21:18
Нән шапағат
ДІНМҰХАМЕД ДӘН РИЗА
Ерсайын Дінмұхамед – Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің 1 қазақ сыныбының оқушысы. Өзі секілді қатарлас балдырғандардан еш артықшылығы да жоқ. Тек денсаулығында туа біткен аз-кем ауытқуды айтпағанда. Осы жасқа жеткенше жақын түгіл жауға да тілемес қиын-қыстау сәттердің қара бұлты қаршадай баланы әжептәуір торлады. Бірақ әке-шешесі һәм ата-әжесінің үкілі үміті, баянды болашаққа деген ұшқыр сенімі мойытпады, қайрады, бекітті. Мектеп табалдырығын былтыр мектепалды дайындық тобынан бастаған Димашқа, үйдегілер Дінмұхамедті осылайша еркелете атайды, Лебяжі аудандық коррекциялық орталығының қорытынды акті бойынша үйде оқытылсын деген шешім шығарылды. Дегенмен мәжбүрлі мүгедектігіне қарамастан балдырған өзімен егіз туған сыңары Нұрмұхамед және өзге де құрдастарынан бір елі де қалмай, талап пенен ынта, жігер менен қайрат танытып, шамасы келгенше сабақтарды босатпады. Енді де бірінші сыныптың есігін де айқара ашып, оқушы қатарында жас сарбаздай сап түзеді. Талабыңа гүл бітіп, нұр жаусын, Димаш! Жуырда Дінмұхамед күтпеген жерден нән шапағаттың куәсі болды. Павлодар облыстық білім басқармасының бас маманы Жанғазы Гүлнәр Садыққызы ақ боз аттай «Газельдің» басын үй ауласының қақпасына тіреп, Димашқа компьютер әкелді. Асылында, осынау сыйлық Павлодар облысы әкімі Сағынтаев Б.Ә. бастамасымен үйден білім алатын һәм өз дербес компьютері әзірше жоқ мүгедек балаларға аз болса да көп көрім тарту екен. Оның үстіне бұл адами ниет «Павлодар – біздің ортақ үйіміз» қоғамдық бірлестігінің ықпал етуімен «Богатырь-Көмір» фримасы көрсеткен көмек те. Гүлнәр Садыққызымен еріп келген жас маман компьютерді орнатып болғаннан соң талапты да зерек Димаш орындыққа отырып, компьютер қызығына күмп берді. Тағы бір жақсысы компьютер шексіз ғаламтор Интернетке қосылуға да әбден дайын екен. Демек балдырған компьютер арқылы білім-ғылым нәрімен де үйде отырып сусындай алады. Осынау ілтипатты назарға көңілдері мейілінше толған бүлдіршін Дінмұхамедтің әкесі Нұрлан Ерсайынұлы мен анасы Эльнара Аубакировтар жүрекжарды алғыстарын былайша білдіріп отыр: «Үйден білім алатын қымбатты ұлымыз Ерсайын Дінмұхамедке компьютер табыс еткен облыс әкімі Б.Ә.Сағынтаевтың атына өз ризашылығымызды білдіреміз. Сонымен қатар осыған демеу болған Павлодар облыстық білім беру басқармасына, Лебяжі аудандық білім бөліміне, аудандық коррекция орталығына, Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің әкімшілігіне шын жүректен зор денсаулық, табысты еңбек, мол бақыт тілейміз». Ақиқатында, адамдықтың құндылығы затпен емес, шынайы һәм нән шапағатпен құдіретті емес пе.
ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы
Просмотров: 980 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: