14:17
Ұлы Даланың рухани жауһары

Т.ТІЛЕУХАНОВ / КЕЛЕШЕК КІРІСПЕСІ

Романда Балбек пен қырлы сезімнің, үлкен толғаныстың адамы ретінде танылады. Сол толғаныстардың үлкен бір саласы етіп автор жолдастық қарым-қатынасты, достық сезімді алады. Балбектің бойындағы достық-жолдастық сезімдер әрі жүрек қалауы – адамгершілік белгісі; әрі адам ойының моральдық, философиялық көрінісі. Рысбек пен Мүсілімнің қайшылықтары мен жағымсыз қылықтарын ол ерте-ақ таныған адам, сөйтсе де олардан көпке дейін ара-қатынастарын үзе алмай жүруінде терең сырлар барын ұғамыз. Рысбек пен Мүсілімді Балбек балалық пәк шағының куәсі деп қана емес, сол ыстық күндердің өзі деп біледі. Балалық дәурендері, армандары, сырлары – бәрі бірге өткен. Олардың жүректің осындай бірге қалыптасқан нәзік қылын оп-оңай үзе алмай толғаныс-тартысқа түсулері заңды. Себебі оның жүрегінде әрі қимастық сезім бар, әрі достықтың парызы бар.

Екіншіден, романдағы Балбек бейнесі өз бойына жақсылық пен жамандықты қатар сыйғызбақшы емес. адам есейген шағында, дүниетанымның кеңіп, адамдық парыздың өскен шағында тек балалық әсермен, қимастық көңілмен жүре алмайтыны Балбек ашық ұғады. Әрине, сана мен көзқарастағы айырмаға мән бермеу көнбістік жасау – оған жат. Сондай-ақ Балбек достықтан қашуға сылтау да іздемейді. Қайта ол достықтарын нығайта түсуге... Мүсілім мен Рысбекке ықпал етуге тырысады.

Рысбек пен Мүсілімнің жасанды қылықтарын, көрсеқызар сезімдерін әшкерелеп, беттеріне басады. «Өмірдегі күрес» деген ұғымның біреулердің жағасына жармасып, сыбағасына таласу, табысын қызғану емес екенін тәптіштеп бағады. Ақыры, олардың өз жолдарынан қайтпасын білген соң ғана амалсыз ара үзеді.

Романдағы осындай достық сезім мен жолдастық қатынас балалық шағынан бірге өсіп, бірге жүрген, бұл күнде үлкен ғалымдар атанған Өмірбай мен Жолбосын арасындағы қарым-қатынасты параллель көрсету арқылы әлі терең сырлы, әрі астарлы суреттер, дара мінездер жасалады.

Достықтың арасына ешқандай жалғандықтың да, шарттың да жүрмейтіндігін, достықтың белгісі бір-біріне деген ықыластан, бағалаудан басталатындығын, идеал биігінен табысуларымен жалғасатынын Балбек – Әлімхан – Шаяхмет әрекеттері арқылы автор өз ойын бекемдей, өрбіте түседі.

Жазушы жасаған арманшыл адам жас бейнесі өзінің пәк сезімі дүниесімен де дараланады. Жалған жолға түсіп, жазықсыздың жанын жарламайды. Жастық сезімнің буына мастануға бойын билетпейді. Балбектің сүйіспеншілік пен махаббатқа деген көзқарастары биік моральға жауап берерлік, сана салмағына сай және тұрақты. Рас, оның бойында жастық желіктің көрініп қалатын тұсы байқалады. Автор Балбекті штампыға салып, періштеше бір жақты суреттей бермейді. Өмір жолы қалыптасу үстіндегі жас адамға тән азды-көпті қайшылықтар оның бойында да бар. Ажар деген қызға еліге қалуы, Бикен деген қыз алдындағы қобалжулары оның періште емес, адам екенін танытар табиғи құбылыстар. Ол қаһарман бойындағы нәзік сезімталдық пен жүрек қалауын іздеу жолындағы алас ұрған өмір көріністерінің елестері. Әр тұста оның арманшыл, жүрегі өзіне ғана арналған адам махаббатын іздейді.

Балбек образының үлгі берерліктей, ой-сезімге түрткі саларлықтай, өмірдің мән-мақсатына толғана қарарлықтай өнегесі қай қырынан алып қарасақ та баршылық.

Біздің кемелденген қоғамымыздың қазіргі жастарына тән терең толғаныс, өмірдің шағын құбылыстарынан бастап, әлемдік оқиғаларға дейін өзіндік философиялық түйін қорыту, сол өз көкірегінде қорытқан жеке түйінін белгілі шындықтармен салғастырып барып түсіну; замандастарымыздың жеке басын ғана құнттамай, өз қоғамымыздағы, әлемнің қиыр шетіндегі жағымсыз көріністің бәрін жүрегіне жақын қабылдап, жаны ауыратындығы сияқты азаматтық тебіреністерді Балбек бейнесі арқылы да, роиандағы авторлық позиция арқылы да жақсы таныта білген. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі                   

Просмотров: 110 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: