20:48
Ұлы Даланың рухани жауһары

С.БЕГАЛИН / ЗАМАНА БЕЛЕСТЕРІ

С.Бегалиннің «Замана белестері» атты көлемді туындысы автор көзбен көрген, бастан кешкен жағдайларға құрылған өмірбаяндық шығарма. Бұл романда оқиға 1910 жылдан басталып, 1928 жылдың науқанды кезеңімен аяқталады. Романдағы оқиғалар нақтылы өмір шындықтарына негізделген, оқиға желісі тартымды баяндалады. Роман он төрт бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімі «Сұр аттың сүргіні» деп аталады. Оқиға 1907 жылы Тәтімнің жалғыз сұр атының ұрлануынан басталады. Сол жылы Тәтім ауыл арасында ұрлықпен аты шыққан Жақсыбайды көріп, ол Тәтімнің астындағы атына сұқтанып, сатуын сұрайды. Қарсылық білдірген Тәтімнің аты бір күнде ішті-күйлі жоқ болып шығады.

Бұл романда Сапарғали Бегалин өз замандастарын, оның ішінде алуан түрлі қоғам, өнер қайраткерлерін көзден таса қалдырмай, өз шығармасына басты кейіпкер есебінде көріп, олардың жарқын бейнесін жасаған. Бұл романның негізгі мотиві – шын өмірдегі болған оқиғалар. ХХ ғасырдың басындағы ауыл тұрмысы, қала мен дала халқының адамгершілік межесіне жазушының көзқарасы таразыланып, шығарма бірінші жақтан баяндалады. Оқиға барысы автордың ішкі жан құбылыстарына орай, түйсіну, қорыту, бағалау әсерімен бейнеленген. Сондықтан да бұл шығармада сыршылдық ағым басым, нағыз халықтық мінездер мен ұнамды идеалдар терең сараймен суреттеледі.

Бұл романның барлық тарауларында ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі оқиғалар, өзгерістер, жаңалықтар жан-жақты әңгімеленеді. Автор белгілі қоғам қайраткері Мұқаметқали Тәтімов пен өзінің есі кіре бастаған балалық шағынан отызыншы жылдарға дейінгі қазақ өмірінің аса маңызды кезеңдерін байланыстыра шежірелеген. Дәуірдің түрлі тартыстары, қоғамдағы өзгерістердің мәнін ашуы, сан түрлі адамдардың мінезін көрсетуі, халықтың салты мен санасы, тіршілігі, психолоиясындағы өзгерістеді жіті байқап, білгірлікпен баяндайды.

«Замана белестері» романында қызықты оқиғалар мен оқырманға ғибрат беретін адамдар өмірін кеңінен суреттеген. Автор өзінің өмірінде таныған, араласқан адамдарының бәрін бірдей алмай, қоғамдағы орны бар, өмірі үлгі-өнеге болатын қаһармандарды таңдай білген.

Жазушының тай-құлындай тебісіп, жастайынан бірге өскен достары Жақия, Мұхаметқалилардың балалық шағынан бастап, ес жиып, күрес, еңбек, бақытқа жету үшін қажымай әрекеттенген қаһармандар дәрежесіне жеткізген. Жақия мен Мұқаметқалидың Тоқсанбай атының жалы мен құйрығының қылын кесіп алып, тұзақ жасауды ойластырып, ақыр-соңында екі ауыл қырғи-қабақ болып тынады. Оны жазушы былай әңгімелейді:

«Балалар алған қылдарын қойны-қоныштарына тығып, малдарын кезең асырып жайылымға жетті. Ширатылған екі буда қалың құйрығы кесілген көк ат селдіреп қалған құйрығын сипақтата қозғап, жайылымға жөнелді».

Автор романда өнер адамдарын ерекше сүйіспеншілікпен іш тарта суреттейді. «Өзіміздің елде Рахымбек деген аса бір өнерлі жігіт болатын. Сол Рахымбекті Дауыт өзіне басшы етіп ертіп келді, әрі әнші, сері, мінезі сондай сүйкімді, өзі сондай келісті сұлу Рахымбекті мен сондай жақсы көрем. Ол мені, өзінің ойындарын (асық ойыны, тағы бірнеше ұлт ойындарын) үйретті, өнерге баулыды», - дей келе, ең алғаш Абай атын осы Рахымбектен естігенін қызғылықты баяндайды. Сол кездегі Семей өңіріне аты әйгілі Кішкіл Қойшыбаев туралы да жылы лебізбен жаза отырып, оның өлеңді ауызекі ағыты сайрататынын көргені ойында өшпестей із қалдырғанын ерекше ілтипатпен жазады. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі    

Просмотров: 123 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: