20:24
Ұлы Даланың рухани жауһары

К.СЕГІЗБАЙ / БЕЛАСҚАН

 Танымал жазушы Кәдірбек Сегізбайдың “Беласқан” романы көлемді, бөлек-бөлек аталған бірнеше бөлімнен (тараудан) тұрады. Оқиға желісі мен кейіпкерлері ортақ бұл бөлімдерге қойылған аттардан шығарманың сюжетіндегі оқиғалар желісі жақсы көрсетілген: “Беймезгіл жүргінші” деген атпен жазылған тарауда қазақ даласының қиыр шығысындағы Қамбар төренің ауылын іздеп, көрші қалмақ жұртынан келген қазақ жігітінің неше жылдық басынан кешірген оқиғасы, өмірі суреттеліп, роман осыдан басталса, “Қараша қаздар қайтқанда” деген соңғы тарауы мен екі аралығында осы жігіттің інісімен екеуінің сайын даланың қиыр батысындағы өз еліне оралғанға дейінгі шым-шытырық оқиғасы, сан адамның тағдыр-талайы суреттеледі.

Қалмақ, моңғол хандықтарымен іргелес жатқан Алтай, Тарбағатай өңіріндегі найман, керей тайпаларының ішінде қазақ жерінің екінші бір шалғайы – Еділ бойындағы Кіші жүздің тама руының ауылдары қайдан жүр дегенге жауап беретін оқиғалар баяндалады. Және мұндағы әңгіме желісі жазушы өз жанынан шығарып, таңдап алған сюжетке емес, тарихта болған оқиғаларға құрылыпты. Мұны жазушы романның эпилогы ретіндегі ең соңғы бетте күтпеген жерден оқыс білдіреді: Шоқанның қағаздары мен құжаттарының арасынан табылған Н.И.Любимов дегеннің 1845 жылы шығысқа сапары кезіндегі жол журналында жазылған мәліметтерін келтіреді.

Бір қарағанда, романды қызықты оқиғаға құрылған шығарма деп қалуға болады. Бірақ жазушының мақсаты – оқиғаларды тек (мейлі тарихи болсын) баяндау ғана емес, мүлде басқа дүние. Шығарманың негізгі идеясы – кісілікті, ізгілікті, имандылықты көрсету, “адамның басы – алланың добы” деген өмір қағидасын дәлелдеу, адамдар тағдыры – қарым-қатынастар жазушы екенін айту. Суреттелер қым-қуыт оқиғалар – осы идеяның құндағы ғана. Ал сол құндақтың өзін құруда жазушы үлкен шеберлік танытады: сюжет желісі үзілмейді, авторлық ой-толғамдары жай лирикалық шегіністер емес, әңгіме жібін ширата түсетін стильдік амал болып танылады.

Бұл шығармадан жай оқырман болып түйгеніміз – кейіпкерлерді сомдағанда автор сан жылдар санамызды жайлап алған стереотип танымымызды бұзыпты: бұрын әдетте хан, төре болса, тым озбыр, тым өзімшіл, өктем, қалмақ ханы болса, тек жау болуы керек деп білуші едік, ал мұнда Қамбар төре - өз пайдасы үшін жүргізсе де, әр әрекетін ақылмен жасайтын, айналасына тек бағынышты жандар деп емес, ер жүректісін батырым деп, жақтаушысын қолғанатым деп, оны сөзімен де, ісімен де көрсететін жан дүниесі дұрыс пенде. Әрине, бір тайпа елді билеп отырған төренің ішкі пайдасы өзін де, тіпті, ағайынды Байшуақ пен Баратты біреуін қолғанатым деп бауырына тартқанда да, екіншісін бажа етіп, оған балдызын айттырғанда да оның өз есебі түгел, қазақтың ата жауы қалмақтың ханымен тату көрші болып, оның ауылына аттанып бара жатқан себебін: “Атадан балаға қалған жаулықты қай құдай маңдайымызға жазып қойыпты. Тым болмаса үрген итінің даусы естілер торғауытпен өз жұртымның арасында рахайлы тірлік орнатып, барымтада емес, бәйгеде шапсақ, жаугершілік емес, саугершілік орнатсақ, күбір-сыбыры көп елім қандай зиян көрмекші?... Енді Ошыржап шақырған қонағына да барып, бұйымтай ғып екі жігіттің азаттығын қолқалаудың да сәті келді білем” – деп дәлелдейді. Бұл жерде Қамбар төрені жазушы құдай іргелес етіп орналастырған қазақ пен қалмақтың ұрыс-шабыссыз бейбіт күн кешуін ақылға салған ойшыл саясаткер етіп көрсетсе, сонымен қоса қандастарының қамын жеген ел басы етіп суреттейді. Ақылдылық пен адамдық ел тізгінін ұстаған басшыларға қай заманда да қажет қарекет екенін оқырмандардың да, бүгінгі билік тізгіні қолындағылардың да есіне салады, бабалардан келе жатқан үлгі-өнеге етіп көрсетеді. (жалғасы бар)

 

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі    

Просмотров: 253 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: