21:16
Оқушылар ортасы

ҚЫРАНДАР ҚАНАТ ҚАҚТЫ

Өткенге назар бұрсақ, барсакелмеске кеткен кеңес дәуірінде жалпы орта білім беретін мектептерде жүйелілігімен нәтижелі еңбек еткен пионерлер ұйымы еріксіз көз алдына келеді. Сол кезде оқушы қатарын толықтырған қазіргі аға ұрпақ соның ішінде қызған темірдей қайнап, көріктей қызған қайратын салып бақты ғой. Ол замат көзден балбұл өшкеннен соң пионерлік қозғалыс та құлдырап кетті. Аңсаған Тәуелсіздік таңы атқаннан соң, еліміз еңсесін тіктеп, терезесін өзгелермен теңестіргеннен соң мектептерде «Жас ұлан» балалар қозғалысы төбе көрсетті. Оқу ордасының дәліз-дәрісханаларында мойнына ту түстес галстук таққан һәм жүрек тұсына арнайы нышан бедерленген төсбелгі қадаған қазақстандық оқушылар көзге жылы ұшырай бастады. Ал бүгінгі таңдағы «Жас ұлан» – бірыңғай республикалық балалар мен жасөспірімдердің қоғамдық бірлестігі! Оның үстіне осынау бірлестіктің тынысын мемлекеттік деңгейде бақылайды.

Жақында Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде жылдағы игі дәстүр бойынша 1 және 5 сынып оқушыларын тиісінше «Жас қыран» һәм «Жас ұлан» бірыңғай республикалық балалар мен жасөспірімдердің қоғамдық бірлестігіне қабылдау рәсімдік салтанаты ұйымдастырылды.

Мектеп спортзалын сап түзей жиналған оқушылар елдік-патриоттық қанатты сөздерді аға тәлімгер Қ.А.Ахметовтің жетекшілік жасауымен бір адамдай ұрандатты. Содан кейін зал төрінде бөлек жиналған 1 және 5 сынып оқушыларының мойындарына мектеп мұғалімдері Мемлекеттік Ту түстес галстуктерді құрметпен байлады. Ал оқушылардың өн-бойын жауапкершілік пен мақтаныш сезімі биледі. 5 сынып оқушысы Ерайын Аяулым аға тәлімгер Қуат Анатолийұлы алдында ант берді. Сынып жетекшілер Б.М.Құсманова және Д.С.Абуова үр жаңа жас қырандықтар һәм жас ұландықтарды құттықтап, жауапкершілігі мол осынау жолда өздерін мінсіз танытуға шақырды. Өзі де кезінде «Жас ұлан» қатарына қабылданған әрі әншілік өнерімен көзге түсіп жүрген 8 сынып оқушысы Увакова Алуа аталмыш шара құрметіне «Туған жерім» әнін шырқап, патриоттық рухты мейілінше әуелетті. Сапжиын соңында жас қырандықтар да, жас ұландықтар да бірлестіктің әнұранын нақышына келтіре орындады.

Нәтижесінде, мектептегі «Жас қыран» мен «Жас ұлан» бірыңғай республикалық балалар мен жасөспірімдердің қоғамдық бірлестігі жаңа мүшелермен толықты.     

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ЖОББМ оқу-тәрбие істері меңгерушісі, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 707 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: