10:29
Ұлы Жеңіс ұлағаты

ЛЕБЯЖІ ӨҢІРІНЕН АТТАНҒАН ЖАУЫНГЕРЛЕРДІҢ ЕРЛІКТЕРІ

Ұлы Жеңістің жетпіс жылдық мерейі асқарланған биылғы жыл – тарих үшін айырықша сәт, ерекше мезет. Жеңіс күні күні кеше мерекеленіп өтсе де, осынау Жеңіске сүбелі үлес қосқан тау тұлғалар хақында танымдық әңгіме айту жалғаса бермек, жалғаса бермек. Демек, Лебяжі өңірінен аттанған жауынгерлердің ерліктері жайында сөз үзілмек емес.

Тілеуғабылов Жұматай 1919 жылы Лебяжі ауданы Қорт ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. Сталинград ұрысына, Ленинградты қорғауға қатысты. Польшаны, Чехословакияны азат етуге ат салысты. Кеңес-жапон соғысында болды. «Қызыл Жұлдыз», «Отан соғысы» ордендерімен, «Соғыстағы жетістіктері үшін», «Ерлігі үшін» медальдармен, Бас қолбасшы И.В.Сталиннің Алғыс хатымен және Маршалл Г.К.Жуковтың атаулы қаруымен марапатталды. 1946-1969 ж.ж. Лебяжі аудандық ішкі істер бөлімінде абыройлы қызмет атқарды.

 Ходневич Петр Григорьевич 1925 жылы Украинаның Ровнен облысы Заречное ауданына қарасты Заречное ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. 1942 жылы Суворов атындағы партизан жасағының құрамына кірді. 1944 жылы жаралып, госпиталға түсті. Сол жылдың маусым айында Кеңес Армиясы қатарына қайта қосылып, Белорус майданында соғыстың соңына дейін болды. Жеңісті 1945 жылдың 9 мамырында Берлинде қарсы алды. 1949 жылдың ақпанында милицияның ішкі істер органына қабылданып, сонда бес жыл қызмет атқарды. 1954-1958 ж.ж. Молотов атындағы ұжымшардың төрағасы болды. 1963 жыл Лебяжі ауданына қарасты Ямышев ауылына көшіп келді де, 1985 жылға дейін, құрметті зейнетке шыққанша дейін, мал шаруашылығында абыройлы еңбек етті.  «Ерлігі үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» және басқа да мерейгерлік медальмен наградталды.

Чикин Иван Егорович 1924 жылы Ресейдің Алтай өлкесі Рубцовск ауданына қарасты Угловое ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. 1943 жылы Уфа аудандық әскери комиссариатының шақыруымен майданға шақырылды. Рокосовский атындағы №214-әскери бөлімде қызмет атқарды. Минометтік ротаның взвод командирі болды. 1944 жылы жараланып, госпитальда ем-дом алғаннан соң демобилизацияланды. Бейбіт заманда Лебяжі ауданына қарасты Ямышев ауылында байланысшы қызметін абыроймен атқарды. «І дәрежелі Отан соғысы» орденімен, «КСРО Маршалы Г.К.Жуков», «Еңбек ардагері» және басқа да мерейгерлік медальмен наградталды.

Чернецкий Александр Иванович 1923 жылы Павлодар облысы Успен ауданына қарасты Белоусовка ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. Он сегіз жасында әскерге шақырылды. Ленинград майданына қатысты. Соғыстан кейін лейтенант шенінде Лебяжі аудандық ішкі істер бөліміне жұмысқа жіберілді. 1973 жылға дейін сонда МАИ бастығы, АІІБ бастығы орынбасары қызметтерін атқарды «Отан соғысы» орденімен, медальдармен, мадақтамалармен наградталды.

Шаймарданов Ескендір Шағмарланұлы 1916 жылы Лебяжі ауданы Төсағаш ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. Майданда темір жол жөндеу әскері қатарында болды. Соғыстың қанды арпалысын бастан кешіріп, Белоруссия, Украина, Польша, Германия жерлерінің темір жол тораптарын жөндеп, Берлинге жетті. 1948 жылы елге оралды. Соғыстан соң да кең-байтақ еліміздің темір жолдарын жөндеуге өз үлесін қосып, сонау Читаға дейін де барып қайтты. Мал шаруашылығында еңбек етті.  Көптеген медальмен және мадақтамамен наградталды.

Шишкин Иван Алексеевич 1911 жылы дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. 35 жылдан аса Аққу ауылында жол басқармасы Верхне-Иртышск бассейнінде бас жол жұмысшысы болып еңбек етті. «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» және басқа да мерейгерлік медальмен наградталды.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 658 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: