Оңтүстік-Батыс, Дон, Украин, Белорус майдандарындағы шешуші ұрыстарға бел кеткенше қатысты. Күндей күркіреп өткен соғыстан тек 1946 жылы оралды. Ақсақалдың омырауындағы «Ұлы Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз» ордендері, «Ерлік үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдары өшпес ерліктің куәсіндей жарқырайды. Қырқыншы жылдардың соңы мен елуінші жылдардың соңы аралығында Успен ауданының комендатурасында қызмет еткен Қаблен 1958 жылы Лебяжі ауданының Бесқарағай ауылына қоныстанып, Қызылағаш ауылдық кеңесінің хатшысы, артынша төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды. Одан кейін ұзақ жылдар бойында Бесқарағай асыл тұқымды қой зауытының даңқ-атағын асқарлату ісінде қомақты қайраткерлігімен танылды. Зейнеркерлікке шыққаннан соң да Қаблен ақсақал өскелең ұрпаққа өмірдің маңызы хақында ақыл-нақылын үйретуден толастамады. Балалары ер жетіп, өз алдына шаңырақ көтеріп, немерелер сүйдірді. Ал немерелер өз алдына шөбере қызығына қол жеткізді. Жылда мерекеленетін Ұлы Жеңіс күнінде ауылдағы Обелискіге келіп, баталы сөзін айтады. Сол қасиетті орынға тәу-тағзым етуге жылда жиналатын біздер көпшіліктің ішінен маңдайымызға көзі тірі жалғыз соғыс ардагері болып отырған Қаблен ақсақалды іздейміз, келуін тағатсыздана күтеміз, айтқан сөзін рухани азықтай бағалаймыз. Мектеп оқушыларына өз басынан өткен майдан күндері жайында қызықты да тағылымды әңгімелерін айтудан жалықпайды қадірменді Қаблен ақсақал. Тоқсанды бағындырып отырған ақжаулықты Күлшан әжеміз кезінде Бесқарағайға оң аяқты келін боп келген-ді. Асыл тұқымды қой өсірумен Бесқарағай атын әйгілі еткен үш Социалистік Еңбек Ерінің бірегейі Оспанов Балғабайдың құдай қосқан жары екенін айырықша атап өткеніміз абзал. Құрсағында көтеріп, кіндігінен жарық дүние есігін ашқан сегіз балаға ана болып отырған Күлшан әжеміз «Күміс алқаның» иегері. Ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырды. Немерелері де, шөберелері де асыл әжелерін әрқашан сағынумен, сыйлаумен бәйек болуда.

Осынау сүйегі асыл жандарды құрметтеп қошеметтеуді Қызылағаш ауылдық округінің әкімі Ж.Ш.Байтілеуова бір елі де естен шығарған жоқ. Тоқсанның төріне шығып отырған Қаблен ақсақалдың да, Күлшан әженің де шаңырағына мейірімділік таныта кірген Жанат Шоқанқызы тау тұлғалы, нар болмысты егде жандарға зор денсаулық, қайратты төзім, өмірдің бар қызығын шын жүректен тіледі. Естелік болатындай сый-сияпат та жасады.

Өз кезегімізде тоқсанға келген, тоқсаннан асқан егде жандарға жалғанның жақсылығын тілейік біз де. Осынау сүйегі асыл жандардың ізін өкшелей қуып келе жатқан басқа да егде бесқарағайлықтар ұзақ жасасын. Балалары да, басқа да үрім-бұтағы сыйластықтан, қамқорлықтан, мейірімділіктен, қайырымдылықтан, туысқандықтан кенже қалмасын да.     

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 949 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: