22:55
Партиялық доктрина даңғылымен

ЗИЯТКЕР ҰЛТ ЗЕРДЕСІ

Әлқисса, қазіргі таңда еліміздің барлық деңгейдегі өкілетті органдарында басым көпшілік орындарды иеленіп отырған «Нұр Отан» партиясы мен Азаматтық қоғам институттары өз күш-жігерлерін біріктіре отырып, көкейкесті мәселелер мен олардың шешу жолдарын анықтап қана қоймай, оларды іске асыруды қамтамасыз етуде. Қазіргі уақытта партия «Қазақстан. 2017 Мақсаттары. Ұлттық іс-қимыл жоспары» атты халықтық тұғырнамасын ұсынып,  даму тетігін дәлелді түрде негіздеді. Онда әрбір азамат үшін мықты әлеуметтік кепілдемелері бар экономикалық дамыған мемлекетті құруға бағытталған партияның айғақты жолы тұжырымдалды. Сонымен қатар, партия қоғамда болып жатқан жаңа өзгерістерді нақты қамтитын саяси шешімдердің қабылдауына ықпал етіп, елдің әлеуметтік-экономикалық жаңаруын қамтамасыз ететін құқықтық негіз қалыптастырды. Ал жақында «Нұр Отан» партиясы «Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында!» атты жаңа саяси Доктринаның жобасын қоғам талқысына ұсынған болатын. Стратегиялық құжат барлық өңірлік филиалдар мен бастауыш партия ұйымдарында талқылануда. Доктринаның соңғы қорытынды нұсқасы үстіміздегі жылдың 18 қазанында белгіленген партияның кезектен тыс ХV съезінде делегаттардың қарауына ұсынылмақшы. Аудандық филиалға қарасты «Бесқарағай» бастауыш партия ұйымына жүз пайыз мүшелікте жүрген Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебі ұжымы да аталмыш жобамен танысып, қоғамдық талқыға ат салысу үрдісінің үстінде.

Ақиқатында, «Нұр Отан» партиясының Доктринасы жаңа дәуірдегі елдің дамуын айқындайтын маңызды құжат болып тұр. Алдағы уақытта мемлекет пен қоғамның барлық топтары ел тәуелсіздігінің нығаюына бағытталуы тиіс. Ол үшін әрбір қазақстандық еңбек етіп, Отанымыздың көркеюіне өз үлесін қосуы керек. Ең маңыздысы, жас буын мемлекеттігіміздің мүддесін қорғауды тарих алдындағы азаматтық парызымыз деп санауы шарт. Сонда ғана қазақ елі гүлденіп, жаңа дәуірге аяқ басатыны сөзсіз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың республика тұрғындарына айрықша сенім артып отырғанын жан-жүрегімен түсінетіндерін байқатты. Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясына қатысты ойын ортаға салып, бұл құжат барша қазақстандықтардың бақуатты тұрмысқа қол жеткізетін маңызды құжат екенін алға тартты. Бүгінде қазақ елінің қарыштап дамуына куә болған халқымыз «Қазақстан – 2050» Стратегиясына үлкен үміт артып отырғаны даусыз. Елімізде көптеген өндіріс орындары іске қосылып, өз өнімдерін шығара бастады.

«Қазіргі заманғы қоғамдағы бәсекелестіктің басты белгісі – бірегей білім мен технология. Сондықтан, Қазақстанның болашағы – зияткер ұлт және инновациялық экономика. Ол үшін біз басқару, гуманитарлық және білім беру инновацияларын дамытуды қажет деп санаймыз. Бұл білім қоғамын, жаңа экономиканың арқауы болып табылатын зияткер тапты қалыптастыруға ықпал етеді. Біз, сондай-ақ, ғылым мен білімнің дамуына, жас азаматтардың инновациялық және шығармашылық әлеуетін іске асыруына, жаңа мүмкіндіктер жасауға айтарлықтай ықпал ететін боламыз. Мұның бәрі біздің әрқайсымыздың прогреске және жасампаз шығармашылыққа ұмтылумен қатар, қуатты инновациялық серпіліске және экономикалық өркендеуімізге септігін тигізеді» деп түзілген доктринаның «Жаңа бағыттың мақсаттары: табысты дамудың жеті факторының» «Зияткер ұлт» тармағы әрбір қазақстандықты, әрбір нұротандықты шексіз даму мүмкіндіктеріне жетелейді. Шындығында да, зияткерлік ұлт қалыптастыру жолында аймақ-ауданымызда жүзеге асырылып отырған жобалар ұлан-ғасыр. Айталық, жуырда ғана облыс орталығы Павлодарда есігін айқара ашқан биология-химия бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің тұсаукесері неге тұрарлық! Сонымен бірге ұстаздар қауымының жаңа үлгідегі үш деңгейлік әрі үш айлық біліктілікті арттыру курстарынан өтуі, өтіп жатқаны, әлі де өтетіні өркендей өрлеуіміздің өнегесі ғой.

Асылында, Қазақстанның индустриалды мемлекетке айналу дәуірінің алғашқы парақтарын аштық. Ал Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмені өткізу құқын қазақтың еншілегені бекер емес. Барлық даму бір-біріне сабақтасып жатыр деп ойлаймын. «Қазақстан – 2050» Стратегиясында рухани кемелдену мен ұлттық ерекшеліктердің алға басуына айрықша көңіл бөлінген. Мәселен, қазақ әліпбиінің 2025 жылға қарай латын әрпіне көшуге біржолата бет бұратыны әлемдік өркениетке қосылудың бір сипаты деп білеміз. Сонымен қатар, мемлекеттік тілдің мемлекеттік билік пен саясатта толық қолданысқа енетіні сөз жоқ, қуанарлық жайт. Жаңа Доктринаны «Нұр Отан» партиясының өз алдына Конституциясы десе болады. Бүгінде еліміздің саяси-экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан дамуын «Нұр Отан» партиясы өз жауапкершілігіне алып отырғаны белгілі. Сондықтан бұл бағытта барша саяси ұйым белсенділеріне дұрыс жолды нұсқап, жарқын болашаққа жетелейтін саяси құжат қажет. Бүгінде барша халық пен нұротандықтардың терең талқылауына түскен Доктринада саяси ұйымның алдағы уақытта атқаратын маңызды жұмыстары айқын көрініс тапқан. Сондықтан баршамыз осы құжаттың қабылдануына қолдау көрсетуіміз керек деп есептеймін. Осылайша бұл Доктрина елімізді алға жетелей түсетініне сенімдіміз. Тәуелсіздік жолында қалыптасқан, уақытпен тексерілген басты құндылықтарын айқындайтын саяси Доктрина жобасының негізгі бағыттарын ой елегінен өткізе келе, өзімізде бұл бағытта қандай даму жолға қойылуда. Білім беру мекемелерінде ұлттану, елтану бағытында тың оқыту жобалары іске қосылуда. Айталық, «Өлкетану», «Алаштану» атты қолданбалы курстар һәм басқалары да оқытыла бастады. Сонымен бірге зияткерлік ұлт қалыптастыру жолында кең құлашты Назарбаев зияткерлік мектептері үлгісімен сындарлы ойлау мен жазу әдістемесін пайдалану қолға алынуда. Доктрина партия мүшелерін Елбасы ұстанған Мемлекеттік бағытты тұрақты әрі мызғымас етуге біріктіреді.  

Жетекші партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек өз сөзінде: «Стратегиялық маңызы бар осы құжатта билеуші партия миссиясы мен Елбасы мемлекеттік саясатының жетістіктерін қамтамасыз ететін құндылықтары қарасты­рылған. Бұл негізгі құжат Қазақстанның заманға сай саяси ұстанымын, келешек келбетін ұзақ мерзімге бағамдаған Стратегияны іске асырудағы партия рөлін, бола­шақ бағдарымызды, алға қойған мақсат-мұ­ратымызды айқындайды», – деді. Доктринада партияның әлеуметтік саясатының негізі өмір сапасының әлемдік стандарттарға сай азаматтарды әлеуметтік қызметтердің базалық қоржынымен қам­тамасыз етуге негізделген: сапалы білім, денсаулық сақтау, таза ауызсу, лайықты зейнетақы және экологиялық қолайлы өмір жағдайы деп көрсетілген. Сонымен қатар, мемлекет халықтың әлсіз және қор­ғалмаған жігіне мекен-жайлық әлеуметтік көмек көрсетуі тиіс.  

Ал Қазақстан Республикасы Парла­менті Мәжілісінің депутаты, арнайы құ­рылған жұмыс тобының мүшесі Нұртай Сәбильянов: «Қазақстандықтар сапалы міндетті орта білім, денсаулық сақтау қызметтеріне толық әрі тең қолжетімді болуы және тұрғын үймен қамтамасыз етілуі, сондай-ақ, зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақы алуы үшін партия әлеуметтік саясатты бұған дейін жүргізгендігі және әлі де жүргізетіндігі осы Доктринада айқын­далған», – деп атап өтті. 

Сайып келгенде, «біздің миссиямыз – дамудың эволюциялық жолын қамтамасыз ету, сондай-ақ, өркендеген, бәсекеге қабілетті әрі әлеуметтік бағдарлы мемлекетті құру. Мұнда әрбір мақсаткер, еңбекқор және заң тәртібін сақтайтын азамат табысқа жетіп, өзіне де, қоғамға да пайда келтіреді» делінетін доктрина жолдары әрбір қазақстандықты, әрбір нұротандықты елеулі іскерлік һәм қайраткерлікке бір адамдай жұмылдырады.

«Нұр Отанның» нұрлы бастамалары ел іргесін шамшырақтай нұрландырсын.  

құрастырған

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ,

Бесқарағай ЖОББ мектебі оқу-тәрбие істері меңгерушісі,

Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 1103 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: