10:05
Әлеуметтің әлегі

БАЛАЛАР БАЗЫНАСЫ

Жаймашуақ жаз басталысымен қызықты да қасиетті бала біткеннің алтын-күміске бергісіз қайталанбас демалыс маусымы басталып, жадыралы жаздың шымылдығы түрілгенше жалғасады. Ойын қызығына мейілінше берілген олардың таппайтын ермегі жоқ. Баспайтын жері қалмайды. Қала баласы ауылға баруға асық, ал ауыл баласы қалаға кетумен әлек.

Қалада балалардың жазғы демалысын қызықты өткізуге барлық жағдайлар жасалады ғой. Ал ауылда демалысын өткізіп жүрген балдырған-бүлдіршіндер үшін сондай жағдайдың көңілден шығатындай болуы әр қилы.

Басқасы басқа, ал Бесқарағай ауылында осынау мәселе оңтайлы шешіліп жүр деп айтуға ауыз бара бермейді. Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде жұмыс істейтін «Айналайын» шағын орталығында бала бақша жасындағы балалар тәрбиеленеді. Есесіне маусым айы бойы мектеп жанындағы «Күншуақ» атты жазғы демалу-сауықтыру лагерін бастауыш һәм орта буында оқитын бірнеше бала таңнан түске дейін демалады.

Таза ауаға шығып, ойын қызығына күмп беретін балғын-балалар үшін арнайы ойын алаңшығының болмауы көңілге кәдімгідей кірбің түсіреді. Тағы да өткен-кеткен күндерге көз сүзуге мәжбүрміз. Кезінде, бала бақша болған шақта, оның ауласында тәрбиеленушілерге арналған майда, жұмсақ сары құм төселген һәм үстінде саңырауқұлақ пішіндес күркесі бар ойын алаңшықтары, әткеншектері, жоғарыдан төменге қарай сырғитын балалар алаңдары, ішінде тұрып та, жүріп те, отырып та ойын қызығына кіріп, асыр салуға болатын жан-жағынан таза ауа үрлейтін шағын үйшіктері болғаны әлі көз алдымызда. Ал қазір ше?

Мектеп алдында дене шынықтыруға, алғашқы әскери дайындық бойынша жігер-шымырлылықты дамытуға деп арналған, кезінде темірден тұрғызылп, түрлі түсті бояумен сырланған спорт алаңшығы бар. Десе де ол кішкентай балалардың ойнауына, шыны керек, еш лайықталмаған. Не сол тұста сары құм да қоршалып төселмеген. Қарапайым әткеншек те қойылмаған. Әйтеуір асфальт жолдын аржағында орын тепкен һәм шаңы бұрқырап, шөбі аяқты матаған шағын футбол алаңын қанағат етуге мәжбүр.

Шағын футбол демекші, бесқарағайлық балалар «өзге ауылдағыдай бізде неге жан-жағы қоршалған, жасанды жасыл алаңы төселген, тұс-тұсынан жарық өткізілген шағын футбол алаңы неге жоқ» деп налумен келеді. Сондайма сұрақты төтесінен қойып қалғанда, жөппелдемеде не деп жауап беруге қиналасың.

Не керек, айта берсек, жаза түссек балалар базынасы бітпес. Олай болса, таза ауада балалардың ойынауына арналған алаңдарды тұрғызуға бағытталған оңтайлы бір жол табылса деген қарапайым ғана өтініш бар. Сіз қалай ойлайсыз, қадірменді оқырман?            

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 713 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: