12:56
Ойлау және сөйлеу

МӘДЕНИЕТТІҢ МАҢЫЗЫ

Қай саланы алсаңыз да, қандай мемлекетке мән берсеңіз де әр елдің, жалпы қызметті өзіндік мәдениеті бар. Оның сақтау керек ережесінен бөлек, сақталу қажет әдебі қоса жүреді. Мемлекетті басқару үшін заң қаншалықты күшінде болса, әдеп пен мәдениет те соншалықты деңгейде адамға қызмет етеді. Мәдениетті жоғары адам – сөйлеу сөзінде де, әрекетінде де әдемі. Оның айтар ойы мен пікірі мәдениет пен әдептен аспаса, мәдениеті сақталса – ғажап үйлесімділікке тап болады.

 

МӘДЕНИЕТТІ АДАМ ДЕГЕН КІМ?

Әркім оны өз пайымдауынша болжайды. Бірақ мәдениет ең алдымен ішкі тәртіптен бастау алатын, адамды көркем етіп көрсететін болмыс. Мәдениет – отбасыдан алған тәрбиенің жалғасы. Отбасындағы тәрбие дұрыс болмаса, адамға мәдениеттің қонуы қиын. Сол үшін тәрбие көп мәселені шешеді.

Көпшілік ортада орынсыз сөйлеп, опық жеп, артынан ұятқа қалатындай әрекет – осы мәдениеттен хабарсыз болғандықтан туындайды. Демек, білімді болу жеткіліксіз, ол білімді жеткізу, айтар ойды әдемі дәлелдеу, ортада өз орныңды білу көп мүмкіндіктерге жол ашады.

Мәдениеттілік деген адамның қоғамдық ортада өзін ұстауынан, әрекетінен, тәрбиесінен айшықталып тұрады.

Оның бағалауға тұрарлық, ең жақсы қасиеттерінің бірі – сыпайылық. Ол – адамдарды құрметтеуден адамгершілік қарым-қатынастардан тұрады. Өзгелерді сыйлау, оларға әдепті ілтипат білдіру өзін-өзі құрметтей білетін адамның қолынан келеді. Мәдениетті адам деген орынсыз мақтанбайды, көлгірсіп көпшіліктің алдында өзі ғана сөйлеп, өзін ғана алға тартып, көзбояушылыққа ұрынбайды, көбіне өз қабілетін асыра бағалаудан аулақ болады, басқалардан үйренуге намыстанбайды. Сондай-ақ өзге адамның жақсы қасиетін көріп, жұрт алдында оны атап өтуден қысылмайды. Алғыс айтып, біреуден көрген жақсылығын жариялау оның әдетіне кіреді.

Кез келген адамның мәдениет деңгейі өзін ұстауынан, сөзінен, әрекетінен, жүріс-тұрысынан, затқа, адамдарға, жалпы айналға қатысты көзқарастарынан көрінеді. Жеке адамның мәдениет өлшемі – еңбекке, жұмысына, отбасына және басқа да адамдарға деген уәдесінде тұру, жауапкершілік танытып, киген киімі, өзін ұстауы сияқты жан-жақтылығымен сараланады.

Сонымен бірге шыншылдық ұғымына ерекше мән беретін адам мәдениет шарттарын да қатар орындайды. Алайда шындықты айту керек деген ұстаныммен кез келген ортада ашық әңгімеге жол беру де қателік.

Мысалы, мәдениетті адам біреудің киіміндегі дақты көріп, ол жөнінде жан-жаққа естірте жариялап айтпайды, оны ешкім елемейтіндей етіп, адам көңіліне тимейтіндей жеткізеді. Өзге адамды көптің алдында ұятқа қалдыру ақымақтың әрекеті саналады.

Сол үшін сөйлер сөзді өлшеп-пішіп, ой мен санадан өткізіп, сақтықпен сөйлейтін болсаңыз, ұятқа қалмайсыз. Сондай-ақ ойланып сөйлеген адам кешірім сұруға мәжбүр болмайды. Яғни ой-електен өткен сөздің жүйесі дұрыс болып, қызуқандылық пен асығыстыққа салынбай айтылған сөз иесін табады.

Мәдениет шеңберін сақтап, сөзіңізге, өзіңізге жауап бере алатындай адам ретінде қалыптасу да үлкен еңбек. Ортада сыйлы, беделді, абыройлы болу үшін де бірінші сөз, сосын әрекет көп рөл атқарады. Сөзі мен ісі сай адам болу – жетістік.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 104 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: