14:11
Ойлау және сөйлеу

СЕНІМСІЗДІКПЕН КҮРЕС

Сенімсіздіктің алғышарты адам өзін дұрыс бағалай алмау үрдісінен басталады. Адам мінезі мен қалыптасқан қасиеттері ішінде «сенім» өте үлкен рөл атқарады. Ол сіздегі көп әрекеттің тірегі. Сенім – дұрыс өмір сүрудің үлкен бөлшегі. Оны адам толық түсінгенде сенімділіктің маңызды екенін білетін болады.

Сөзде де сенім болмаса, әрекетте де өнім болмайды. Өзіне сенімсіз адамның басты белгісі – сөзін құрастыра алмай, ойын толық жеткізе білмейді. Бұл көп істе кедергі келтіреді. Сондықтан сенімділікті арттырып, оны бойда тәрбиелей білген адамға көп мүмкіндік ашылады.

Сахнаға шыққанда, көпшіліктің назарына іліккенде, адам бойында қобалжу басталып, сенімсіздікке ұласады. Өзіне көңіл толмаушылықтан іштегі барлық комплексін сырттағы адамның бәрі байқап тұрған сияқты өзін ыңғайсыз сезінеді. Демек, ең алдымен сенімсіздікпен күрестің бірінші жолы – өзіңді қабылдай білуден бастау алады. Кемшілігіңді, өзіңнің болмысыңды қалай бар, солай қабылдай алу арқылы сізде еркіндік пайда болады. Ешкім мінсіз емес, адамның бәрінде кемшілік бар. Мінсіз болып көрінуге тырысудың өзі қателік. Өйткені ол сіздің өмір сүру бағытыңызға жасандылық алып келеді. Өзіңізді дұрыс бағалай білу – жетістіктің жартысы.

Сенімділік – дайындықтан тұрады. Егер сізде сөйлеу, пікір бөлісу, ортаға тез сіңіп кетуде қиындық көп болса, сенімсіздікті жеңудің тағы бір тәсілі – дайындық. Үздіксіз айна алдындағы дайындықтан өте жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Айна адамның бейнесін көрсететін құрал болғандықтан, сөзіңіз бен қимылыңызды бақылауда ұстау үшін айнамен жұмыс көп көмегін береді. Іс-әрекет, беттегі мимика, қозғалыс, жүріс-тұрыс, сөйлеу барысындағы ым-ишараның бәрін айнадан көріп, ұнайтын, ұнамайтын тұстарын түзетіп, сараптап алуға болады.

Сондай-ақ сенімсіздікті сындырудың келесі тәсілі – тәжірибе. Адам сенімсіздікті тек тәжірибе арқылы жинай алады. Өзін тоқтатпай, сөйлеу сәтінде ойын білдіретін кезде тосылып, жасқаншақтық танытпай батылдыққа көшу қажет. Қарапайым тост беріп, бір адамның қуанышына тіле айт десе де қашып, микрофонды итеріп, бас тартатын әдет бар. Ол біріншіден – қуаныш иесіне деген құрметсіздік, екіншіден – сенімсіздігін ашық көрсету. Адам сөз арқылы көп мәселені шешеді. Сол үшін де жүрген ортасында өз пікірін ашық жеткізе алатын адамдар қоғаммен жақсы байланыста болады. Ортасында сөз бастап үйренген, өзіне сенімді, бойында ораторлық қасиеті бар адам бірден көзге түседі. Сол үшін кішігірім ортадан бастап тәжірибе жинап, сөйлеп, ойыңызды айтып үйрене беріңіз. Ол сіздің ашық әрі нақты ой айтуға деген сенімділігіңізді арттырып, тәжірибе сыйлайды.

Ал төртінші тәсіл – сенімділік үшін білімнің қажеті зор. Білім жинап, өз салаңыздан немесе жалпы қоғамдық тақырыптардан хабардар болып отырыңыз, сіздегі сөз бос әңгіме емес, пайдалы ақпаратқа ұласады. Әңгіме айту бөлек, білім бөлісу тіпті басқаша. Білімді адам өзіне сенімді болады, білетінімен бөлісе алады, оны тыңдаушы да көп. Пікірі орынды болса қолдаушылар да табыла кетеді. Сондықтан сөйлесем сенімділік артады деп бос сөзге жол бермеңіз, сөздің де орынды болғанын қадағалау дұрыс болмақ.

Осы төрт тәсіл сіздегі сенімділікті қалыптастырып, бойдағы сөйлеу қабілетіңізді арттырады. Ол үшін тұарқты түрде осы тәсілдерді қолданып, практикада жиі жүзеге асырыңыз.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 105 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: