22:36
Ұлы Дала Елінің дарабоздары

ТОМИРИС

Массагет тайпаларының ханшайымы (б. з. б. 531–528) Томирис ержүрек, батыр болып тәрбиеленеді. Геродоттың естелігінше, парсы патшасы Кир Томириспен соғыста қаза болған. Кир патша Томирис патшайымды өзіне әйел етіп алмақшы болып, елшілер жіберді. Томирис Кирдің өзіне емес, елі мен жеріне құда түскелі отырғанын түсініп, оның ұсынысын қабылдамайды. Қулығы іске аспаған Кир 530 ж. массагеттерге ашық соғыс жариялайды. Кир массагеттер жеріне жарамсыз әскерін уланған тағамдармен қалдырып кетеді. Массагеттер Кир тастап кеткен әскерге шабуыл жасап, олардан қалған тағамдардан уланады. Соғыста Томиристің баласы Спаргапис тұтқынға түседі. Томирис баласын босатуын сұрайды. Бірақ Спаргапис ұяттан өзін-өзі өлтіреді. Томирис айтқанын тыңдамаған Кирге қарсы шабуылға шығады. Шайқаста массагеттер жеңіп, Кирдің өзі өлтіріледі де, әскерінің басым бөлігі қаза табады. Томирис торсықты қанға толтырып, оған Кирдің басын салуға бұйрық береді: «Сен қанға құмартып едің, енді шөлің қансың!» дейді. Томирис патша өз елінде бұдан кейін де талай жылдар билік етіп, қара қылды қақ жарған әділдігімен, данышпандығымен, көрегендігімен халқын талай таң қалдырды. Олар өз басшысы туралы жыр толғап, оның атын жырға айналдырған. Бұл аңыз жырлар Томирис патшаның есімі ізін басқан жауынгер әйелдің есімі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, ұлы дала аспаны астында ғасырлар бойы мәңгі жасады. Амазонка қыз болып тарихта есімі қалды. («амазонка» — салт атқа мініп, қару-жарақ асынып жүретін әйелдер)

 

ШЫРАҚ

Парсы жерінде тақ үшін күрес басталады. Кир өлер алдында түс көреді, түсінде елді жаулап алатын Дарийге жолығатыны аян болады. Ахемен әулетін жеңіп, Дарий Кирдің орнын басады. Жан-жағын жайпап, бүкіл жерді қуырып, кеткен жері қуанатын қалге келеді. Дарийдің барлық жорықтарының ішінде Кир патшаның басын кесіп, парсылардың бірі қалмай қаза табуы – Парсы елінің сүйегіне басылған таңба, бетіне түскен шіркеу болатын. «Жеңілмейтін әскер, әлем әміршісі, мәңгілік патшалық» деген лақап тараған парсы патшалығы әлемге әйгілі болатын. Дарий Кирдің қызы Атоссқа үйленген еді. Қыз болғанымен жаны жауынгер әкесіне тартқан болатын. Сондықтан Атосс әкесінің кегін алу үшін Парсы патшайымын соғысқа аттануына жол сілтейді. «Өзің әлі жассың, саған атақ та, даңқ та, ұлы жорықтар да керек» деп намысын қайрап соғысқа аттандырады. Дарий скифтерге жорыққа аттануды ойлайды. Тарихшылардың нақты деректерінде Дарий б.з.д. 522 жылы 10 желтоқсан күні қызыл қанға батырып, шамамен 55 000 адамды құрбандыққа шалған. Осы соғыста маргиандық сақтарға ұлы сақ ордасының жасақтары да қосылып, айқасқа қатысқан. Алайда жеңіліс тапқан. Әскердің қатары кеміп отырған. Сақтар әскер қатарын батыстағы жорықтармен толықтырып отырған. Дарий оларды «өлмейтін он мың» деп атаған. Дарий сақ еліне жорық жасауға жоспар құрады. Кирдің бітірмей кеткен көпір-өткелді қайтадан жасап, Сырдарияның төменгі ағысына қарай барып, сақтардың ұлан-ғайыр даласына алтын көпір салуды, әскердің қысылып-қымтырылмай өтуіне жол ашуды, азық-түлікпен кеме арқылы және құрлық арқылы қамтамасыз етуді мақсат қылады. Ол Кирдің қателігін қайталамауды ескереді. 518–517 жылдары ұлы сақ ордасына аттанады. Дарийдің 300 мыңға жуық немесе 700 мың қолы болды деген дерек бар. Дарий сақтардың басын қоспай бұтарлап талқандауды ұйғарды. Сақтар Омар (Омаргх), Тамыр (Тамир), Сакесфар үшеуі өзара кеңес құрады. Дарийге қарсы шығу жоспарын жасайды. Бірақ сақ жеріне төтесінен шабуыл жасаған Дарий әскері Скунһа патшаны қолға түсіріп, оның әскерінің киімін киіп, келесі сақ жауынгерлерінің қаннен-қаперсіз отырғанының үстінен түсіп, бүкіл сақ жауынгерлерін қырып салады. Осындай екі жасақтың ойран болғанын білген сақ патшалары Тамыр мен Омар және Сакесфар үшеуі өзара ақылдасады. Осы жерде Шырақ батыр өзінің басын бәйгеге тігеді. Ол мынадай өсиет қалдырады: «Еркек тоқты құрбандық, мен басымды қылыштың жүзіне төсеймін. Бір өтінішім: артыма қалған балаларымды аман-есен сақтап, астына мал салып бересің, үрім-бұтағым кемістік көрмесін, патша ағзамдар. Парсыларды ел ізіне түсірмей, сілікпесін шығарып, еліне қайтарам». Шырақ өмір бойы мал соңында жүргендіктен даланың ой-шұңқырын жақсы білетін. Патшалар «балаңның парызын орнындаймыз» деп уәде беріп жолға салады. Олар үшін ең басты меже – ұзатпай, өкшелеп келе жатқан Дарий әскерінен елін қан қақсатпай алып шығу болатын. «Мені осы арада тәнімді қылышпен тілгілеңдер де, жолға тастап кетіңдер» деп ақыл беріп, сақ жауынгерлерінің жасырылуына жол береді. Сөйтіп қансырап жатқан Шырақ Дарий бастаған парсылардың әскері алдына өзі шығады. «Міне мені қалай қылыштады,  мен қайтсем де кегімді аламын» деп жар салады.. «Өлмегенге өлі балық кездеседі» дегендей, жарасы жазылған соң Шырақ Дарий әскеріне жол көрсетеді. Олардың алған бағытын өзгертеді. «Құдықтарға у салынған, шөптерді өртеп кеткен, ол жақта ауыз су жоқ, мен төтесінен бастап апарамын» деп сендіреді. Қазақтың мидай шөл даласына бастап барады. Шырақ күн жүреді, түн жүреді, ұзақ жүреді. Даланың шеті көрінбейді, жүре-жүре төрт құбыласы түгел жеті күндік жол болатын бетпақ далаға алып келеді. Парсылар аштан бұралып, жолда қалады. Дарийдің тағаты таусылып, сенімді қолбасы Ранасбат қылышын қынабынан суырып алып, Шыраққа тұра ұмтылады. Шырақ тәкаппарлықпен Ранасбатқа қарсы қарап: «Жеңіске жетті деген осы! Ата жұртымды жаулап алмақ болған Дарий I-патша бастаған қанқұйлы жауды жалғыз өзім шөлге қамап, дымын құртып тұрмын. Төрт жақтарың бетпақ дала, бастарың ауған жаққа жүре беріңдер. Бірақ айтпады демеңдер, жеті күнге дейін шөл даладан көз ашпайсыңдар. Аштық пен шөл азабын көресіңдер. Ал менде ешбір арман жоқ. Қаным кіндігім кесілген туған жерде төгіледі, денем осында көміледі» деген екен. Ашуға булыққан Ранасбат қылышын жарқ еткізіп, Шырақтың қылша мойнын құмға ұшырып түсіреді. Қай жақтан келіп, қай жаққа барарын білмей дағдарған қалың әскер шөл мен аштыққа ұрынып, шетінен өле бастайды. Қаншамасы шала-жансар көмусіз қалады. Дарий әскері көк тәңіріне сыйынып, ауыз су сұрайды. Сөйтіп жаңбыр жауып, әскер жауынгерлері торсықтарына су толтырып аман қалады. Дарийдің тәңірге сыйынғанда айтқаны: «Енді сақ еліне аяғымды аттап баспаймын». Сөйткен ол жаяулатып еліне оралады. Шырақ ерлік пен елдіктің бірегей шырағы болды.

 

ЗАРИНА

Зарина (Сара) – сақ елін басқарушысының қызы. Әскери басшы Мөрмөрдің әйелі болды. Роксанаки қаласының ең беделді ханшайымы еді. Бұл қалашық Сырдарияның жағасында орналасып, Сығанақ қаласына жақын орналасты. Заринаның өз әскері, жасағы болған. Жасақ негізінен «арулар жасағы» атанды. Сақ заңы бойнша әрбір 13 жасқа толған қызды әскери тәлімгерлікке үйреткен: қыз баланы садақ атуға, найза лақтыруға, қылыштасуға машықтандырған. Сақ заңы бойынша егер қыз жауынгер өзін соғыста көрсете алмаса, онда ол қыз ешқашан тұрмысқа шыға алмайды деген қатаң тәртіп болған.

Көшпелі халықтың басынан неше түрлі жаугершілік соғыс өткен, сондықтан әрбір әйел адам жаугершілік кезінде өзін-өзі қорғай білу керек, сондықтан ол әскери жан-жақты дайын болу керек деген саясатты ьасты мақсат етіп ұстанған. Соғыс кезінде әйелдер өз отбасын, жауынгер ер адамдармен аң аулап, азықпен қамтамасыз етіп отырған. Сақ елінің басты жауы парсылар болды. Жауласқан елдердің халықтары соғыстан әбден жалыққанына қарамастан, соғыс тоқтаған жоқ. Заринаның жасағы соғыс болмаған уақытта үнемі аң аулауды әдетке айналдырды. Жақын маңда ешқандай жыртқыш аң болмағандықтан, қыздар үнемі аңға шығып, алысқа ұзап жүрді. Қыздар өздері тұратын мекеннен ұзап кетіп аң аулағанды жақсы көрді. Үстірт жерінде құландарды аулап, бүкіл ауылды етпен қамтып отырды. Осындай бір аң аулауда Зарина өзінің жауынгер қыздарынан бөлініп, ұзаққа кетіп қалғанын аңғармай қалды. Құланды қуғаны соншалық қыздардың қай тұста қалғаны Заринаға белгісіз болды. Осы жерде жаудың әскеріне тап болып, Заринаны жау әскері артынан қуып ұстамақ болды. Бірақ Заринаның аты да, өзі де беріспей ұзаққа шауып, сақ батырынша киінген Заринаның артынан Мидияның жауынгері мен патша ханзадасы да артынан қуа жөнелді. Зарина аяғынан жараланды. Мидия елі ханының ұлы өз жауынгерлеріне ұстаған батырының басын шабуды бұйырды. Заринаның басындағы бас киімі жерге ұшып түскенде, оның шашы ұзын, өте сұлу қыз екенін көрді. Осынша әйел затының ерлігіне таң қалған Мидия ханзадасы өз райынан қайтуына мәжбүр болды. Бұл Мидияның патшасының баласы жас ханзада Стриангей болатын. Ол да өз әскерімен бірге аң аулауға осы тұсқа шыққан еді. Осы жерде аң аулап жүрген Заринаға күтпеген жерден кездесті. Мидия ханзадасы сақ елінің ең әдемі де көркем сұлуына ғашық болды. Зарина да Мидия ханзадасына ғашық болып, өмірде өзінің іздеген ұзын бойлы, кең иықты жігітке бір көргеннен ғашық сезімі пайда болды. Олар екеуі тек осындай аң аулауда кездесеміз деп өздеріне уәде берді. Екі ғашық арасындағы кездесу екі ел: сақ елі мен Мидия елінің ауызбіршілікке келуін, бейбіт өмір сүруіне себепші болды. Зарина мен Стриангей бір-біріне ант беріп, екі елді бейбіт ұстауға уәде берді. Зарина сақ патшасының қызы болғандықтан, мемлекеттік билікке араласуға толық қақысы бар болатын. Ал күйеуі Мөрмөр тек әскербасы болғандықтан, оның әмірі тек қол астындағы әскеріне қана жететін. Ол тек тұтқынға түскен олжа мен тұтқындардың тағдырына төрелік айта алатын. Елдің тыныштығы оған ұнамады. Сондықтан сақ даласының сыртында Заринамен тілдесуге келген Стриангейді қапылыста қолға түсірді. Соғысуға дайын тұрса да, Стриангей Заринаға берген уәдесінде тұрып, екі елді қырғынға ұшыратпау үшін өз әскеріне кері қайтуға бұйрық берді. Мөрмөр жеңіс дабылын қағып, Роксанаки қаласына басын бұрды. Тұтқынға түскен Стриангейді көріп, Зарина қатты уайымдады. Зарина жігіттің ерлігіне риза болды. Мөрмөрге барып: «Мидияның адал, ержүрек ханзадасының өмірін мен үшін қи» деп өтінді. «Сен онымен соғысып, майданда жеңген жоқсың, райыңнан қайт, еліміздің басына қасірет әкелме» деп Зарина өтініш айтты. Бірақ Мөрмөр бұл келісімге қарсы болды. Зарина: «Сен қан сасыған олжаны ойласаң, мен елдің береке-бірлігін ойламын. Ана мен баланың көз жасына қаламыз» деп айтты. Бірақ Мөрмөр келіспей, қанжарын суырып алып, Стриангейге ұмтылды. Зарина өзін қорғайтын жасақтарына Мөрмөрді ұстауды бұйырды, осы жерде Мөрмөр қаза болды. Зарина: «Бүкіл бір елді қансыратып, мағынасыз соғыста құрбан болғаннан гөрі, өзін ұстай алмайтын долы әскербасының қазасы әлдеқайда жеңіл. Ол менің күйеуім, бірақ елімнің амандығы мен үшін одан да қымбат! Мидияның ханзадасын босатыңдар!» деді. Стриангейді тұтқыннан босатып, қашан әл-қуатын жиғанша күтті. Ханзада еліне кетерде «адал махаббатымыздың белгісі болсын, екі патшалықты біріктіріп, бір ел болайық, қосылайық» деді. Зарина келер жылы жауабын аңға шыққанда беремін деп, ханзаданы еліне қайтарды. Зарина келер жылы Мидияның шекарасына жақындағанда Стриангей көрді. Екі әскер де бір-біріне бетпе-бет келіп тоқтады. Зарина өзінің патшалық тәжін кигенін көргенде, Стриангейдің жүрегі мұздап сала берді. Зарина «Армысың, сүйіктім Стриангей! Мен дүниеде сенен басқа адамға жүрегімнен орын бергенім жоқ. Мен сені шынымен жақсы көрем. Бірақ сен екеуміз қосыла алмаймыз. Себебі мен саған тұрмысқа шықсам, сен – хан, мен – ханым болам. Менімен қоса елім де саған бағынышты болады. Сондықтан жеке басымның бақытын елімнің еркіндігіне айырбастай алмаймын. Таққа ие болар аға-іні бермеген тағдырға налиық. Махаббаттан да күшті нәрсе бар, ол – елімнің тәуелсіздігі. Қош сүйіктім!» дегенде, екеуінің де көзінен ыстық жас ыршып кетті. Бұл сөзді естіп тұрған екі жақтың да әскері ауыр күрсінді. «Біздің махаббатымыз еліміздің татулығының белгісі болсын! Қош Зарина!» - деді Стриангей. Екі жақтың да әскері өз елдеріне қарай кері бұрды. Бұл Заринаның жеке басын бақытсыз ету арқылы еліне әперген бақыты еді! Сүйгені үшін қосағын құрбандыққа қиған, бірақ халқы үшін сүйіктісінен бас тартқан сақ қызы Зарина біз үшін арулардың тәңірісі де, тәкаппары да, үлгісі де болды, бола да бермек!

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 789 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: