22:45
Ұлы Жеңіс ұлағаты

 ЛЕБЯЖІ ӨҢІРІНЕН АТТАНҒАН ЖАУЫНГЕРЛЕРДІҢ ЕРЛІКТЕРІ

Ұлы Жеңістің жетпіс жылдық мерейі асқарланған биылғы жыл – тарих үшін айырықша сәт, ерекше мезет. Жеңіс күні күні кеше мерекеленіп өтсе де, осынау Жеңіске сүбелі үлес қосқан тау тұлғалар хақында танымдық әңгіме айту жалғаса бермек, жалғаса бермек. Демек, Лебяжі өңірінен аттанған жауынгерлердің ерліктері жайында сөз үзілмек емес.

Рүстемханов Шахантай 1913 жылы Лебяжі ауданы Тақыр ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. 1941 жылы Лебяжі аудандық әскери комиссариатының шақыруымен әскери қызметке жарамды болып майданға аттанып кетті. 1941 жылдан 1943 жылға дейінгі аралықта Қиыр Шығыстағы шайқастарға қатысты.  1943-1945 ж.ж. Маршал Жуковтың жетекшілігімен 1-Белорус майданында болды. Чехословакияны, Польшаны, Австрияны басқыншылардан азат етуге қатысты. Соғыс қимылдарында көрсеткен ерлігі үшін «Ерлік үшін», «Соғыстағы жетістіктері үшін», «Маршал Г.К.Жуков» және басқа да медальмен наградталд. 1947 жылы туған ауылына оралды. 1948 жылдан бастап құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққанша дейін бас шопан болып еңбек етті. Үкімет тарапынан да бірнеше мәрте марапатталды.  

 Рамазанов Байбол 1925 жылы Лебяжі ауданы Тереңкөл ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденімен, Жеңістің мерейгерлік медальдарымен бірнеше рет наградталды. 1946-1980 ж.ж. өз ауылында есепші болып қызмет атқарды.

Рахметов Сәлмен 1909 жылы Павлодар облысы Каганович (қазіргі Ақсу) ауданы Тоғызыншы ауылда (қазіргі Ребровка) дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. 1928 жылы мектепті бітіргеннен соң Павлодар қаласындағы педагогикалық техникумға түсіп, 1933 жылы тәмамдады. Сол жылы жолдамамен Лебяжі ауданы Қызылқоғам ауылындағы Қызыләскер жетіжылдық мектебіне мұғалім болып орналасты. 1937 жылы сол мектептің директоры болып тағайындалды. 1940-1942 ж.ж. Лебяжі аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеді. 1942 жылы майданға аттанып, қайта оралмады. Өнегелі жұмысы жоғары бағаланып, облыста бірінші болып Ленин орденімен наградталды.

Смағұлов Ғазиз Ғалымұлы 1916 жылы Семей қаласында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. 1960 жылдан бастап Восточный ауылында №558 ПМК шеберханасында жұмысшылар кооперативінің қойма меңгерушісі болып еңбек етті. «Ленинградты жаудан босатқаны үшін», «Жеңіске 20 жыл» медальдарымен наградталды.

Сабағатов Қалимолла 1917 жылы Лебяжі ауданы Жабағылы ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. Соғыстан кейін ауылында еңбек етті. 1954 жылы механизаторлар училищесін бітірді. «Отан соғысы» орденімен, «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» және басқа да мерейгерлік медальдармен, «Тың жерлерді игергені үшін» және өзге де медальдармен наградталды.

Сейілханов Сабырхан Сейілханұлы 1906 жылы Лебяжі ауданы Жабағылы ауылында дүниеге келді. Ұжымдастыру кезінде ортаға мал салысып, Жабағылы ұжымшарын құрылуына өз үлесін қосқандардың бірі болды. Ұлы Отан соғысына қатысушы. Майданда жаяу әскер қатарында шайқасты. Ауыр жарақат алып, елге оралып, тылдағы еңбеккерлермен қажырлы жұмыс жасап, Жеңіске қайталанбас үлесін қосты. Бірнеше медальмен және мадақтамамен наградталды.

Смағұлов Хакім (Қабдылхакім) 1914 жылы дүнеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. 1938 жылы В.В.Воровский атындағы Павлодар педагогикалық училищені тәмамдады. Ұзақ жылдар бойы Лебяжі ауданы Абай орта білім беретін мектепте еңбек сіңірген ардагер мұғалім болды. «ІІІ дәрежелі Даңқ», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен наградталды.

Серғазин Сейітжан Серғазыұлы 1923 жылы дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. 1954 жылы Халық ағарту саласындағы көп жылғы табысты еңбегі ескеріліп, «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» Белгісімен марапатталды. 1961 жылы Абай атындағы Алматы педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін тәмамдады. 1976-1982 ж.ж. Лебяжі ауданы Абай орта мектебінде директор қызметін атқарды. «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденімен наградталды.

Сәйткен Сағитұлы 1923 жылы Лебяжі ауданы Қызылқоғам ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. КСРО-ның мемлекеттік қауіпсіздігінің құрметті қызметкері, отставкадағы полковник. Мектепті бтірігеннен соң 1941-1942 ж.ж. аралығында ұжымшар төрағасының хатшысы, далалық бригаданың есепшісі болып еңбек етті. 1942 жылы Кеңес Армиясының сапына шақырылды да, 1-гвардиялық әуе-десанты бригадасының құрамына қабылданды. Аталмыш полк сапында Солтүстік-Батыс майданда Ленинград (қазіргі Санкт-Петербор) түбіндегі шайқастарға қатысты. 1943 жылдан бастап 328-гвардиялық парашют-десанттық полкте артдивизияның бағыттаушысы (наводчик) қызметінде жүріп Австрияны, Венгрияны азат етуге, Вена қаласын баса-көктеп азат ету шайқастарына қатысты. 1947 жылдың сәуірінен демобилизацияланып, 1949 жылға дейін Лебяжі ауданында мұғалім болып жұмыс істеді. 1949-1983 ж.ж. КСРО МҚК органында еңбек етті. «ІІІ дәрежелі Даңқ» орденімен, «КСРО Қарулы Күштерінің ардагері» медалімен наградталды.

Сүлейменов Сәрсенбай 1915 жылы Лебяжі ауданы Тереңкөл ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. Соғыстан кейін туған ауылына қайтып келіп, басқарушы болып жұмыс істеді. «Қызыл Жұлдыз», «ІІІ дәрежелі Даңқ», «ІІ дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен, екі мәрте «Жауынгерлігі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен, «КСРО ХШЖК-нің» қола медалімен наградталды.

Сұлтанғазин Александр Захарович 1924 жылы Ресейдің Алтай өлкесі Түмен ауданына қарасты Вылково ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. 1942 жылдың мамырында Кеңес Армиясы сапына шақырылды. Красноярскідегі 239-гвардиялық артиллерия полкінің құрамында әскери дайындықтан өтті. 1943 жылдың жазында Омбыдағы 119-атқыштардың запас полкіне ауыстырылды. Будапешт түбіндегі, Девичерді алғаны үшін, Раба өзенін шабуылдағаны үшін, Самбатель қаласын алғаны үшін, Глаггнитц қаласын алғаны үшін, Вена қаласын азат еткені үшін болған кескілескен шайқастарға қатысқаны үшін Бас қолбасшы, Маршалл И.В.Сталиннің марапаттары және алғыстарына ие болды. 1946 жылы демобилизацияланды. 1950 жылы Лебяжі ауданы Қарақала ауылына көшіп келді.

Сидоренко Николай Максимович 1927 жылы Ресейдің Алтай өлкесі Ключевск ауданына қарасты Полуямки ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. 1931 жылы Павлодар облысы Лебяжі ауданы Бесқарағай ауылына көшіп келді. 1944 жылдың желтоқсанында майданға аттанып кетті. Моңғолияда милитаристерді талқандау шайқастарына қатысты. 1948 жылы майданнан аман-есен оралды. Бейбіт өмірде Бесқарағай ауылында автожүргізуші болып абыройлы еңбек етті. «Жапонияны жеңгені үшін» және басқа да мерейгерлік медальмен наградталды.

Сыздықов Уақап Бекұлы  1924 жылы Лебяжі ауданы Тілектес ауылында дүниеге келді. ҚазКСР-дің саяси, шаруашылық және қоғам қайраткері. Ұлы Отан соғысына қатысушы. Еңбек ардагері. Қазақстанның республикалық маңызы бар дербес зейнеткері. Мектептің т оғыз сыныбын бітірісімен-ақ өзі де балаларды оқыта бастады. 1942 жылдың қыркүйегінде, әскери курстардан соң, кіші лейтенант шенінде Брянс майданына жөнелтілді де, сонда 235-атқыштар дивизиясының взвод командирі болды. Екі рет жараланды. «Ерлігі үшін» медальмен наградталды. Украина, Белоруссия, Польша жерлеріндегі ұрыстарға қатысты.  Демобилизациядан соң мектепте жұмыс істеді, сырттай оқу оқыды, ұжымшардың партия ұйымының хатшысы, төрағасы болып сайланды. Артынша тың игеруге жіберілді, белсенділігі арқасында жетекшілер қатарынан көрінді. Далее был отправлен на целину, где был, выдвинут в руководители из-за своей инициативности. Ұзақ уақыт бойында Павлодар, Успен, Лебяжі аудандық атқару комитетінің төрағасы лауазымын абыроймен атқарды, екі мәрте партияның аудандық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Май ауданында Уақап Сыздықовтың бастауымен тарыны өндеудің өнімділігі жоғары агротехникасы құрастырылды, мал шаруашылығы сапалы дамыды. «Қазан төңкерісі», «Құрмет Белгісі», «Отан соғысы», үш мәрте «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, көптеген медальмен наградталды.

Смағұлов Әбу Лебяжі ауданында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы, еңбек ардагері, Лебяжі ауданының Құрметті азаматы. ХХ ғасырдың 30-жылдары басындағы ашаршылық кезінде сол кездегі Бесқарағай ауданына қарасты болған «Зори Октября» ұжымшарында еңбек етіп, қарапайым халықты аман алып қалуға жанын салды. 1937-1940 ж.ж. Лебяжі аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, кейінірек хатшысы қызметтерін абыроймен атқарды. Ел азаматтары қатарында Ұлы Отан соғысы кезінде майданда арпалысты. Батальон командирінің саяси хатшысы болды. 1946 жылы елге оралып, соғыстан күйреген елді көтеруге араласып кетті.

Санатханов Қайролла 1922 жылы Лебяжі ауданы Қорт ауылында дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысушы. Еңбек ардагері. 1942 жылы 1 қаңтарда әскер қатарына шақырылды. Семей қаласында үш ай әскери-тактикалық жаттығуда 1 сәуірге дейін болды. 9 маусымда Ресейдің Брянск бағытындағы Казаков қаласында соғыс қимылдарына кірді. Бұнда жаяу әскер құрамында 229-полктің 3-батальонының 8-ротасында үлкен ерлік көрсетіп, бірге болған жерлестерінің көбі ерлікпен қаза тапқан кескілескен ұрыста басынан қатты жарақат алды. Тамбов қаласында госпитальде екі ай емделгеннен кейін қайтадан майданға аттанды. Калинин майданы бағытында Владимировка қаласындағы танкі бригадасының құрамында, Новосокольск, Великие Луки қалаларында болған ұрыстарға қатысып, ауыр жараланып, Сташка қаласындағы госпитальге жатқызылды. 1943 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында Горький қаласындағы ауруханада емделді. «І дәрежелі Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, «Ерлігі үшін» және басқа да медальмен марапатталды. Соғыстан кейінгі бейбіт шақта он бес жылдай Лебяжі ауданы Майқарағай ұжымшар-кеңшарында ауылдық кеңесте, бөлімшеде басшылық, есепшілік қызметте болды.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 814 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: