22:47
Ұлы Дала Елінің дарабоздары

ҚАСЫМ ХАН

Қасым хан (шамамен 1445–1518/1523) – қазақ ханы, Қазақ хандығының негізін салушылардың бірі – Жәнібек ханның баласы. Шешесі Жаған бегім Мұхаммед Шайбани ханның інісі Махмуд сұлтанның шешесінің туған сіңілісі. Қасым ханның ішкі және сыртқы саясаты, ел басқару әдісі, т. б. жөнінде мәліметтер өте аз. Жазылған еңбектердің бәрі М. Х. Дулатидің «Тарихи Рашиди» атты шығармасына сүйенеді. Мұхаммед Шайбанидың қазақ билеушілеріне қарсы соғыстары туралы деректемелерде Қасым ханның есімі алғаш рет аталады және оған «белгілі сұлтандар мен бахадурлардың» бірі деген баға беріледі, «Бұрындық ханның атты әскерінің жетекшісі» екені атап көрсетіледі. Бұрындық хан Самарқанға кетуге мәжбүр болып, шет жерде дүние салады да, Қасым хан билікті біржолата өз қолына алады. Қасым хан билеген кезеңде қазақтар мен Шайбани әулеті арасында Сырдария маңындағы қалалар үшін қақтығыстар мен соғыстар одан әрі жалғасты. 1510 жылдың қысында Шайбани хан әскері Ұлытау бөктерінде отырған Қасым хан ұлысына шабуыл жасайды. Оларға күшті тойтарыс бере алмайтынын білген Қасым хан шегіне отырып, тұтқиылдан шабуыл жасап, дұшпанын тас-талқан етеді. Сол жылдың соңында Шайбани хан Мерві түбіндегі Хорасанда Иран шахымен шайқаста қаза табады. 1513 жылы Қасым хан Қараталда отырған кезде Сайрам билеушісі Катта-бек қаланы Қасым ханның билігіне берді де, оны Ташкентті билеп тұрған Шайбани Сүйін Қожаға қарсы аттануға көндіреді. Сол жылы жазда Моғолыстан ханы Сұлтан Саид Ташкентке бірлесіп жорық жасауды ұсынады, алайда Қасым хан бұл соғыстан бас тартады. 1515 жылы Сұлтан Саид Шығыс Түркістанға кеткен соң қазақ хандығының Жетісудағы билігі нығая түсті. Батыста оның қол астына Ноғай Ордасынан кеткен рулар мен тайпалар келіп қосылды. Хандықтың шекарасы Оңтүстігінде Сырдарияға дейін, оңтүстік-шығысында Жетісудың едәуір бөлігін, солтүстік-батысында Жайық өзені аңғары мен солтүстік-шығысында Ұлытау және Балқаш көлінен өтіп, Қарқаралы тауларының сілімдеріне дейін кеңейді. Халқының саны 1 миллион адамнан асты. Оның тұсында қазақтар Батыс Еуропаға дербес этникалық қауым ретінде танылды. Сыртқы саясатта Қасым хан Сырдария бойындағы қалалар үшін Шайбани әулетімен күрес жүргізіп отырды. Осыған байланысты қазақ басшыларының маңғыттар және моңғолдармен одақтық байланысы қалыптасты. Қасым хан өзінің билік құрған кезеңінің басында Сайрам қамалын алды, Мауреннахр қамалын басып алуға біраз әрекет жасады. Қазақ хандығының орыс мемлекетімен елшілік байланысы басталды. Түрік басшыларымен жазысқан хаттарында Қырым ханы қазақтардың батыс бағытындағы иеліктерінің кеңейіп бара жатқандығына алаңдаушылық білдірді. Қасым хан билігінің соңғы жылдарында қазақ билеушілері мен шайбанилердің өзара қатынастары шиеленіскен қалпында қала берді. 1516–1517 жылдары қыста Шайбани әулетінің сұлтандары күш біріктіріп, қазақтарға қарсы жорыққа шықты. Қазақтардың «Қасым ханның қасқа жолы» дейтін белгілі заңдары Қасым ханның есімімен байланыстырылды. Аталмыш заң ел басқару ісінде қолданылған. Негізі орта ғасырларда Қыпшақ, шағатай ұлыстары қолданған «ярғу» заңынан (қазақша «жарғы» — хақиқат деген ұғымды білдіреді) алынған. Қасым хан өзі билік құрған кезеңде қазақ халқының этникалық аумағын кеңейту барысында әдет-ғұрыптық заңдарға арқа сүйеген. Тіпті шариғат қағидасын мығым ұстанған отырықшы аудандар да Қасым ханның қол астына өткен соң, әдет-ғұрыпқа сүйенген қазылық биліктерге жүгіне бастаған. Қасым хан өз заңында Құран талаптарына қайшы келмейтін қазақи ғұрып ерекшеліктерін сақтаған. Мысалы, жеті атаға дейін үйленбеу, әмеңгерлік, құдалық жоралар, қазылық билік, т. б. Ол халықтың көкейінен шыққан әрі ежелден келе жатқан билік дәстүрді, әдет-ғұрыптық «жарғыны» жаңғыртып, күшейткен. Бұл заңға енген ережелер: 1) мүлік заңы (жер дауы, мал-мүлік дауы); 2) қылмыс заңы (кісі өлтіру, талау, шапқыншылық жасау, ұрлық қылу); 3) әскери заң (аламан міндеті, қосын жасақтау, қара қазан, ердің құны, тұлпар ат); 4) елшілік жоралары (майталман шешендік, халықаралық қатынастағы сыпайылық, әдептілік, ибалылық); 5) жұртшылық заңы (шүлен тарту, ас, той, мереке, думан үстіндегі ережелер, ат жарыс, бәйге ережелері, жасауыл, бекауыл, тұтқауыл міндеттері). Мұхаммед Хайдардың жазуы бойынша, Қасым хан 1518 жылы өлген. Ал Тахир Мұхаммедтің «Рузат ат-Тахирин» атты еңбегінде Қасым хан 1523/24 жылдары өлген деген дерек келтіріледі. Қыдырғали Жалайыридың айтуынша, Қасым хан Сарайшық қаласында қайтыс болған.

 

ЕСІМ ХАН

Шығайұлы Есім хан (1628–1645) – Қазақ хандығының ханы, Шығай ханның баласы, атақты Тәуекел ханның туған інісі. Есім хан туралы халық жадында сақталған аңыз -әңгімелер, дастан-жырлар көп. Оны халқы «Еңсегей бойлы ер Есім» деп ардақтайды. Есім хан билік басына ағасы Тәуекел өлгеннен кейін келді. Бұл кезде Қазақ хандығының шығысындағы жағдай Тәуекел тұсындағыдан әлдеқайда күрделене түскен еді. Мұнда ойрат тайпаларының бірігіу процесі жүріп жатты. Сондықтан ол көршілерінде болып жатқан жағдайды жіті қадағалап, олардың тайпалары арасындағы алауыздықты өз пайдасына шешуге ұмтылып бақты. Ойраттардың бір жағынан Ембі, Жайық, Еділ бойындағы ноғайлармен шарпысуығ екінші жағынан орыс қамалдарының гарнизондарымен қақтығысуы Есім хан саясатының ықпалды болуына елеулі жағдай жасады. Ақырында үш жақты соғыстың өздеріне қырғын таптыратынын сезген ойрат әміршілері Есім ханның үстемдігін мойындап, тату көршілікте тұру мақсатында ұсыныс жасап, елшілерін жіберуге мәжбүр болады. Хандығының шығысындағы жағдайды осылайша өз пайдасына шешкен Есім хан оңтүстігін де ойдан шығармайды. Хандығының шекарасын кеңейте түсу саясатын мұнда да батыл жүргізіп бағады. Оған жағдай да көмектесе түседі. Себебі, бұл кезде қайтыс болған Бәки Мұхаммед ханның орнына оның інісі Уәли Мұхаммед пен Герат-Хорасанның билеушісі Дінмұхаммед баласы Иманқұлы таласып жатқан еді. Осы қақтығысты өз пайдасына асыруда Есім хан үлкен ептілік танытады. Ол әуелі Уәли Мұхаммедке көмектесемін деп уәде беріп, кейін Иманқұлы жағына аунап түседі. Соның нәтижесінде онымен бірігіп, Уәли Мұхаммедті өлтірісіп, Иманқұлымен одақ жасасады да, сол жылы Иманқұлыға қарсы шығып, Самарқантқа әскер жөнелтеді. Бұл кезде Иманқұлының Есіммен соғысарлық шамасы жоқ еді. Сондықтан онымен шартқа отырып, Ташкент пен оның төңірегінің түгелдей қазақтардың иелігі екенін ресми түрде мойындайды. Бұдан кейін Есім хан Моғолстан ханы Әбдірахымның қызы Падшахқа үйленіп, ағасы Күшік сұлтанның қызын Әбдірахымға беріп, қарсы құда болу арқылы оны өзінің жақтасы етіп, соның көмегімен өзіне опасыздық жасаған Тұрсын ханды талқандап, дара билікке қол жеткізеді. Есім ханның билігі тұсында (1598–1645) халық жадында «Есім салған ескі жол» деген атпен қалған әдет-ғұрып нормаларын қалыптастырған конституциялық құжат болғаны белгілі. Мұны «Есімнің заңы» деп ұққан жөн. Бірақ оның көктен алынбағанын, өз заманының орайы мен талабына қарай Есім хан мен оның кеңесшілері өңдеп, толықтырған баяғы «Қасым салған қасқа жолдың» бір нұсқасы екенін де естен шығармаған абзал. Түтпет келгенде, «Есім салған ескі жол» деген сөздің мәні де Есім ханның тұсында жасалған даналық заңдарға байланысты айтылған. Қоныс-тұраққа, мал-мүлікке, адамдар арасындағы қарым-қатынасқа қатысты туындайтын дау-шардың шешімдері осы кезде сараланды. Мұның өзі кейін Тәукенің әйгілі «Жеті жарғысына» негіз болып, қазақ халқының мәдени-рухани және салт-дәстүр қалыптарының төлтумалығын шыңдай түсуге ықпал етті. Жалпы көшпелілер мемлекетінің хандары сияқты, Есім хан да тақ үсті мен ат үстінде бірдей танылған біртуар тұлға. Оны халқының «Еңсегей бойлы Ер Есім» атанған атақты ханның қайтыс болған жылы – 1645 жыл деген шындыққа келетін сияқты. Есім хан дүние салған соң қазақ хандығының тағына Жәңгір хан (1645–1652) отырды. Халық оны ел үшін жасаған ерлігіне орай «Салқам Жәңгір» деп атанған. Хан ордасын Түркістан қаласында ұстау Жәңгір хан тұсында басталды. Есім хан қазақ тарихында «Еңсегей бойлы ер Есім» деген атпен әйгілі болды, оған бұл атақ 1598-жылы ағасы Тәуекел ханмен бірге Мауреннахрға жасаған жорықта ерекше көзге түскені үшін берілген екен. Есім хан — Шығай ханның баласы, ол бұрын қазақ хандығының Түркістан қаласындағы хан ордасында тұрған. Хан тағына отырған соң Бұхарамен бітім-шартын жасасып, Орта Азия қалаларымен бейбіт, экономикалық байланыс орнатуға ұмтылды. Қазақ хандығын бір орталыққа бағынған мемлекет етіп құруды көздеді. «Есім ханның ескі жолы» деп аталған заңды құрастырды. Есім ханның қазақтарды бір орталыққа бағындыру саясатына қарсы болған сұлтандар қазақ хандығын бөлшектеуге тырысты. Ташкент қаласы қазақ хандығына қараған соң оны Жәнібек ханның немересі, Жалым сұлтанның баласы Тұрсын Мұхаммед сұлтан басқарған еді. Ол көп ұзамай тәуелсіз хан болуға әрекет жасады. Тіпті өз атынан ақша соқтырып, «бажы және хараж» алым-салықтарын жинады. Сонымен, қазақ хандығын екіге бөліп, Түркістан қаласын орталық еткен Есім хан, Ташкент қаласын орталық еткен тұрсын хан билеген еді. Бұлардың арасында соғыс қақтығыстары болды. Бұл екі жақ ұйғыр, қырғыз, қарақалпақ билеушілерінен өздеріне одақтас-жақтастар іздеуге кірісті. Есім хан тобы Яркент хандығына қарсы болып Тұрпанды билеген Әбдірахим ханмен одақтасты. Ал Тұрсын Мұхаммед хан жағы Яркент билеушісі Шажайдің Ахметтің жақтасы болды. Бұлармен одақтасып отырған Әбдірахим мен Ахметтер де бір-бірімен жауласып отырған билеушілер болатын. Есім хан өзіне мықты сүйеніш ету үшін Яркент ханы Әбдірахиммен құдандалық байланыс орнатты. 1627-жылы Есім хан Тұрсын ханды өлтіріп, қазақ хандығын өз қол астына біріктірді. Есім ханның феодалдық бытыраңқылықты жеңіп, қазақ хандығын біріктіру жолындағы күрестері қазақтың «Еңсегей бойлы ер Есім» атты тарихи жырына өзек болған. «Бахыр әл асырардың» авторы Махмұд ибн Уәлидің айтуына қарағанда, Есім хан 1628 жылы қайтыс болған. Ал «Қазақ совет энциклопедиясының» мәліметіне қарағанда 1645 жылы қайтыс болған делінеді.

 

ТӘУКЕ ХАН

Тәуке хан, әз-Тәуке Мұхаммед Баһадүр (т. ж. б. -1718) Қазақ хандығының билеушісі, Жәңгір ханның баласы. Ол билік еткен кезең Қазақ хандығының «алтын ғасыры» саналады. Орыстың белгілі тарихшысы А. Левшин Тәуке ханды көне Спартаның ақылгөй заңгері Ликургпен теңеген. Тәуке хан дала ақсүйектерінің өкілі билердің көмегіне сүйене отырып, ортақ билікке жікшілдік пиғылда болған төрелерге қарсы күрес жүргізді. Мемлекеттік мәселелерді шешетін хан кеңесін құрды. Оған барлық қазақ руларының билері мен әскербасыларын тартты. Кеңесті Түркістан қаласы жанындағы Битөбеде, Сайрам қаласы маңындағы Мәртөбеде және Күлтөбеде өткізіп тұрды. Ұлы жүзді Төле биге, Орта жүзді Қазыбек биге, Кіші жүзді Әйтеке биге, қарақалпақтарды Сасық биге, қырғыздарды Қоқым биге басқару тұтқасын берді. Бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарын және «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолын» одан әрі жетілдіру арқылы жаңа заң жүйесін жасады. Даулы істерді шешуде билер сотының беделін арттырды. Тәуке хан заңының құрамына «Жеті жарғы», билер сотының тәжірибесі, би-батырлардың ынтымағын арттыруға және көршілес елдермен дипломатиялық, сауда-саттық қатынасты нығайтуға бағытталған жазба құжаттары кірді. Заңдағы қылмыстық және неке нормалары шариғат негізінде түзілді. Рулар арасындағы маңызды дау-шаралар үш жүзге танымал билердің қатысуымен шешілді. Билер тобы хандықты басқаруға, заң шығаруға және соттық қызметке араласты. Барлық ру, тайпалардың ұрандары мен мал-мүлікке арналған таңбалары белгіленді. Тәуке хан Түркістан қаласын Қазақ хандығының астанасы етті. Кейбір деректерге қарағанда қазіргі Астана қаласынан 10 шақырым жердегі Күйгенжарда да хан ордасы қоныстанған. Тәукенің Түркістанды тастап, Сарыарқаға қоныс аударуына жоңғарлардың үздіксіз шабуылы себеп болса керек. Бір жағынан қол астындағы қазақ руларының билерімен ел тағдыры жер тағдырын ойлап, кеңесуге мейлінше қолайлы жер еді. Ол Сырдария бойындағы 32 қаланы өзіне қаратып, Бұқар хандығымен сауданы дамытуға күш салды. 1687 жылы Бұқар ханы Субханқұлымен Ташкент қаласына байланысты келіссөз жүргізіп, оны қазақтар иелігіне қалдырды. Орыс-қазақ қарым-қатынасының бейбіт түрде жүруіне мүдделік танытып, 1686–1693 жылдары аралығында Сібірге бес елшілік жіберді. Оның 1694 жылы қазан айында жазылған хаты сақталған. Тәуке хан Ресей еліне арнаған хатында достық қарым-қатынасты сақтай отырып, бейбіт көрші болуға шақырды. Тәуке хан тұсында қазақ-ойрат қарым-қатынасы шиеленісе түсті. Севан Рабтан маңызды сауда жолдары өтетін және ірі сауда орталықтары орналасқан Оңтүстік Қазақстан аумағын басып алуды көздеді. Тәуке хан Сығанақ, Түркістан, Отырар, Сайрам және Созақ қалаларын жоңғарлармен күресте стратегиялық тірек бекетіне айналдырды. Тәуке хан көрші жатқан мемлекеттермен өз заманына сай тиімді мәмілегерлік қарым-қатынас орнатты. Қазақ хандығы Тәуке хан тұсында басқару жүйесінде хандық билікке негізделген, саяси жағынан орталықтанған мемлекет болды.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 897 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: