22:43
Ұлы Дала Елінің дарабоздары

БУМЫН ҚАҒАН

Түрік қағандығының тарих сахнасында пайда болуы Бумын қағанның есімімен тікелей байланысты. Халық арасында оны «Ел қаған» немесе «Иль қаған» (бірінші қаған) деп атаған, бұл «Бүуіл ел патшасы» болып аударылады. Бумын қаған (? -552 ж.)-түркілердің өздері «Мәңгі ел» деп атаған әйгілі Бірінші Шығыс Түркі қағанатының негізін қалаушы тарихи ұлы тұлғалардың бірі. Оның алғаш тарихқа танылуы түркі еліне Батыс Вей империясының елшілерінің келуімен тікелей байланысты. Бұл кезде түркі елі Жыужән қағанатының құрамындағы, соларға темір кенін өндірумен айналысатын бодан ел болатын. Бумынның бұл кездегі лауазымы ұлы йабғу (даиеху) болды. Оған ол түркі елінің басшысы болған әкесі Ту (Туву) өлгеннен кейін, мұрагерлік жолмен ие болды. Кезінде хатталып, қағаз бетіне түспегендіктен, Батыс Вей империясының елші келгенге дейінгі түркі елінің де, оның басшысы Бумынның да тарихы белгісіз болды. Сондықтан да болар тарихшылар ортағасырлық түркілердің тарихын, шартты түрде, осы елшілер келген да-тун жылнамасының он бірінші жылынан, яғни 545 жылдан басталады. Телі ру-тайпаларымен Бумын қағанның қол астына біріккен түркілер сол кезде өздері тәуелді болып отырған жуань-жуаньдарға қарсы шықты. Түркілер 552 жылы Бумын қағанның басшылығымен жуань-жуаньдарды тас-талқан етіп жеңді. Бұл соғысқа түркілердің жуань-жуаньдардың қол астынан шығу жолындағы талаптары себеп болған еді. Олардың арасында аса қуатты ашина тайпалары да бар еді. 545 жылы елші келіп, оның мақсаты- түркілерді Батыс Вей империясының бақталасы Шығыс Вей империясының одақтасы болып отырған Жыужән мемлекетіне қарсы қойып, қарсыластар күшін әлсірету әрі оларды күресте өздерінің жақтасы ету болатын. Бумынның аса ірі саясаткер, көреген басшы екенін танытатын тұс та, міне, осы кез. Ол алып империяның айдапсалына елігіп, билікке таласушылардың қолшоқпарына айналмай, өз саясатын жүргізе білді. Асылы, Бумын өзін империя қолдайды екен деп, аңдаусыз аяқ басудың апатқа ұрындырарын мейлінше ұққан сақ жан. Жылнамалар жеткізген тапшы деректер осыны дәлелдейді. Ол Батыс Вей секілді империяның қолдауын пайдаланып қалайын деп, бірден атқа қонбайды. Батыс Вейдің елшісі кеткеннен кейін оларға өзінің елшісін жіберіп, бар жағдайды өз адамдары арқылы толық біліп алады. Күресте көмектеседі деген империясының өз көмегіне зәру мүшкіл хәлін көреді. Азаттық күресінде тек өз күшіне ғана сүйену керектігін, қазіргі жағдайда қыздырманың тіліне еріп, қарсы шыққанымен, дәуірлеп тұрған жыужәндарды жеңуге шамасы жетпейтінін түсінеді. Сол себепті де ол ешкім күтпеген әрекетке барып, жыужәндарға қарсы жорыққа аттанған телі тайпаларын қолдау орнына, оларға тосыннан тиісіп, бүкіл елін өз қарауына қосып алады. Бұл ретте «Жыу кітабы» («Жыушу»): «Осы кезде (546 ж.) телілер жыужәндарға қарсы жаза жорығына шығады. Тумын (Бумын) өзіне қарсы тайпаларды бастап, оларға орта жолда бүйірден тиісіп, талқанын шығарады. Сөйтіп 50 мың түтіндік бүкіл елін бағындырады» деген дерек береді. Осылайша еліне ел қосып, жауынгерлер санын көбейтіп, әскери қуатын нығайтып алғаннан кейін барып, ол жыужәндарға қарсы шығудың әрекетіне көшеді. Онда да өзі бірден тиіспей, жыужәндардың өзін соғысуға мәжбүрлейді. Жыужән мемлекетінің билеушісі Анагүйге қызын өзіне әйелдікке беруді сұрап, елшісін жібереді. Бұл сол кездің дипломатиясында: «Менің енді сенімен терезем тең. Менімен санасуға тиістісің» дегенді білдіретін еді. Бұған, әрине, Анагүй келісе алмады, тас-талқан болып ашуланып, Бумынды балағаттап, «Сен менің темірші құлымсың, бұлай істеуге қалай батылың барды» деп, арнайы шапқыншысын жібереді. Бумынның күткені де осы еді. Дәстүр бойынша, енді оның қорланған жан есебінде не істеймін десе де еркі бар, халықтың толық қолдауына ие болады. Осыны қапысыз пайдаланған Бумын өшпенділікті одан әрі өршіте түсу үшін Анагүйдің шапқыншысының басын алуға әмір береді. Қаған шапқыншысын өлтіру соғыс ашудың бір сылтауы болатын. Ақыры фи-ди жылнамасының бірінші жылының (552 ж.) бірінші айында Хуәй-хуанның терістігіндегі кең жазықта жыужәндар мен түркі әскері шешуші айқасқа шықты. Осы шайқасқа жеті жыл бойы қапысыз дайындалған Бумын ашудың жетегінде асығыс жиналған жыужән әскерінің тас-талқанын шығарады. Ойсырай жеңілген Анагүй өзін-өзі жарып өлтіреді. Сөйтіп байтақ далада бір жарым ғасыр бойы дара билік жүргізілген Жыужән қағандығы құлады. Оның орнына кейін Ұлы Далаға бірнеше ғасыр бойы үстемдігін жүргізген атақты Түркі қағанаты орнады. Түркілердің елі жиналып, Бумынды ақ киізге көтеріп, «Ел қағаны» деп жариялады. Әйеліне «Ел Білге қатын» деген атақ берді. Бірақ Бумын қаған өзі орнатқан қағанаттың дәуірлеп дүркірегенін көре алмады. 553 жылдың қозы айында өз ажалынан қайтыс болды.

 

ИСТЕМИ (ІСТІМІ) ҚАҒАН (554-576 ж.ж.)

Бумыннан кейін қаған болған, яғни Бірінші Шығыс Түрік қағанатының екінші қағаны болып Істімі отырады. Ең алдымен, Бумын қайтыс болғаннан кейін інісі Істемінің қаған болғаны шындық болса, онда қазіргі тарихшылардың Естеми, Істеми, Истеми есімдерін әркім өз қалауынша құбылтып алып жүрген адамы Істімі еді. Егер шынымен қазіргі тарихшылар айтқандай, Істімі 572 жылы қайтқан болса, онда атақты ағасынан кейін жиырма жыл өмір сүріп, бүкіл батыс өңірді билеген, әйгілі Жібек жолын қолында ұстаған, Иран мен Византия империясының іргесін солқылдатқан атақты қаған туралы қытай тарихшылары, сөз жоқ, бұлайша үнсіз қалмас еді. Истемиді Парсы деректерінде «Дизавул» десе, ал Қытай жазба деректерінде бұл есім мүлде кездеспейді. Истеми сол кезде ағасына көмекші болып, бел шешпей еңбек етті. Бумынның тапсырмасымен екі рет Батыс Вей империясына түрік елшілігінін бастап барып, ел арасын ептестіре білер бітімгершілік, мемлекет мүддесін ұтысқа шығарар саясаткерлік қабілетімен көзге түсті. Телі тайпаларын бағындыруда адам шығынына жол бермей, қолбасшылық шеберлігін танытса, Хуэй-хуаң шайқасында ұрысты ұтымды ұйымдастырып, қарсыластарының қайрат көрсетуіне мүмкіндік қалдырмай, ел тағдырын шешетін ірі жеңіске жетті. Інісінің ақылы мен қайратына, ел мүддесіне адалдығына риза болған Бумын қаған қалыптасқан «әке өлсе, таққа бала мұра» дәстүрін бұзып, қағанат тағына осы Істіміні ие етті. Білге қағанның Түрік қағанатының атақты қағандарының ішінен Бумын қағанның қасына Істімінің атын қосып, оны мақтаныш тұта айтуы да тегін болмаса керек. Істімі қаған да билік тізгінін ұзақ ұстап отыра алмаған. Ағасы өлгеннен кейін 5–6 айдан соң, бұл да ауырып қайтыс болады. Істімі қаған 576 жылы қайтыс болып, оның орнына таққа Түрсанаф отырады. Батыс бөлігі және жоғарғы бөлікті басқарушы Қара-Шырын болды. Қағанда әрі қарай ұзақ жаугершілік жасаған билік иелері болған жоқ.

 

ТОНЫКӨК

Тоныкөк (Тоңыұқық) (646- 741ж. ж.) — Екінші Шығыс Түркі қағанатының негізін қалаушылардың бірі, оғыз тайпасынан шыққан ұлы дана, заманында Түркі қағанатының үш бірдей қағанына уәзір болып, түркі елінің халқын көбейтіп, жерін кеңейтуге үлкен үлес қосқан кемеңгер. Көшпелілер тарихында артында өшпес атақ-даңқын қалдырып; ақыл-парасатына, қол-қайратына, көрегендігіне табындырып; ел жұртының қасіретін, қуанышын, ерлігі мен елдігін тасқа жыр ғып қашап, мәңгілік мұра қалдырған Тоныкөктей тұлға болған емес. Сол тас жазуда: «Мен, Білге Тоныкөк, табғаш (қытай) елінде тәрбиеленіп өстім. Түркі халқы ол кезде табғаштарға бағынышты еді» деп жазылған. Бұдан Тоныкөктің түрік тайпасы көсемдерінің бірінің баласы екені анық аңғарылады. Өйткені ол кезде көшпелілердің тек елбасыларының Қытайға аманатқа берген балалары ғана император сарайында оқып, тәрбиелене алған. Қытай сарайында жүріп, олардың өз еліне жасап жатқан қорлық-зорлығының бәрін көріп біліп өскен Тоныкөк ақыры шыдай алмай, 683 жылы шыли иуән тайпасының басшысы Құтылықпен бірігіп, табғаштарға қарсы көтеріліске шығады. Көтерілісшілер жеңістен жеңіске жетіп, ұзамай әйгілі Екінші Шығыс Түркі қағанатының шаңырағын көтереді. Құтылығты «Ел төресі» деген атпен қаған етіп сайлайды. Жаңа шаңырақ көтерген елдің іргесін бекітуге мүмкіндік бермей құртып жіберуді көздеген табғаш билеушісі «жабайыны жабайының қолымен құрту» саясатымен түркілерге көрші тоғыз оғыз халқын айдап салды. Бірақ табғаш елінде болып, олардың қарсыластарын құрту үшін қандай әрекеттер жасайтынын жақсы білетін Тоныкөк асқан көрегендікпен бұл апаттың алдын алып, Тоғыла жазығында тоғыз оғыздардың әскерін тас-талқан етеді. Қолға түскен тұтқындарды Тоныкөк Құтылығ қағанға айтып, түгел босатып, еліне қайтарады. Оларға: «Түбіміз бір туыспыз. Өзара қырқысқаннан өзгеге жем болғаннан басқа пайда жоқ. Табғаш елі ортақ жауымыз. Сондықтан соған қарсы күш біріктірейік. Бір-бірімізді өгейсітіп, көзге түрткеннен тапқан олжамыз кәні? Бірігіп ел болайық, осыны айта барыңдар. Кім де кім бірлік байрағын көтеремін, ата жауға қарсы бірлесіп күресемін десе, Отыкенге келсін. Біз сонда бірер күн еру боламыз» дейді. Тоныкөктің осынау сөзі қандастарының жүрегін жібітіп, оғыздар түгелдей түрік туының астына жиналады. Кейін бұл жөнінде Тоныкөктің өзі тас жазуда: «Осыдан кейін оғыздар өз аяғымен көтеріле келді. Келтіргендей-ақ келтірдім-ау!» деп ризалық сезіммен сол кезді еске алады. Құтылығ қаған өлгеннен кейін, орнына інісі Қапаған отырады. Тоныкөк оған да сенімді серік, білікті ақылшы болып, адал қызмет етеді. Бұл ретте Тоныкөктің өзі тас жазуда: «Елтөресі (Құтылығ) қаған, Білге Тоныкөк қам жеп, иелік қылғаны үшін Қапаған қаған бар болып отыр» дейді. Онысы рас та секілді. Қытай жылнамасы Қапағанды қарамағындағыларға аяусыз қатыгездікпен қарады, қартайған сайын қызғаншақ, ақылсыз бола бастады деп суреттейді. Тоныкөк осы кезде қағанына өкпелеп, Қытайға өтіп кетуге жырыла көшкен ру-тайпа көсемдерін тоқтатып, ел бүтіндігін сақтау үшін күндіз отырмай, түнде ұйықтамай, ат үстінде жүреді. Бірақ Тоныкөктің халық алдындағы беделінің тым жоғарылығын қызғанған Қапаған оны ел билігінен оқшаулай бастайды. Қағанат құлауға айналады. Ақырында Қапаған қаған ойда жоқта өз қандастарының қолынан қаза табады. Билікке таласып, ел бірлігіне зиян келтіреді деген қауіппен Қапаған қағанның бүкіл ұрпағын қырып тастаған Күлтегін батыр ағасы Могилиәнді (Білге қаған) қаған тағына отырғызды. «Білге қаған» деген атпен таққа отырған Могилиән өз тайпасының ортасына кеткен Тоныкөктің көрегендік ақылымен тұс-тұстан аңталаған жауының бәрін жеңіп, құлауға айналған қағанатты қалпына келтіреді. Тас жазуда Тоныкөк: «Түрік Білге қаған түрік — сыр, оғыз халқын асырап, мерейін үстем қылып отырар» деп, оған үлкен сенім артады. Түрік жұртының азаттыққа қол жеткізіп, жеке дербестік ел болып отыруына айтулы еңбек сіңірген дала кемеңгері Білге Тоныкөк өзінің бағасын, тарихтағы орнын өзі қашатып, жаздырып кетті. «Тәңірі жарылқады! Бүкіл түркі жұртына қарулы жау келтірмедім, атты әскер жолатпадым. Ел төресі жауламаса, оған еріп мен жауламасам, елім, халқым жойылар еді. Оның шабуылының нәтижесінде, менің шабуылымның нәтижесінде еліміз қайта ел болды, халқымыз қайта халық болды. Өзім қартайдым, ұлық болдым. Түркі Білге қағанның еліне арнап тасқа жаздырған мен Білге Тоныкөкпін» дейді дана қарт. Тоныкөктің қай жылы өлгені белгісіз. Қытай тарихында білге қаған оны ордаға 716 жылы қайта шақырып алдырғанда Тоныкөктің жасының 70-те екені анық көрсетілген. Содан кейін ол Білге қағанның қасында болып, Түркі қағанатын төніп келген апаттан құтқаруға көмектесіп, оған пайдалы ақыл-кеңесін береді. 734 жылы Білге қаған уланып өледі. Бұдан кейін Тоныкөкке қатысты дерек еш жерде кездеспейді. Білге қаған өлгеннен кейін оның орнына таққа балалары бірінен кейін бірі отырғаны және бар биліктің сол балалардың анасы, Білге қағанның әйелі, Тоныкөктің қызы Бопының (Пофудың) қолында болғаны белгілі. Осының бәрі Тоныкөкті бұл жылдарда да қаған ордасында болды деуге мүмкіндік береді. Тарихшылар оны әбден қартайып барып өлді дегенді айтады. Соған қарағанда ол 741 жылдың шамасында 95 жасқа жетіп қайтыс болған тәрізді. Тоныкөк жазба ескерткіші – Екінші Шығыс Түрік қағандығының (6 ғасыр) саяси, қоғамдық және әлеуметтік өмірін ежелгі түркі поэзиясы стилінде зор шеберлікпен бейнелеп көрсеткен, идеялық мазмұны мен көркемдік дәрежесі биік әдеби жәдігерлік. Бұл жырдың мәтіні көне түркі жазуымен бедерлеп жазылған. Құлпытасты 19 ғасырда Солтүстік Моңғолиядағы Селенга өзені бойынан Д.А.Клеменц тапқан. Тоныкөк құрметіне қойылған бұл ескерткіш мәтінін оқу, басқа тілдерге аударма жасау және оны ғылыми тұрғыдан зерттеу ісіне В.Томсен, В.В.Бартольд, С.Е.Малов, т. б. түркітанушы ғалымдар үлес қосты. Тоныкөк жазба ескерткішін қазақ әдебиеті тұрғысынан тұңғыш рет зерттеген М. Жолдасбеков болды. Тоныкөк жазба ескерткіші 313 өлең жолынан тұрады. Жырдағы жалпы оқиғалар желісін зерттеушілер оны он төрт циклға, яғни он төрт хикаяға бөліп қарастырады. Бұл жырда түркі елінің сан қырлы өмірінде Тоныкөктің тарихи рөл атқарғаны ерекше айтылады. Тоныкөк жазба ескерткішіне дидактикалық сарын беріп тұрған қанатты сөздер, афоризмдер, мақал-мәтелдер бертін келе қазақ ақын-жыраулары поэзиясында өзінің көркемдік дәстүр жалғастығын тапты.

 

БІЛГЕ ҚАҒАН (шамамен 681 – 734 жж.)

Білге – Күлтегіннің ағасы. Күлтегін Қапаған қаған қоздырған тайпаластар арасындағы соғысты тоқтату үшін 716 ж. әскери төңкеріс жасап, қағандыққа ағасы Білгені қойды. Ал Білге Күлтегінді әскербасы, ақылгөй, әрі қайын атасы Тоныкөкті мемлекеттік кеңесші етіп тағайындады. Осылай билік басында Таң империясының саяси үстемдігіне қарсы үштік отырды. «Олар Ақылдың, Адалдықтың, Қайраттың өзара тіл табысып, елін-жерін көгерткен ұлы үштік ретінде тарихта қалды. Ал Білге қағанның тұсында тек қана бейбіт дәурен орнады». Бірақ ол құт-береке өздігінен оп-оңай келмеп еді. «Жалаңаш халықты тоңды, аз халықты көп қылу» құны неге түскені Күлтегін үлкен жазуында былай баяндалған: «Әкеміз, ағамыз құраған халықтың атақ-даңқы жоқ болмасын деп, түркі халқы үшін түн ұйықтамадым, күндіз отырмадым. Інім Күлтегінмен, екі уәзіріммен өліп-тіріліп құрадым… Мен өзім қаған болғанда жер-жерге тарап кеткен халық өліп-жітіп, жаяу-жалаңаш қайта келді. Ең бірінші болып телес тайпасы оралды. Түргештер, қырғыздар бөрілі байрақ астына жинала бастады. Бұлардың бірқатарын айла-ақылмен, бірқатарын әскери күшпен қиратуға тура келді. Терістікте оғыз халқына қарсы, ілгері қидан, татабы халықтарына қарсы, бербері табғашқа қарсы үлкен әскермен он екі рет соғыстым», — дейді Білге қаған (Күлтегін үлкен жазуы). Түркі қағанаты күшейгенін мүлде қаламайтын «Ұлы Аспан» империясы Білгенің бейбіт келіссөзге келу жөніндегі ұсынысын ұнатпады. Қытай соғысқа дайындалып жатты. Бірақ бұл жоспар іске асырылмады. Өйткені оларға 714 жылы тибеттіктер шабуыл жасады. Түркілер тыныс тапты. Әйтсе де, империялықтар ұсақ тайпаларды айдап салып, арандатып отырды. Білге қаған өздерін үнемі сатып кетіп, қауіп төндіре берген ұйғырларға қарсы жорыққа аттанды. Сөйтіп, оларды бағындырды. Одан соң Білге қаған татабтардың аттарын тартып алып, ойсырата жеңіліске ұшыратты. Осыдан кейін түркі әскері жұмылған күшке айналды. Осы кезде Яштар түмен қарлұқтарды талқандады. Солтүстік Жоңғария түркілердің қол астына кірді. 717 жылдың аяғында қала қағанатқа бағынды. Енді қағанаттың алдында не істеу керек деген сауал туды. Сол кезде Білге қаған, Тоныкөк, Күлтегін сансыз көп ұрыстардан кейін түркі халқы өзді-өзіне келу үшін бейбіт өмірді қалпына келтіру керек деп шешті. «Уақыт ұтқылары келіп тұр», — деп, Қытай Білге қағанның бейбітшілік жайындағы ұсынысын қабылдамай тастады. Түркілердің сол уақыттағы стратегиялық мұраты қорғаныс болды да, ол саясат пен идеология астарында өзін Қытайға қарсы қоюшылық жатқан еді. «Ұлы үштіктің» арқасында түркілер 722 ж. қытайларды талқандады. Білге қаған түбінде Қытаймен бейбіт қатынас орнатты. Бірақ қытайлықтар мұны онша құптамады. Сөйте тұра мәмілеге келуге мәжбүр болды. Осылайша Білге халқын 722–741 жылдар арасында 20 жыл бейбіт өмірмен қамтамасыз етті. Екі ел арасындағы бұл тыныштық Білгенің алғыр саясаты арқасында орнады. 722 ж. кездесуде Сюанцун үлкен қошамет көрсеткен Қытайдың бұрынғы елшісі, түркіден шыққан сатқын 734 ж. қытай жағының өтінішімен Білге қағанға у беріп өлтірді. Білге өлер алдында оны дарға асып, тұқымымен құртып жіберуге бұйрық береді. Ал Қытай императоры өзіне сезік түсірмес үшін қағанды жерлеу рәсіміне елші жібереді. Түркі тағына Білге қағанның ұлы Йоллығ-тегін отырды.

 

КҮЛТЕГІН ҚҰТЫЛЫҒҰЛЫ (684-731 ж.ж)

Күлтегін – Білге қаған дәуіріндегі түркі мемлекетінің көрнекті әскери қолбасшысы, «көк түркінің көк семсері» атанған атақты батыры. Құтлық қағанның кенже баласы. Әкесінен жастай жетім қалып, ағасы Қапаған қағанның тәрбиесінде өскен Күлтегін тым ерте есейіп, қабырғасы қатып, бұғанасы бекімей жатып, жау жарағын асынып, түркі еліне тұс-тұстан төнген басқыншы жауға қарсы үлкендер қатарында тұрып, ерлікпен күреседі. Ағасы Білге қаған және Тоныкөкпен бірге Күлтегін 712–713 ж. ж түріктердің әскерін Соғды мемлекетіне бастап келіп, оның билеушісі Гуректі жақтап араб қолбасшысы Кутейба ибн Муслиммен соғысқан. Бұл ретте түркінің атақты Білге қағаны Күлтегін батырдың басына қойылған ескерткіш тасқа ойып жаздырған ғұмырнамасында: «Әкем қаған өлгенде інім Күлтегін жеті жаста қалды. Он жаста Ұмай текті шешемнің бағына інім Күлтегін ер атанды» деп жазды. Тарихи деректерді салыстыра зерделесек, бұл Күлтегіннің он жасында ер атанып, алғаш көзге түскен соғысының табғаш елінің әйел патшасы У-хыудың Қапағанның басына ақша тігіп, кімде-кім оны өлтірсе, соған «Жан-чо» («Чоны өлтіруші», яғни Мочо-Қапағанды өлтіруші) деген атпен бірінші дәрежелі кінәз атағын беремін деген уәдесін арнайы жарлықпен бекітіп, түркі еліне жазалау жорыққа қалың қол аттандырғаннан кейінгі, 694 жылғы Жау-жыу және Дин-жыу аймақтарында болған соғыс екені анық көрінеді. Қапаған осы соғыста 90 мың тұтқынды қолға түсірген. 712 жылы Алтайды мекендеген қарлұқтар мен түркілердің бір бөлігі бұларға қарсы шығады. Шегіну кезінде Күлтегін үлкен жасақпен кейін қалып, негізгі күшті қорғап қалады. 714 жылы Білге қаған мен Күлтегін бірлесіп қарлұқтармен олардың одақтастарына соққы береді. 715 жылы Күлтегін азаларды Қаракөл өзенінің төңірегінде ойсырата жеңеді. Қытай жазбаларына сүйенсек, 715–716 жылдары Шығыс Түрік қағандығы ішкі дағдарыс жағдайында болған. 716 жылы бүлікшілер хан ордасын басып алмақ болғанда Күлтегін қорғанысты ұйымдастырып, оларға тойтарыс берген. 716 жылы бүлік шығарушылардың бірі иер-байырқу халқы шабуылынан Қапаған қаза табады. Оның таққа иегер баласын Күлтегін өлтіреді де, билікке ағасы Білге қағанды отырғызады. Күлтегін қағандықтың сол қол шады және бас қолбасшысы болып тағайындалады. Олар дана Тоныкөкті ел басқару ісіне қайта шақырады. Күлтегін түркі мемлекетін нығайту мақсатымен бірнеше рет жорыққа шығып, өзін қабілетті қолбасшы ретінде танытты. 718 жылы қас жауы табғаштар шабуылын тоқтатты. Қағандық шамамен 721–722 жылдары Қытайға, шамамен 722–723 жылдары татабыға жорықтар жасаған. Өздерін толығымен іргелес мемлекеттерге мойындатқаннан кейін көрші елдермен саяси қатынастарын жақсартты. Ішкі-сырқы саясатқа Күлтегін тікелей араласып отырған. 723–733 жылдар аралығында мемлекет ешбір елмен соғыспай, халық бейбіт өмір сүрді. Міне, осыдан былай Күлтегіннің ерлік жолы басталады. Тарихи деректер сол кездегі ел тәуелсіздігін сақтап қалу жолында болған қырғын соғыстардың бір де біреуінің Күлтегінсіз өтпегенін, дулығасы жарқырап, жауын жапырып, қан майданның ортасында жүргенін тамсана баяндайды. Бұл арада сол деректерді тізіп жатпай-ақ, батырдың өзіне арнап орнатылған ескерткіштегі мына жазулардан да біраз жайды аңғаруға болады. Тас жазудың авторы Йоллығ-тегін Күлтегін ерлігін былайша баяндайды: «Он алты жасына келгенде… алты чуб, соғдыларға қарсы аттандық. Күлтегін жауға жалғыз ұмтылды. Он тұтықты қарулы басшылармен қолға түсірді. Ол әскерді сонда талқандадық. 21 жасында Чача Сеңүнмен айқастық. Күлтегін әуелі Тадықан шораның Боз атын мініп шапты. Ол ат сонда өлді. Екіншісінде Ышбыр Жамтардың Боз атын мініп шапты. Ол ат та сонда өлді. Үшіншісінде Сілікбек-иегіннің Торы атын мініп шапты. Ол ат та сонда өлді. Күлтегіннің сауытына, қалқанына жүздеген оқ тиді, бірақ бірі де денесіне дарыған жоқ. Күлтегін 26 жасқа келгенде қырғыздарға қарсы аттандық, Күлтегін Байырқынның Ақбоз айғырына мініп, шабуылға ұмтылды. Бір батырын оққа ұшырды. Екі батырын найзамен түйреп түсірді. Ақбоз айғырдың белі үзілді. Қырғыз қағанын өлтіріп, елін алдық… Тоғу қаласында шайқастық. Күлтегін Азбан ағын мініп ұмтылды. Алты батырын шаншып түсіріп, жетіншісін қылышпен шапты. Тоғыз батырын қуып жетіп, тақымға басты… Оғыздармен соғыстық. Күлтегін Жетімек (Өгсіз) ақты мініп шауып, тоғыз ерін шанышты… Түргеш халқы жау болды. Күлтегінді шағын қолмен жібердік. Жойқын соғыс жасапты. Қара түргеш халқы сол жерде өлім тауыпты»… Осылай жалғаса береді. Қарап отырсаңыз, Күлтегін батыр 47 жасқа жетіп, қаза тапқанша соғыссыз өткен жылы болмапты. Соның бәрінде ол жау қолына жасындай тиіп, түркі қолын жеңіске жеткізіп отырыпты. Оны жерлеуге татабы елінен Удар Сеңүн, табғаштан Ісүйі Лікең, тибеттен Бөлен, алыстағы Соғдыдан, Бұхарадан Тархан ұлы Нең Сеңүн, түргіс қағаннан Макрач таңбашы, оғыздан Білге таңбашы, қырғыз қағанынан Тардуш Ынаншы Чур, т. б. көптеген белгілі адамдар келген. Күз айында өткен Күлтегін асына татабы, тибет, түргеш, қырғыз елдерінің қатысуынан да Күлтегіннің түркі елінің даңқты қолбасшысы екендігін аңғаруға болады. Күлтегін мазары мен өрнектелген жазба тасын тұрғызуға табғаш қағандығы «он мың сый, алтын, есепсіз күміс» әкелді. Қағанның зергершісі Чаң-Сеңүн арнайы келген. Оның құрметіне жазылған Күлтегін жазуы тек түркі халықтарының ғана емес, бүкіл адамзаттың баға жетпес мұрасы болып табылады. Әкесі Құтылығ қаған Екінші Шығыс Түрік қағанатының іргесін қалап, шаңырағын көтерсе, артында қалған екі баласы: үлкені – Білге қағаны ел бастап, кішісі – Күлтегіні қол бастап, сол қағанаттың айбынын асырып, мерейін тасытыпты. Ағайынды екі ұлан ақыл қосып бірге қимылдап, елінің бірі – алтын тұтқасына, бірі – айбарлы асыл тірегіне айналыпты. Ажал жетіп сол асыл тірек құлағанда Ұлы Дала күңіреніп, төрткүл дүниеден түгел елшілер келіп Күлтегін рухына тағзым етіпті. Басына ел тарихын жазып, алып ескерткіш орнатыпты. Сол ескерткіштің ғылыми көшірмесі бұл күнде тәуелсіз еліміздің астанасында, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті бас ғимаратының төрінде тұр. Батыр бабаның бақытты ұрпағы күн сайын ескерткіш қасына келіп, ұлы Ерлікке тағзым етеді, ата рухына адалдықтарын білдіреді.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 2147 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: