13:29
Лебяжі ауданының құрылғанына - 75 жыл!

МЕНІ БАҚЫТТЫ ЕТКЕН ТУҒАН ӨЛКЕМ!

Әлқисса, жыл басынан бері айтудай-ақ айтылып, жазудай-ақ жазылып келген Лебяжі ауданының жетпіс бес жылдық мерейтойының шарықтау биігіне де қол жеткіздік. Аймақтың даму тарихында ойып тұрып орын алатын осынау ауданның бағындырған белестері һәм асқарлаған асулары бір төбе. Ерен еңбектің таптырмас та қайталанбас үлгісін танытқан нар тұлғалар да жетерлік. Бір емес, бірнеше томды құрайтындай-ақ тарихи-танымдық кітап жазуға әбден болады ғой, шіркін!

Аптаның қасиетті күні жұмада Аққудағы Мәдениет үйінің алдында сән-салтанатпен киінген адам қарасы аз болмады. Әрбірінің жүзі алтын Күннің жаймашуақ сәулесімен нұрланды. Шатыр түрінде тігілген орындарда дәм-тұзға толы қазақы дастарқан жайылып, келген мейман-қонақтарға құрмет-қошемет көрсетілді. Мәдениет ошағының кең де жарық кіреберісінде орнатылған түрлі түсті теледидардан аудан тарихынан сыр шерткен танымдық деректі фильм көрсетілді. Сонымен бірге Лебяжі ауданының «Қазақстан – 2050 стратегиясының естелік пойызы» атты балалар спортының даму жобасы 2050 жылға дейінгі аудан оқушыларының лебяжілік батырлар есімімен тәрбиелеуді анықтайтын көзді бірден тартқан ерекше көрме тұтастай бір қабырғаны алды. Бірегей жобаның авторы болып Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері, аққулық азамат Т.Кенжеғалиев болып табылады. Шыныланған шкафтарда үйлесімтауып орналасқан кубоктар және дипломдар аудан дамуына үлес қосқан біртуар тұлғалардың бейнелерімен асқақтады. Жоба авторы Тоқтамыс Жәнібекұлы зер салып тамашалаған қонақтарға жүзеге асырылп жатқан осынау игі жұмыс хақында әңгімелеуден жалықпады. Оның үстіне қайсыбірімен естелік фотосуретке түсуден де бас тартпады. Асылында, азаматтық мәрттіктің нағыз адами үлгісін танытты дерсің.

Көз сүріндірер тамаша дүниелер Мәдениет үйінің оң қанатындағы ұзын дәлізде орын тепті. Айталық, жуырда Жабағылыда өткен Әйтей батыр баба асында жылжымалы көрмені көрсетуімен таналып қалған Анар Әубәкір бұл жолы да арнайы келіп, небір керемет сурет туындыларының түпнұсқаларын қабырғаға іліп, оларды тамсана тамашалаған халықтың шынайы ықыласына бөленсе, лебяжілік сазгер Назымбек Дүкенбайдың шығармашылығын танытқан көрме, жоғарыда әңгіме болған Т.Кенжеғалиевтің жобасының нәтиежелерін анықтаған спорттық жүлделер көрмесі, Ұлы Отан соғысы жылдарында ерлігімен ерендеген атақты жерлесіміз Әбілқайыр Баймолдиннің сұрапыл соғыс жылдарында пайдаланған заттары, қазба жұмыстары кезінде аудан жерінен табылған ежелгі жәдігерлер қойылған заттар көрмесі, олардан әріректеу орын тепкен қолданбалы өнер бұйымдары, хакім Абайдың шығармашылығын танытқан панорама һәм тағы басқалары өткен-кеткендерді бей-жай қалдырмады.

«Мені бақытты еткен туған өлкем!» деген тақырыптық пано орнатылған сахна төріне шақырылған аудан әкімі А.Құрманова қазақ және орыс тілін алмакезек түрде қолданған мерейтойлық баяндамасында Лебяжі ауданының тарихының кейбір маңызды тұстарына тоқталды. Әсіресе Ұлы Отан соғысы кезінде ерекше ерлік көрсеткен, тылда таптырмас еңбек еткен лебяжілік тұлғаларды айырықша атады. Әсіресе, даңққа бөленген Әбілқайыр Баймолдинді, Сембай Қалиевті, ауған жерінде ерлігімен танылған Серік Хамзинді үлгі тұтты. Салтанатты кештен сәл бұрын Аққу ауылының бір көшесіне Невель қаласының есімі берілді. Тың игеру кезінде ауданға қоныс аударғандардың, одан кейінгілердің қайраткерліктерін сөз еткен Айзада Амангелдіқызы әсіресе қой өсіруде аудан атын аспандатқан асыл шопандар әрі Социалистік Еңбек Ерлері Бесқарағай ауылынан шыққан Жанпейіс Сыздықовты, Балғабай Оспановты, Жұмабек Жанғожинді, Қарақала ауылынан шыққан Шарбақбаевтарды ерекше атап өтті. Сонымен бірге биязы жүнді солтүстік меринос қой тұқымын өсіруді ғылыми тұрғыдан тұжырымдаған ғалымдар К.Әшімбетовтің, А.Құсайыновтың есімдері ескерілді. Ауданның осынау өрлеуіне өлшеусіз үлес қосқан басқа нар тұлғалар аудан әкімінің баяндамасында ойып тұрып, өз заңды орнын алды. Тәуелсіздік таңынан бері қарай ауданның іргесін тіктеуге атсалысқан лебяжіліктер де назардан тыс қалмады. Солардың ішінде ауданның еркін күресін асқарлатқан Н.Оразалиновтың шоқтығы биік болды.

Марапаттау салтанатында еліміздің құрметті қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламентінде сан жылдар қажырлы қызмет еткен жерлесіміз Тито Сыздықовқа «Лебяжі ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді де кеудесіне арнайы медаль тағылды. Сонымен бірге әр жылдары осынау құрметті атаққа қол жеткізген лебяжілік тұлғалардың әрбіріне мерейтойлық естелік сый-сияпат көрсетілді. Сол күні тұңғыш рет «Лебяжі ауданының Құрмет грамотасы» табысты еңбегімен танылып жүрген бірнеше еңбеккерлерге Айзада Амангелдіқызы өз қолымен табыстады. Оларға деген көрермендердің қошемет-құрметінде шек болмады.

Сахна төріне Лебяжі ауданын әр жылдары іскерлік таныта басқарған басшылар шақырылды. Олардың ішінде өз алдына сөз алған қазіргі таңда Павлодар облысы әкімі орынбасары Н.Әшімбетов кезінде өзі әкім болған кездерді сағынышпен еске алды. Үзеңгі қағыстырып қызметтес болған тұлғаларға деген шексіз ризашылығын мінберден жеткізді. В.Федотов та, Т.Мүбараков та өз сөздерінде басшылық қылған мезеттерін еске алып, ауданның қазіргі дамуына сәттілік тіледі.

Үлкен құрметпен сахнаға көтерілген ғалым, академик, қоғам қайраткері Ғарифолла Есім мен жаңа ғана «Лебяжі ауданының Құрметті азаматы» атанған еліміздің құрметті қоғам қайраткері Тито Сыздықов екеуара жарасымды қалжындасып, кіндік қандары тамған Лебяжі ауданына деген адами-азаматтық тағзым жасай отыра, өз тараптарынан қосқан қомақты үлестерін қарапайымдылық көрсете айтып, өскелең ұрпаққа ауданның дамуына келгенде еш аянып қалмауға бір адамдай шақырды.

Сахнаға шыққан Н.Оразалинов көрермендерді бір серпілтіп тастады. Нұрлан Қабыкенұлы іскерлік қабілеті арқасында өзі жетекшілік еткен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жетістіктеріне шолу жасап, еркін күрестен ауданымыздың намысын қорғап, түрлі деңгейдегі жүлделерге қол жеткізген спорт шеберлерін мақтанышпен атады. Жуырда ғана Шығыс Еуропадағы Сербия мемлекетінің Белград қаласында еркін күрестен ардагерлер арасында өткен әлем біріншілігінде қола жүлдеге ие болған Н.Оразалинов осынау додада басынан кешкен жекпе-жектер турасында қызықты әңгіме өрбітті. Соңында өсахнаға өзімен алып шыққа бір бума мадақтамаларды аудан әкімі А.Құрмановаға аудан мұражайына естелік сыйлық ретінде табыстады.

Іргелес не шалғай жатқан аудан әкімдері, тіпті Шығыс Қазақстан облысына қарасты Бесқарағай ауданы әкімі жолдаған құттықтаулары да салтанатты сахна төрінен ел-жұртқа паш етілді.

Осынау мерейтойлық салтанатты концерттік бағдарлама әрлей түсті. Арнайы шақырылған аймақ орталығындағы «Шаңырақ» ұлттық сазды-фольклорлық ансамблі тамсандырған әндерін, құйқылжыған күйлерін ілтипатпен сыйласа, би өнерімен аймақ-аудан көлемінде танылып үлгерген «Нұрдана» би ансамблі мың бұралған билерін тарту етті, айтыста да, әншілікте де қасиетті қара домбырамен танылып жүрген Есім Бейбітхан ән шырқады, кішкентай бүрдіршін Ақбота Шәкім үлкен сахна төрінен қазақ ақыны К.Ахметованың «Мен – қазақпын!» өлеңінен үзінділерді нақышына келтіре жатқан мәнерлеп оқып, шексіз қошеметке бөленді. Көпшілікке танымал әрі Малыбай ауылынан шыққан жас әнші Елдана Дүйсенова да, жерлесіміз Назымбек Сейітов те тамаша ән орындады. Аудандық «Айналайын» халықтық ансамблі де өнер көрсетуден аянып қалмады. Сонау Алматыдан ұшақпен арнайы келген, қазіргі таңда көпшіліктің көмейінде не ұялы телефондарда ұдайы шырқалып жүрген «Вокзалда қауышқан қыз» хитімен жұлдызға айналған жас та дарынды әнші Серік Ибрагимов саксофонның сүйемелдеуімен қатарынан бірнеше ән шырқап, Лебяжі ауданының жетпіс бес жылдық мерейтойын шарықтатып жіберді.

Асылында, «Мені бақытты еткен туған өлкем!» салтанаты әрбір лебяжілік пен келген қонақтың жүрегінде ұзағынан сақталатын қайталанбас әсер қалдырды.            

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ[i]

Аққу ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

 

[i] Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, №3741-мүшелік билет

Просмотров: 888 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: